15 Қыркүйек, 2011

«Шіркін Life» жобасы әлі жалғасады

644 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Екібастұздық оқушылар да жаз бойғы демалыстары аяқталып сүйікті мектептеріне оралды. «Әрине, олар осы бір ерекше жоба арқылы демалыстарын қалай өткізгендерін қызыға айтып та жүрген болар. Ағылшын тілінен аударғанда, «LIFE» өмір деген мағынаны білдіреді», – дейді қаладағы «Қайнар» білім беру және бос уақытты өткізу кешені директорының орынбасары Саян Құдайбергенқызы. Осы арада «Жол картасы» бағдарламасы аясында «Қайнар» кешеніне 155 миллион теңге қаржы бөлініп, іші-сыртына түгелдей қайтадан күрделі жөндеу, жаңарту жұмыстары жүргізілгенін айта кетсек дейміз. Оның жанынан ауданы 1680 шаршы метр болатын қосымша ғимараттар салынды. Балалар үшін 200 орынды жиылыс залы, би залы, кафе ашылып, туристік скалодром іске қосылды. Жарқыраған кешен іші заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар, жиһаздармен жабдықталды. Орталықта 60 мұғалім бар. Олар 15 мың баламен жұмыс жасайды, 36 шығармашылық бірлестік, 14 аула клубы, «Балдәурен» атты балалар және жасөспірімдер ұйымы, «Арман – Радость» ән-би хореографиялық ансамбльдері, альпинистік-туристік клубтар, балалар театр ұжымдары жұмыс жасайды. Балалардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, өзінің болашақтағы кәсібін, мамандығын таңдауына, шығармашылықпен еңбек етуіне, қабілет-дарындарын іске асыруларына бұл жерде барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, балалардың қадағалаусыз қалмауларын, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, бос уақыттарын мазмұнды өткізу, азаматтық сана-сезімді өсіріп, патриотизмге, отансүйгіштікке баулу, саламатты өмір салтын қалыптастыру, балалардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру бұл кешенді орталықтың негізгі міндеттері болып табылады. Балалар әр сала бойынша елімізде өтетін барлық байқаулар мен конкурстарға қатысады. Биылғы жылы орталық «Жаз LIFE» аталатын қалалық бағдарлама негізінде жұмыс жасады. Жалпы, ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бағдарлама республикалық «Шіркін LIFE» телебағдарламасы негізінде жүзеге асқан. Фарида БЫҚАЙ. Екібастұз.