24 Қараша, 2016

Әл-Фарабиден әл-Машаниге дейін

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақтың маңдайына біткен ақыл-ой иелері тарих бетін парақтап отырсаң, жүздеп саналады. Анау ғасырлардағы Анахарсистен бастап әл-Фараби, Абай, Алаш арыстары – осылай жалғасып кете береді. Өткен ғасырдағы сол ұлылардың ойын дамытып, жолын жалғаған ғұлама ғалым, өзі секілді ел жақсыларымен қатар жүріп, Ұлттық Ғы­лым ака­демиясының ірге­тасын қалаған, алғаш­қы корреспондент-мүше­лерінің бірі болып саналған. Ақжан әл-Машани еді. Мамандығы кенші болса да қазақтың кең даласындағы жер байлығы мен ұлтқа ке­рек рухани байлықты қатар алып жүрді. Сол ай­тулы тұлғаның 110 жыл­дығына орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті тарих факультеті «Ақжан әл-Машани және фараби­тану тағылымы» атты рес­публикалық ғылыми-тә­жі­рибелік конференция ө­ткізді. Келісті басқосуды білім ордасының проректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабекұлы ашып, Алаш рухты әл-Машанидың Кеңес дәуірінің өзінде ұлт мұраты дегенде ұлы істер атқарғанын тарата айтса, профессор Тілеген Садықов ғұлама ғалымның мәңгілік елдің мұрат-мақ­саты биік болатынын дәйектеп кеткенін алға тартты. Профессор Серік Негимов ғалым туралы есте­ліктер айтып, әл-Фараби мен қазақты қауыштырған әл-Машани екенін жеткізді. Ал ғалымның бай мұрасын зерттеп, зерделеп жүрген профессор Задаш Дүкенбаева айтулы оқымыстының 110 жылдық мерейтойына арналған  іс-шаралар туралы ой қозғап, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткенін, осы шараның өзі ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналып отырғанын тілге тиек етіп, қазақ батыры Қасым Қайсеновтің Бауыржан Момышұлы туралы естелігін еске салып, «әл-Фараби бабамыздың әлемде барын алғаш Ақжан Машанов жеткізгенін біле­сің бе?» деп сұрап, «Ұлт жоқшысы осылай болады» дегенін мысалға келтірді. Конференцияда әл-Фа­раби мен әл-Машани туралы келелі әңгімелер қоз­ғалып, алда атқаруға тиіс кемел істерге ұйытқы болуы жайы да назардан тыс қалмады. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»