Араб елдері Палестина автономиясының 20 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында ұсынылуы ықтимал тәуелсіздік беру туралы тапсырысын қолдайды. Бұл туралы Катар премьер-министрі Хамад бин Жасим әл-Таниге сілтеме жасай отырып, «Әл-Жазира» телеарнасы хабарлады.
Әл-Танидің сөзіне қарағанда, Араб мемлекеттерінің лигасы (АМЛ) астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз Палестина мемлекетін құру туралы жоспарды қолдамақ. Бұған дейін АҚШ президенті Барак Обама егер палестиналықтар БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тәуелсіздік беру туралы талаппен шыққан жағдайда Құрама Штаттар вето құқын пайдаланатынын мәлімдеген еді. Ал аталған мәселеде ЕО елдері әзірше нақты бір ұстанымға келе қойған жоқ.
ӘСКЕРИ ҚЫЛМЫСТЫ ДЕГЕН КҮДІК БІЛДІРДІ
Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Ливияның Ұлттық өтпелі кеңесіне (ҰӨК) әскери қылмыс жасады деген күдік білдірді. Ұйымның сайтында 107 беттен тұратын баяндама жарияланса, онда ҰӨК-тің үстіміздегі жылдың сәуір – шілде айлары аралығында жасаған қылмыстары санамаланыпты.
Атап айтқанда, баяндамада Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафидің ондаған жақтастары өлтірілгені, сондай-ақ үкімет әскерлерінің тұтқынға алынған көптеген солдаттары азапталғаны көлденең тартылады. Сонымен қатар, Сахараның солтүстігіндегі африкалық тайпалар өкілдеріне қатысты ксенофобияға барды деп айыптайды. Баяндамада атап көрсетілгеніндей, ливиялықтар қара нәсілділерге шабуыл жасап, оларды тонаумен айналысқан.
ЕУРОПАҒА ГАЗ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛУЫ МҮМКІН
Еуроодақ Әзербайжанмен және Түркіменстанмен Транскаспий газ құбыры құрылысын бастау туралы келіссөз жүргізуге келісіп отыр. Аталған құбыр мен отын Каспий теңізінің қайраңы арқылы Еуропа елдеріне жеткізілуі тиіс.
Бакумен және Ашғабадпен келіссөздерді ЕО-ға мүше барлық 27 мемлекет атынан Еурокомиссия жүргізеді деп белгіленген. «Интерфакстің» атап көрсеткеніндей, ЕО инфрақұрылымдық жоба бойынша келісім жасасуды алғаш рет ұсынып отыр. Егер жоба жүзеге аса қалған жағдайда Транскаспий газ құбыры Оңтүстік дәліз делінетіннің бір бөлшегі болуы тиіс. ЕО-дағылар осылайша Ресей газына деген тәуелділікті төмендетпек.
ПРЕЗИДЕНТТІКТЕН ҮМІТКЕР САНЫ АЗАЙДЫ
Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы өткен аптаның соңында президенттік сайлауға қатысушыларды қолдап, қол қойған қағаздарды қабылдауды аяқтады. ОСК-ге қол жиған қағаздарын республика басшылығынан үміткерлердің тек 37-сі ғана тапсырып үлгерген.
Осы аралықта кандидаттардың 4-еуі мемлекеттік тілді білуден тапсырған сынақтан өте алмаған. Сөйтіп, президенттікке таласты 33 адам жалғастыратын болды. Осылайша әуелгі осындай ниеттегілердің 50-і «кеме сыртында» қалды. Оның үстіне президенттік жарыстан «Ел-жұрт» партиясының серкесі Кубанычбек Апас та шығып қалатын секілді. Өйткені, ол жинаған қол 30 мыңға жетпейді екен.
ЛАҢКЕСТЕР ДЕГЕН АЙЫП ТАҒЫЛДЫ
Иордан өзенінің Батыс жағалауында іс-қимыл танытып жүрген Израиль экстремистеріне лаңкестер деген айып тағылды. Өйткені, олар өңірдегі араб тұрғындарына қарсы жекелеген акциялардан жоспарланған іс-әрекеттерге көшкен. Солардың бірі – белгілі бір мақсатта ақпарат жинау.
Мәселен, өткен аптада радикалды пиғылдағы израильдік қоныстанушылар бірден бірнеше акция ұйымдастырған. Олар арабтың Кусра елді мекенінде мешітті өртеп, Ятма ауылындағы және Бир-Зейт қалашығындағы мешіттер қабырғаларына ар-намысқа тиетін сөздер жазған. Сондай-ақ палестиналықтардың иелігіндегі ауыл шаруашылығы жерлерін бүлдірген.
ТЕРРОРҒА ҚАРСЫ ПИКЕТТІ БОЛДЫРМАДЫ
Ташкентте терроризмді айыптаған ұранмен пикет ұйымдастырмақшы болған құқық қорғаушы Абдулло Тоджибай қамауға алынған. Ол өзінің акциясын 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-та жасалған қанқұйлы лаңкестіктің 10 жылдығына орайластырып ұйымдастырмақ екен.
Соның алдында құқық қорғаушы интернет арқылы жақтастарын өзі ұйымдастыратын акцияға қатысуға шақырыпты. 11-і күні таңертең белгіленген жер – «Ерлік» монументі жанына келген кезде оны милиция қызметкерлері күтіп тұрса керек. Сөйтіп, ол бірден қамауға алыныпты. Билік құқық қорғаушының әрекетінен астарлы меңзеу іздеп тапқан секілді.
Қысқа қайырып айтқанда:
Түркия премьер-министрі Реджеп Тайып Эрдоған өз елінің Таяу Шығыста және Араб әлемінде көшбасшы мемлекет болу ниеті бар екенін мәлімдеді. Осы мақсатта ол бірқатар аталған аймақ елдерін аралап қайтпақ. Ал Газа секторына барудың уақыты әзірше келген жоқ, дейді Р.Эрдоған.
Ирактың шалғайдағы батыс ауданында 22 қажы-шииттің мүрделері табылған. Олардың барлығы атып өлтіріліпті. Қажы-шииттер Ирактың оңтүстігіндегі қасиетті Кербела қаласынан Сирияға бағыт алса керек.
Халықаралық валюта қоры қысқа мерзімде Португалияға 4 миллиард еуро бөлетін болады. Мұндай шешімді ХВҚ-ның атқарушы кеңесі қабылдаған. Жалпы, Португалия ХВҚ мен Еуропа одағынан үш жыл ішінде 78 миллиард еуро алады. Ал жоғарыдағы 4 миллиард еуро ХВҚ уәде берген 27 миллиард еуроның бір бөлігі болып табылады.
Тәжікстанның солтүстігіндегі Чорку елді мекенінде әскери комиссариаттың бастығы Содик Ашуров ұрып өлтірілген. Белгісіз біреулер Ашуровты үйіне қайтып келе жатқанда соққыға жыққан. Әскери комиссариаттың бастығына не үшін шабуыл жасалғаны әзірше белгісіз.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.