Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті.
Мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру үшін ауқымды жұмыстар аясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау жүйесінің реформасын жүргізу бағытында одан әрі тиісті шаралар қабылданып жатыр, деді Қанат Саудабаев комиссия отырысын ашардағы сөзінде.
Осылай дей келіп, Мемлекеттік хатшы Елбасының Парламентте сөйлеген сөзіне тоқталып өтті. Дегенмен, деді осы туралы Қ.Саудабаев, Мемлекет басшысы төртінші шақырылымдағы Парламенттің бесінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Құқық қорғау тәртібін нығайтудың маңызды аспектісі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы осы дерттің алғышарттарын болдырмайтын нақты нормалармен толықтыру қажет», деп атап көрсеткен еді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың көріністерімен табысты күресу үшін қысқа мерзім ішінде заңды күші бар нақты да айқын құқықтық нормалар базасын күшейту қажет. Осындай тәсіл Президенттің сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ұстанымдарын іске асыруға сөзсіз мүмкіндік береді.
Отырыста мемлекеттік органдардың көші-қон заңнамасын қолдану жөніндегі қызметіне прокуратура органдарының жүргізген тексеру нәтижелері мен Ақмола және Алматы облыстары әкімдіктерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің аймақтық мәселелерін іске асыруда қабылдап жатқан шаралары бойынша Бас прокурордың бірінші орынбасары И.Меркельдің, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, сондай-ақ аталған облыстардың әкімдері С.Дьяченко мен А.Мұсахановтың баяндамалары тыңдалды.
Отырыстың қорытындысында комиссия Ішкі істер министрлігіне, Ақмола және Алматы облыстарының әкімдеріне халықтың көші-қонын реттеу саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды одан әрі жетілдіру, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру бойынша пәрменді шаралар қабылдау жөнінде нақты ұсынымдар жасады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.