23 Қараша, 2016

Арнайы жасақ қызметкеріне министрдің алғыс хаты табысталды

527 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
231116-police 12 жастағы баланы құтқарған Астана қаласы ІІД жедел қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы полиция капитаны Өміржан Темірбеков Павлодарда өткен «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық байқауына қатысты, деп хабарлады елордалық ІІД-нің баспасөз қызметі. Аталмыш іс-шара ерлікпен қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкері полиция капитаны,  «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовты еске алудың құрметіне өткізілді. Шараға бейбіт заманда өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде ерлік пен қаһармандық танытқан полицейлер қатысты. Еске салар болсақ, оқиға 9 маусым күні сағат шамамен 12:30-да  187 көшесі бойындағы Сарыбұлақ өзенінде болды. Жұмысқа бет алған полицей өзен бойында жиылып тұрған балалардың көмекке шақырып, өзен жаққа қолдарын сілтеп тұрғанын көрген. Ол уақыт созбай, бірден суға секіріп түсіп баланы көтеріп алып шыққан. Полиция капитанының айтуынша баланың жүзі көкпеңбек болып, тыныс алмай жатқан. Алайда, оның өмірін сақтап салуға барынша тырысқан Өміржан алғашқы медициналық көмекті көрсетуге кіріскен. Баланың кеудесіне тікелей массаж жасап, жасанды дем берген. Оны көтеріп алып, денесін тізесіне қойып, басын төменге қаратып жұтып қойған суды денесінен шығарған. Бірнеше рет осылай қайталаған соң тыныс ала бастаған. Жедел жәрдем шақырып, баланы бақылауында ұстаған. Алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсетуді атыс-қызметтік дайындық жүйесінде үйренген дағдыларын іс-жүзінде қолданған. Жедел жәрдем қызметкерлері көрсеткен алғашқы медициналық көмектің дұрыс жасалғандығын айтты. Баланың анасы Жанар Айтуреева ұлының өміріне араша түскен құтқарушыға алғыс айтып, қызметіне табыс тіледі. Ерлік танытқан үшін Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Калмұхамбет Қасымовтың атынан Өміржан Темірбековке грамота, құқық қорғау органы мүсіншесі мен қолсағат табысталды.
Соңғы жаңалықтар