13 Қыркүйек, 2011

Әзірлік ойдағыдай

318 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Каспий теңізі жағалауында орналасқан Оймаша полигонына Қазақстанның әртүрлі гарнизондарынан қару-жарақ пен  әскери техника тиелген эшелондар келді. Мұнда  Қазақстанның батысында қыркүйек айының соңғы декадасында ірі көлемді бірлескен «Орталық-2011» стратегиялық жаттығуы өтеді. Қазақстандағы полигонда өтетін жаттығумен қоса, Ресей Федерациясының Астрахань облысындағы Ашулук полигонында  да әскерлердің  іс-қимылдары жүзеге асырылады. Қазақстан мен Ресей  әскери контингенттерімен бір сапта беларусь және украин бөлімшелері де жаттығудың аталған кезеңіне қатысатын болады. «Орталық-2011» жаттығуына Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Тәжікстан, Қырғызстан және Украина қарулы күштерінің  басқару органдары мен құралымдары және бөлімдері тартылған. Ал ол төрт елдің аумағында өтеді: Ашулук пен Оймаша полигондарынан басқа оқу-жаттығу қимылдары Қырғызстанның Подгорное және Тәжікстанның Ляур полигондарында жалғасын таппақ. Аталған екі мемлекетте «Орталық-2011» стратегиялық жаттығуы шеңберінде ҰҚШҰ Жедел әрекет ету ұжымдық күштері мен Орталық Азия аумағының Жедел өрістету ұжымдық күштері құрамы бөлімдерінің тартылуымен жаттығулар өткізіледі. Қазақстан Қарулы Күштері жаттығулардың барлығына да тартылып, өз үлестерін қосады. Жаттығуға басшылық Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Орталық әскери округінің штабы орналасқан Екатеринбург қаласынан жасалады. Біріккен штабтың құрамына кіретін қазақстандық жедел басқару тобының офицерлерін Штабтар бастықтары комитеті төрағасының орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеев басқарады, деп хабарлады ҚР ҚМ баспасөз қызметі.