16 Қыркүйек, 2011

Декларация – қоғамды топтастырудағы маңызды құжат

550 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Сенатында спикер Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясының жобасын талқылау бойынша кеңес болды. Кеңеске Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев, Сенат Төрағасының орын­ба­са­ры А.Судьин, Мәжіліс Төрағасы­ның орынбасары Ж.Кә­рі­б­жанов, Президент Әкім­ші­лігі Бас­шы­сының орынбасары Т.До­на­қов, Білім және ғылым министрі Б.Жұ­мағұлов, Байланыс және ақпарат министрі А.Жұма­ға­лиев, Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед, Премьер-Министр Кең­­сесінің Бас­шысы Ғ.Әб­діра­хы­мов, сондай-ақ жұмыс то­бының мү­шелері – Парламент депутаттары қа­тысты. Кеңеске қатысушылар алдын­да­ғы сөзінде Қ.Мәми Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Декларациясын қабыл­дау­ға әзірлік аясындағы бұл кез­десудің маңыздылығын атап өте келіп, осы бастама «Парламент және оның депутаттарының мәр­тебесі туралы» Конституциялық заңының 13-бабына сай екеніне тоқталды. Парламенттің бесінші сессиясының ашылуында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Дек­ларация қабылдау туралы біздің бастамамызға қолдау білдірді. Мем­лекет басшысы атап өткен­дей, ол біздің қоғамымызды топ­тас­тырудағы жаңа маңызды құ­жат болады, деді Қ.Мәми. Сенат Төрағасы құжат бой­ынша пікір алмасу оның мазмұ­нын жақсарта түсуге қызмет ететініне сенім білдірді. Қ.Мәмидің хабарлауынша, құжат жобасында қазіргі заманғы табысты мемлекет құрылысындағы Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрнекті рөлі аталып өтіледі. Мемлекет басшысының жетекшілігімен экономикалық және түбе­гейлі саяси өзгерістер жүзеге асты. Декларация жобасында тәу­ел­сіздіктің алғашқы жылда­рын­да Елбасы белгілеген бағыт­тың өзін-өзі ақтағаны және «Қа­зақстанның даму жолы» ретінде дүние жүзінде мойындалғаны айтылған. Сонымен қатар, спикер Декларацияда халықтың әл-ау­қа­тының арта түсуін және сыртқы қатерлерге орнықтылықты қам­та­ма­сыз еткен экономикалық ре­фор­малардың қорытындылары көр­­сетілгенін, индустриялық-ин­но­вациялық даму, әлеуметтік жаң­ғыру, кадрлар стратегиясы, ең­бек­пен қамту жүйесі сала­ларын­дағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижелеріне ерекше на­зар аударылғанын жеткізді. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік мәсе­ле­леріне де ерекше орын берілгені және Қазақстанның қор­ға­ныс қабілетін нығайту көрс­е­тіл­гені айтылды. Жобада Қазақстан сыртқы сая­си қызметіндегі негізгі басым­дықтар да аталып, еліміздің ха­лықаралық беделді ұйымдар ЕҚЫҰ және ИЫҰ-ға төрағалық етуі мен әлемдік дәстүрлі діндер лидерлері съезін тұрақты өткізіп келе жатқаны айтылғаны белгілі болды. Одан басқа, ядролық қа­ру­ды таратпау, өзара тиімді эко­но­микалық ынтымақтастыққа ба­ғытталған интеграциялық үдеріс­тер­ді дамыту және аймақ пен тұтас әлемдегі қауіпсіздік шара­ла­рын нығайту саласындағы Қа­зақстанның бастамалары жария етілген. Өркендеген егеменді елі­міздің символына айналған елор­да­мыз – Астанаға арнайы орын берілді, деді Төраға. Сөзінің соңында Декларация­ны талқылау және қабылдау ба­ры­сын ақпараттық тұрғыда қол­дау қажеттігі, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы да ойларын ортаға салды. Бұл шараларға Парламент депу­тат­тары белсенді түрде қатысуы тиіс деп атап өтті. Кеңес отырысында Сенат Төр­ағасының орынбасары, Тәуел­сіздіктің 20 жылдығы Декла­ра­ция­сының жобасын әзірлеу жө­нін­дегі жұмыс тобының жетекшісі Александр Судьин сөз сөйледі. Ол кеңеске қатысушыларды атқа­рылған жұмыстар туралы хабардар етіп, құжаттың құрылымы мен мазмұнына тоқталды. Құжат­тың тарихи маңызын, оның ізгілікті идеялық бағдарын атап өте келіп, А.Судьин Декларацияның негізгі мәні – тарихи өмір­шең­дігін айғақтап отырған мемлекетті дамытуға және нығайтуға қуат­ты үндеу екенін атап өтті. «Декларация жобасын жетілдіру жө­нін­дегі жұмыстар жалғасуда, таяу уақытта жұмыс тобы мүше­лерінің ескертпелері ескеріле оты­рып, құжаттың түпкілікті нұс­қасы әзірленеді», деді А.Судьин. Осыдан кейін қатысушылар өздерінің пікірлерін білдірді. Соның ішінде Мемлекеттік хат­шы Қ.Саудабаев 20 жылдың ішінде ғасырларға татитын шаруалар жасалғанын атап өтті. Сондықтан осындай Декларация қабылдау табиғи жағдай ғой деп ойлаймын, деді ол. Одан әрі Мемлекеттік хат­шы 1991 жылдың 1 желтоқ­са­нындағы сайлауда халықтың дұ­рыс таңдау жасап, Нұрсұлтан На­зарбаевты Президенттікке сайла­ғанын, содан бері еліміздің дұрыс саяси бағыт ұстанғанын атап өту керектігін ескертті. Елбасының әлеуметтік ұстанымды бағдарға алған экономика құруы, «Қазақ­стан – 2030» Стратегиялық бағ­дар­ламасы, ядролық қарудан өз еркімен бас тарту, сондай-ақ ха­лықтың мәдени мұрасын қайта өрлетіп, рухани жағынан байыту мәселелерін де Декларацияда атап өту қажеттігін атап өтті. Сон­дай-ақ, оның қабылдануы Тәуелсіздік күнінің алдындағы соңғы аптада, яғни 14 желтоқсан, сәрсенбінің сәтінде қабылдануы туралы ұсынысын мәжіліске қа­тыс­қандар бірауыздан мақұл­да­ды. Қалған ұсыныстар жазбаша түрде берілетін болды. Жақсыбай САМРАТ.