14 Қыркүйек, 2011

Мемлекет қайраткерінің мерейтойы келе жатыр

353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әрбір елжанды азамат Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін ерекше ілтипатпен атайды. Димекеңдей дара тұлғаның қазақ үшін орны бөлек. Ендеше, елу жыл ел ағасы атанған қазақтың біртуар ұлының ғасырлық мерейтойы да өз деңгейінде атап өтілуі тиіс. Бұл – Елбасының тұжырымы. Осы мәселеге орай, кеше Қа­зақстан Республикасы Прези­денті­нің Алма­ты­дағы резиден­ция­сында Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Д.А.Қонаев атын­дағы халық­ара­лық қордың басшыларымен кездесті. Кеңесіп пішкен тон келте болмас дегендей, ойласу тұр­ғы­сында өткен басқосуға Д.А.Қо­наев қорының құрметті президенті Сұлтан Жиенбаев, вице-президенті Кеңес Аухадиев, Бас­қарма мүшелері Жаннат Асқа­рова, Болысбек Батталханов, Алма­ты қаласының әкімі Ахметжан Есімов және Президент Әкімші­лі­гі­ Ішкі саясат бөлімінің мең­ге­рушісі Дархан Мыңбай қатысты. Кіл жақсылармен өткен кездесуді аша отырып Қанат Саудабаев: – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанының 100 жыл­ды­ғына дайындық пен оны өт­кізуді лайықты ұйымдастыру ту­ралы тапсырмасына сәйкес, біз бүгін атқарылған жұмыстардың нәтижесін қарап, алдағы ме­рей­тойға дейін қалған уақытта шешілуі қажет мәселелерді талқылауға тиіспіз. Бүгінгі кездесудің қоры­тын­дысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын тікелей іске асыру жөнінде тиісті шешімдер қабылданатын болады, – деді. Ал Қонаевтай дара тұлғаның ғасырлық тойы 2012 жылдың  12 қаңтарында Абай атындағы Қа­зақ мемлекеттік академиялық опе­ра және балет театрында өтетін салтанатты жиыннан бастау алмақ. Мемлекет қайрат­кері­нің өнегелі ғұмыры мерейтойлық жыл аясында жан-жақты ұлық­та­лып, келер ұрпақ алдында ұял­май­тындай насихатталуы үшін қазірдің өзінде бірқатар шаралар қолға алына бастаған. Халықаралық қордың басшы­лары мерейтойға дайындық жұ­мы­сының барысы туралы хабардар ете келіп, қордың Мемлекет басшысының қамқорлығын әр­дайым сезініп отырғанын ерекше атап өтті. Мәселен, Қазақстан Пре­зидентінің 1994 жылдың 24 ақпанындағы «Д.А.Қонаевтың атын мәңгі есте қалдыру туралы» қаулысына сәйкес, Алматы қала­сында мұражай үйі, Шымкент қаласында мұражайы ашылғаны белгілі. Д.А.Қонаевтың есімі өндіріс орындарына, оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарына, Астана, Алматы және еліміздің басқа да қалаларындағы даңғыл­дар мен көшелерге берілді. Осы арада Еуразия кеңіс­ті­гін­дегі бірде-бір елде бұрынғы бас­шы­ларына мемлекеттік деңгейде мұндай музей жасақталмағанын айта кетуге болады. Бұл жерде жеке меншік қорлар мен мұра­жай­лар туралы әңгіме бөлек. Алдымен Қанат Саудабаев кез­десуге қатысушылармен бірге Д.А.Қонаев халықаралық қоры­ның  әкімшілік ғимаратымен және мұражай үйінің жұмы­сы­мен егжей-тегжейлі танысып шық­қанын айта кетелік. Сондай-ақ, кездесу барысында көрнекті мемлекет қайраткерінің тұрған үйін де музейге айналдыру керектігі жөнінде ұйғарым жасалды. Мемлекеттік хатшымен кездесу барысында Д.Қонаевтың 100 жыл­дығын атап өтуге қатысты бас­қа да көптеген мәселелер тал­қыланып, келелі ұсыныстар  ай­тылды. Со­ның ішінде ел аға­сы­ның есімін өзі елімізде іргетасын қалауға ықпал еткен қалалардың біріне беру жөнінде ұсыныс білдірілді. Ғибратты ғұмыр иесінің ме­рей­тойына арнап альбомдар,   фи­льм­дер мен сыйкәделер жасау да ой­ластырылды. Тау тұлғаның та­ғы­лымды өмірі жастарға үлгі болуы үшін мұндай шаралар легі сал­та­нат­ты жиынмен ғана шектелмейді. Айнаш ЕСАЛИ. --------------------------------- Суретті түсірген Айтжан САЛЫҚҰЛЫ.