«Кәрі құданың» екпіні тым қатты: «соқыр мылқаудың» тірі жанға да, малға да аяушылық білдіретін түрі көрінбейді. Бар ашуын бойына жинай келіп, бірден әлек салды. Күн райы күрт суытып, солтүстікқазақстандықтардың екі аяғын бір етікке тығып қойған жайы бар. Әсіресе, ауылдықтар дірдек қағып, ақ көрпесін айқара жамылған қыс қабағы қатулы болмаса екен деген тілеуде. Өйткені, бұл кездері үйлерін ағаш отынмен-ақ жылытатын болса, температураның күрт төмендеуі салдарынан көмірге деген сұраныс бірден өсті. Алайда, елді мекендер мен облыс арасын алашапқын еткен адамдар сапалы көмір таппай дал. Әккі делдалдар да әбден қуланып алса керек. Жасырын қоймаларға жолатқылары келмейді. Алдымен өтімсіз өнімдерден құтылғанша асық. Ертерек қамданып үлгірмегендер барға қанағат, жоққа салауат айтып жатса, ебін тапқан ептілердің ұпайы түгел.
Алыстан ат терлетіп келгендердің бірі Татьяна Голышеваның шыбын жаны шырқырап, шырылдап жүр. Қанша сандалса да, сапалы көмір таппай кері оралуға мәжбүр болған. Сол сияқты Тұралы Сибанов та 150 шақырым жерден Петропавл қаласына екінші рет келуге мәжбүр болған. Соның өзінде құрқол қайтқан. Не істерін білмей әрлі-берлі сенделіп жүргендер аз емес. Темір жол қоймаларында сапасыз көмір жеткілікті болғанымен, Қаражыра мен Шұбаркөлдің өнімін іздеушілер жыртылып айырылады.
Тасымалдаушы операторлардың айтуынша, Шұбаркөл көмір кенішінде вагондар жеткіліксіз. «Транском» ЖШС келісімшарт бойынша аптасына бес вагон көмір әкелгенімен, сұраныс өтелер емес.
Атамыз қазақ «қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» деп текке ескертпесе керек.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы