15 Наурыз, 2017

Өзекті тақырып ортаға салынған отырыс

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сенатта Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің басшысы Сергей Плотниковтың төрағалық етуімен «Су ресурстарын пайдалануды, оның ішінде шекарааралық өзендер мәселелерін заңнамалық тұрғыдан реттеу» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болды. Шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Сергей Громов тыңдауды аша келіп, еліміздің халқын сумен қамтамасыз ету күрделі әрі оны шешудің тиімді жолдарын талап ететін міндет екенін атап өтті. Төрағаның орынбасары Қазақстан аумағының сумен қамтамасыз етілуі Еуразия құрлығындағы елдер үшін аса маңызды екеніне назар аударды. Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында су ресурстарына зәрулік ХХІ ғасырдағы жаһандық он қатердің қатарында атап өтілген болатын. С. Громов су шаруашылығы қызметін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жө­нінде Парламент жүйелі жұмыстар атқарып келе жатқанын еске салды. Атап айтқанда, экологиялық қауіпсіз, әрі суды пай­даланудың оңтайлы экономикалық дең­гейіне қол жеткізу мен оны қолдау және су қорын қорғауға бағытталған су заңна­масы жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. Сенат Төрағасының орынбасары талқы­ланып отырған мәселе әлеуметтік-эконо­микалық және саяси ерекше мәнге ие, әрі халықтың әл-ауқатының маңызды көрсет­кіштерінің бірі, деп түйіндеді сөзін. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев Су кодек­сінің негізгі ережелерін іске асыру, суды пайдалану жүйесін жетілдіру және су ресурстарын қорғау мәселелері туралы депу­таттарды хабардар етті. Баяндамашы су саласына қатысты құрылыстардың қауіп­сіздігіне егжей-тегжейлі тоқталып, 2018 жылы бөгеттердің қауіпсіздігі туралы заң жобасын әзірлеу көзделіп отырғанын атап өтті. Е.Нысанбаев суды пайдалану жә­не шекарааралық өзендерді қорғау мәсе­лелерін реттеу туралы да айтты. Министр­дің орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда шекарааралық өзендердің суын бөлісу жөніндегі ҚХР-дан басқа іргелес мемлекеттермен уағдаластықтар бар. Бұл олқылықты түзету үшін Қазақстан мен Қытай арасында екіжақты келісім әзір­лейтін арнайы жұмыс тобы құрылды. Аймақ­тағы су ресурстарын пайдалану мәсе­ле­лерін реттеу үшін Орталық Азия елдері­мен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дөңгелек үстел барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурс­тары жөніндегі комитетінің төрағасы Ис­лам Әбішев, Инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық жөнін­дегі комитетінің төрағасы Мархабат Жайым­бетов, «Қазақстан су арнасы» сумен қамтамасыз ету және су бұру кәсіпорындары ассоциациясының прези­денті Валерий Сюндюков, «География инс­титуты» ЖШС директоры Ахметкал Медеу, Халықаралық «Аралды құтқару қоры» директорының орынбасары Әмір­хан Кеншимов, Орталық Азиядағы мемле­кетаралық су шаруашылығын үйлес­тіру комиссиясының ғылыми-ақпарат­тық орталығы бөлімшесінің директоры Нариман Қыпшақбаев сөз сөйледі. Се­наторлар Дариға Назарбаева мен Қуаныш Айтаханов талқыланып отырған мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды. Талқылауды қорытындылай келіп, С.Плотников отырыста пайдалы әрі нәтижелі әңгіме өрістегенін айтты. Ше­ка­рааралық өзендердегі суды пайдалану және оны реттеуге байланысты бір­қатар өзекті мәселелер талқыланды. Пікір­сайыс барысында айтылған ұсыныс­тар тиісті мемлекеттік органдарға жібері­летін ұсынымдарға қосылады және Пар­ла­менттің заң шығару жұмыстары барысын­да пайдаланылады, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.