Елбасы Ақжайықтағы екі күндік сапарының қорытындысы бойынша осындай түйін жасады
Ақжайыққа жұмыс сапарының екінші күні Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орал қаласында тасқын су зардабына ұшыраған тұрғындар үшін бой көтерген тұрғын үй кешендерімен танысты. Мұндағы бес және тоғыз қабатты тұрғын үйлер арнайы сәулеттік жобаларға сәйкес тұрғызылған.
Біз кеше «Ақжайық адымдары» атты Елбасының өңірге сапары жөнінде жазған есебімізде облыс орталығындағы 500 отбасына арналып тұрғызылған әрі қазір құрылысы аяқталып қалған көп қабатты тұрғын үй кешендері бөлек бір әңгіменің сыбағасы болмақ деген едік. Сол айтылған бөлек әңгімені тарқатып айтудың реті бүгін келіп отыр.
Аталмыш тұрғын үй кешені Орал қаласындағы тұтас бір жаңа шағын ауданды құрайды. Ол қазірдің өзінде «Бесінші шағын аудан» деген атауға ие. Мұнда 240 пәтерлі тоғыз қабатты алғашқы көп пәтерлі үйдің құрылысын мердігерлер арасында бірінші болып «Альтаир» құрылыс компаниясының ұжымы аяқтады. Жаңа нысанды мемлекеттік комиссия қыркүйектің тоғызы күні қабылдап алды. Бұл нысанның алғашқы қазығы биылғы көктемде 26 сәуір күні қаланған. Мемлекеттік комиссия құрылыс сапасына өте жақсы деген баға беріп отыр. Бұған қоса үй жанында абаттандыру мен көркейтіп, көгалдандыру жұмыстары қоса жүргізілген. Үй ауласына көшеттер мен гүлдер егіліп, ол қазірдің өзінде көздің жауын алғандай болып құлпырып тұр. Қалған көп қабатты үйлердің пәтерлері де алдағы қазан айындағы жылыту маусымы басталған күнге дейін өз иелерін таппақ.
Елдің батыс босағасындағы бесінші шағын ауданның болашағы туралы Мемлекет басшысына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов баяндап берді. Алдағы кезде мұнда арнайы жобаға сәйкес әлеуметтік-тұрмыстық нысандар мен мектептер, емхана салынбақ. Сонымен бірге, аталған аудан аумағында Назарбаев интеллектуалдық мектебі ғимаратының құрылысы аяқталып келеді. Бұған тиісті қаражат республикалық бюджеттен бөлінген.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік комиссия қабылдап алған жоғарыда аталған тоғыз қабатты 240 пәтерлі үйдің жанында өңірдегі құрылыс саласының жетекшілерімен емен-жарқын әңгімелесті.
– Бұл үйдің бас мердігері Александр Потиченко мына тұрған азамат, – деп таныстырды Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов Нұрсұлтан Әбішұлына құрылыс тарланын.
– Жарайсың! – деп осы сәтте Мемлекет басшысы оның қолын қысты.
Сондай-ақ кездесуде Орал қаласындағы «ОтделСтрой» құрылыс фирмасы сылақшылар бригадасының бригадирі Меңсұлу Щербакова мен сырлаушылар тобының жетекшісі Ғазиза Айтыманова Елбасыға өздерінің ризашылық пен алғыс сезімдерін білдірді.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, оралдық құрылысшыларға деген сіздің қолдауыңыз бен қамқорлығыңызды сезіну бізді әрдайым үлкен қуанышқа бөлейді. Қиялымызды көкке самғатады. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Облыстан тыс жерден құрылыс салуға бірде-бір кәсіпорын келген жоқ. Бәрін жергілікті мердігерлер атқарды. Бұл жүздеген, мыңдаған осы жердің тұрғындары тиісті тапсырыс алып, қаражат тапты деген сөз. Соған сай отбасы бюджеттерін толықтырғаны да белгілі. Сол үшін де сізге көп рахмет, Нұр-аға! – деді олар.
Қыз Жібектің көшіндей демесек те, өңкей бір қыз-келіншектерден құрылған бригада мүшелеріне арнайы киім үлгілері үстеріне құйып қойғандай жарасып-ақ тұрды. Мұндай ұқыптылық пен тазалық, жинақылық пен құнттылық Елбасының көңілінен шыққаны анық еді. Мына түрлеріңмен би кешіне баруларыңа да болғандай екен, – деп әзіл-шынын араластыра үн қатты Нұрсұлтан Әбішұлы көп ұлт өкілдерінен құралған құрылысшы қыз-келіншектерге.
Орал өңірінде тасқын су зардаптарына ұшыраған тұрғындарға арналған тұрғын үй кешендері өте қысқа уақыттың аралығында бой көтергені белгілі. Әрине, бұл айтуға ғана жеңіл. Өйткені, ол қолды бір бұлғағанда өзгеріп сала беретін сиқыршының таяғы емес. Міне, осы істің бастамашысы да, дем берушісі де ең алдымен Елбасы екеніне осы жерде тағы да көз жеткізе түстік. Өйткені, Мемлекет басшысы Орал өңіріндегі бүкіл құрылыс жұмыстары жаз айлары ішінде бітуі керек деген міндет қойдым деген сөзін шегелей жеткізді. Міне, Елбасы қойған міндет пен талап ойдағыдай орындалып келеді. Бұдан артық нендей мерей, нендей мәртебе болмақ!
Облыстағы құрылыс мамандарымен ой-пікір алмасу барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің екі күндік сапары кезінде көргендері мен көңілге түйгендері туралы да айтып берді. Атап айтқанда, Елбасы тәуелсіздік жылдарында Орал өңірінде болған өзгерістер көңілінен шығатынын жеткізді. Осы аралықта облыста 66 мектеп, 33 балабақша салынып, пайдалануға беріліпті. Салыстырмалы түрде алғанда, кеңестік дәуірде белгілі бір уақыт өлшеміне шаққанда мұндай нәтиже мен көрсеткіш мүлдем болған емес. Осыншама әлеуметтік нысандар бой көтерген жоқ. Мұның өзі, ең алдымен, тәуелсіздіктің жемісі екені кәміл. Сонымен бірге, тәуелсіздік тұсында өңірді толық газдандыру бағдарламасы іске асқанына Мемлекет басшысы көңілі толатынын айтты.
– Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізіп пе едіңіздер? – Бұл сауалды Нұрсұлтан Әбшіұлы Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке қойды. Оған облыс басшысы:
– Иә, Сіз айтқан үлкен межеге жақындап келіп қалдық, – деп жауап қайтарды.
– Мұның өзі үлкен жетістік. Өңірдегі елді мекендер мен ауылдарды түгелге жуық газдандыру шараларын жүргізу арқылы сіздер бұл салада өзге өңірлер мен облыстар арасында көш бастап келесіздер, – деді Президент.
Сапары соңында Елбасы тақырыпқа шығарып отырғанымыздай, облыс жақсы дамып келеді деп түйін жасады.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.