18 Наурыз, 2017

Жетімдерді жебейтін орталық

245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өткен жылдың маусым айынан бастап Көкшетау қаласында "Ана үйі" аталатын балаларды асырап алу орталығы жұмыс істей бастаған болатын. Содан бергі уақытта аталған орталық балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген 14 жеткіншекке асырап алушы отбасын тауып берген. Негізінен «Балаларды асырап алу орталығы» жобасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, жергілікті атқа­рушы органдардың және БАҚ-тың қолдауымен қазақстандық кә­сіп­­керлер тарапынан қолға алын­ған-ды. «Баланың толық­қанды және әлеуметтік жақсы жағдайда дамуының басты шарты – отбасылық береке. Біздер үшін баланың отбасында тәрбие­ленуі өте маңызды», дейді «Ана үйі» қызметкері Құралай Жұма­бекова. Жоба шеңберінде облыс бойынша тұрақты негізде қабылдап алатын ата-аналар мектебі жұмыс істеуде. Онда асы­рап алушылар үшін Қазақстан жағдайына ың­ғайланып алынған халықаралық тәжірибеге негіз­делген тренингтік бағдарламалар өткізіліп, психолог-тренерлер дәріс береді. Негізінен 12 мо­дульден (әрқайсысы 3 сағат­тан) тұратын бағдарлама асырап алушы ата-аналарға бүлдір­шін­дерді балалар үйінен алу кезінде салмақты да саналы шешім қабылдауға мүмкіндік туғы­зады. Болашақ асырап алушы ата-аналар медицина, құқық, педагогика және психология саласының базалық білігін игереді, яғни, баланың отбасылық жағдайды қабылдау ерекшелігін, тиімді тәрбиелеуді және бала күтуді үйренеді. Мек­тептің қысқа уақыт жұмыс істеуі кезеңінде 18 отбасы оқытудан өтіп, оның 11-і балаларды өз отбасыларына қабылдап алды. Реті келгенде айта кету керек, үстіміздегі жылдың қаңтарынан бас­тап «Пат­ронаттық үй» отбасылық құ­рылым түрі жұмыс істей бастады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы