18 Наурыз, 2017

Ел үшін маңызды құжаттар Ереванда талқыланды

120 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жуырда Ереван Мемлекеттік университетінде Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын насихаттауға және еліміздегі конституциялық реформалар тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Дөңгелек үстелге Армения пар­ламенті­нің депутаттары, мем­лекеттік орган­дары­ның қыз­мет­керлері, академиялық, сарап­­шы­лық және іскерлік ортаның белді тұлғалары, бұқаралық ақпарат құрал­­дарының өкілдері қатысты. Алдағы сәуір айында Арменияда парламенттік сайлау өтетінін, сонымен қатар, ел конституция­сына енгізілген өзгерістер бойынша бұл елдің парламенттік басқаруға көшетінін ескерсек, дөңгелек үстел тақырыбы өзекті болғаны түсінікті. Басқосудың беташарында Қазақ­стан­ның Армениядағы ел­шісі Тимур Ора­заев сөз алып, қатысу­шыларға еліміздің сыртқы және ішкі саясаты туралы, оның негізгі бағыттары жөнінде баяндады. Ел экономикасын кешенді жетілдіру, жаһан­дық бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін қолға алынған жұмыстар барысы туралы айтты. Армения парламентінің де­путаты А.Бабуханян өз сөзінде саяси, эко­номикалық салалардағы жос­пар­лар мен оны іс жүзіне асыруда Қазақ­станда оң үрдіс қалыптасқанын тілге тиек етті. Депутат­тың пайымдауынша, Н.Назарбаевтың Жол­дауында көрсетілген бастамалар тек Қазақстан үшін ғана емес, жаһандық талаптармен бетпе-бет келіп отырған басқа да дамушы елдер үшін маңызды болып табылады. Армения Әкімшілік сотының төрағасы К.Матевосян Қазақсанның мемлекет­тік басқару жүйесіндегі өзгерістердің уақтылы қолға алынғанын әрі оның оң нәтиже беретінін атап өтті. Жиын соңында қатысушыларға Конс­титуцияға енгізілген өзгерістер мен Ел­басы Жолдауының армян тіліне тәржі­маланған мәтіні, Қазақ­стан туралы ақ­параттар топтасты­рылған басқа да кітап­тар мен материалдар таратылды.