Астанада ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ІІІ Ұлттық «Қазақстан миссисі – 2011» конкурсының финалы өтті.
«Сезон» журналы және Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастырған бұл конкурстың мақсаты – ана болуды ұлттық идея ретінде насихаттау, тұрмыстағы әйелдердің рөлі мен мәртебесін көтеру, ең бастысы отбасы құндылықтарын мемлекеттің берік іргетасы ретінде насихаттау. Сондай-ақ, конкурс қоғамның моральдық-адамгершілік ұстанымдарын, бірлік пен келісімді нығайтуға, ұлтты біріктіруге бағытталған.
«Қазақстан миссисі – 2011» конкурсына қатысушыларға қойылатын басты шарттардың бірі – олардың отбасыларының балаларының болуы екендігін және осы шараға орай сатылатын билеттерден түскен қаражат жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге қолдау ретінде балалар үйлеріне жіберілетінін де айта кеткен жөн.
Сонымен Астанада өткен шешуші финалға еліміздің түкпір-түкпірінен, нақтылап айтқанда әр өңірде өткен турларда жеңімпаз атанған 20 әйел қатысты.
Сахнаға топтала шыққан осы әйелдер ең алдымен, жұртшылық алдында өзін-өзі таныстырған болса, бұдан кейін олар өздерінің болмыс-бітімін, интеллектуалдық әлеуетін, талғам-талабын, білім-білігін көрсететін сұрақтарға жауап берді. Нәтижесінде бас жүлдені алматылық, алты баланың анасы Виктория Момынбаева жеңіп алса, бірінші орынды да алматылық бес бала тәрбиелеп отырған ана Ақнұр Жұмабаева иеленді. Ал ІІ орын Семейден келген Ольга Сағындықоваға бұйырды. Бір айта кететін жайт, қазақ тілінде таза сөйлейтін Ольга домбырамен күй тартуда да өзге құрбыларынан оқ бойы озық көрінді.
«Егемен-ақпарат».