17 Наурыз, 2017

Бірінші Парламентіміз заң қабылдай алмады - Елбасы

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев журналистермен кездесуінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жағдайды еске алды.

"Бірінші Парламентіміз 1992 жылы сайланды. Ол коммунистік парламент болды. Себебі адамдардың Кеңес үкіметінде қалыптасқан ой-санасы сол жүйеде болды. Ол кезде қазіргі жағдайды білмедің деп те ешкімді кінәлауға болмайды. Бірақ, бізге бұрынғы жағдайды артта қалдырып, нарыққа өту керек болды. Сол кезде біз ешбір заң қабылдай алмадық. Парламентіміз заң қабылдау керек болды. Бірақ, қабылдамады. Түсінбеді.

Мен келіп, Парламентте отырып, әрбір заңды түсіндірдім. Неге олай жасау керектігімізді, баптар туралы бәрін айттым. Тіпті, олар қорықты десек те болады. Қорыққандықтан қабылдағысы келмеді. Жекешелендіру туралы айтсақ, оны қалай береміз деп ойбай салды. Сондықтан, сол жерде парламентті таратуға тура келді. Содан кейін жауапкершіліктің барлығын Президент өзіне алуға тура келді.

Сол кезде мен 147 заң күші бар жарлыққа қол қойдым. Бұл жарлықтарда нарықтық экономикаға қажетті  орта және шағын бизнес, жекешелендіру, инвестиция мәселелері қаралды. Тек соның арқасында ғана ТМД-ның басқа елдерінің алдына түстік. Тек соның арқасында ғана біз ТМД-ның алдына түстік. Президенттік билік бүгінгі жетістіктерге жетуімізге септігін тигізді", деді Елбасы.

Сонымен қатар, Президент өзінің осы уақыт аралығында диктаторға да, автократқа да айналмағанын, бірақ қажет кезде қаталдық танытқанын айтты.

"Қаталдық болды. Себебі, барлық қабылданған бағдарламалар мен жұмыстардың орындалуын, оның нәтижесін бақыладым. Міне, 25 жылда осындай нәтижеге жетіп отырмыз. Қазір кедейлік азайды, еңбекақы артты. Қазақстан қазір өзгергендіктен, өкілеттіктерді бөлу қажеттілігі туды. Мысалы, мен бұрынғы Конституция бойынша заң қабылдайтынмын немесе экономикалық бағдарламаларды мен бекітетінмін. Заң қабылдау Парламентке берілді. Ал бағдарламаларды Үкімет дайындасын, өзі қабылдасын да өзі бақыласын. Жауапкершілікті мойнына алсын. Билік бір адамның төңірегінде болмауы керек. Бұл заман талабы", деді Президент. Елбасы Қазақстанда Президенттік биліктің қалатынын айтып, Конституциялық өзгерістер уақытымен болып жатқанын және ол елімізге қызмет ететінін жеткізді.