Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында Ақмола облысы үкіметтік емес ұйымдарының V форумы болып, Қазақстан Республикасында 2006–2011 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту тұғырнамасының орындалу барысы, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік органдармен байланысын одан әрі нығайту мәселелері талқыланды және атқарылған істер қорытындыланды.
Мәжілісте баяндама жасаған облыс әкімі Сергей Дьяченко Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған форумның маңыздылығын азаматтық институттардың қоғамдағы қозғаушы күшке айналғандығымен байланыстырды. Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев осынау бұқаралық ұйымды дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті екендігін атап көрсетті. Белсенді құрылымдарға арнайы қаржы мен гранттар бөлініп, мәртебелі істерге жол ашылды. Ақмола өңірінде қазіргі таңда 465 үкіметтік емес ұйым жұмыс атқаруда. Мемлекет басшысының Жарлығымен қабылданған тұғырнамалық міндеттерді атқару үшін 2006–2011 жылдар аралығында облыс 103,5 миллион теңгені игілікке жаратты. Ал, биыл облыс бюджетінен бөлінген қаржы 60 пайызға артып отыр.
Форумда халықаралық ақпараттандыру академиясының бірінші вице-президенті Алексей Цеховойдың, «Шоқан жолдары» және «Прометей» қоғамдық қорларының жетекшілері Раушан Көшенова мен Олжас Сыздықовтың, Аршалы ауданындағы «Ақбота» бірлестігінің басшысы Татьяна Немцанның, «Парасат және діл» ұйымының төрайымы Құралай Мұтанованың азаматтық қоғам құрудағы табыстары мен алдағы міндеттер туралы пікірлері қызу талқыланды.
Бұдан кейін облыстық «Жігер» байқауының жеңімпаздары анықталып, сегіз атау бойынша үздіктерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Жеке белсенділер де республикалық ведомстволардың, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Жиынға қатысушылар Ақмола облысы үкіметтік емес ұйымдарының әлеуметтік идеялар мен жаңа жобалар жәрмеңкесін тамашалап, салалық үш алаңдағы шебер сыныптардан дәріс алды.
Басқосуда алдағы республикалық форумға делегаттар сайланды.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.