18 Наурыз, 2017

Тараз тауарлары Ақтөбеге жол тартты

217 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өңіраралық ынтымақ­тас­тықты нығайту аймақтар арасында бәсекелестікті дамытып қана қоймай, өз кезегінде тауар өндірушілердің де тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік туғы­зады. Әрі өндірілген тауарларды қолжетімді бағамен халық игілігіне ұсыну да екіжақты экономикалық, әлеуметтік бай­ланыстарды нығайтып, қалып­тастырады. Осы мақсатта таяуда Жамбыл облысынан азық-түлік тиелген автокеруен Ақтөбе қаласына жол тартты. Жамбылдық тауар өндірушілер өз өнімдерін 18-19 наурыз күндері арнайы ұйым­дастырылған жәрмеңкеде Ақтөбе халқына саудалайтын болады. Ауылшаруашылық жәрмең­кесінде жалпы құны 105,5 миллион теңгені құрайтын 177 тоннадан астам ауылшаруашылық тауарлары ұсынылады. Оның ішінде 25 тоннаға жуық жылқы, тауық, шошқа еті өнімдері, 10 тонна шұжық өнімдері, 13 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмырт­қа, 1,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 6 тонна макарон өнімдері, сондай-ақ, 10 тонна қант, 0,5 тонна тұз, 7 тонна балық, 2 тонна бал және 80 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Жәрмеңкеде ұсы­нылатын тауар бағалары нарық бағасынан 8-20 пайызға төмен болады деп жоспарланып отыр. Бұл да тұрғындар арасында қолже­тімділікті арттырып, баға тұрақтылығын сақтауға оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы