24 Қараша, 2016

ХОК неге қоқан-лоқы жасайды?

287 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
serik-aga-2Көптен күткен күдік ақыры шындыққа айналды. Кеше Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Олимпия ойындарында алған алтын медальдарын қайтарып алу жөнінде шешім шығарды. Осыған орай Қазақстан ұлттық олимпиялық комитетіне ресми хабарлама келді. ХОК мұны спортшының ағзасынан 2008 және 2012 жылдардағы Ойындар кезінде тыйым салынған препараттар ізінің табылуымен түсіндірді. Комитет оны  тәртіптік комиссиясы жүргізген Илья Ильиннің «А» және «В» допинг сынамаларының қосымша тексеру қорытындысына сүйеніп жасағанын да атап көрсетті. Енді спортшыға қолданылатын жазаның мерзімін Халықаралық ауыр атлетика феде­рациясы (IWF) анықтайтын болады. Осы орайда, «әділ спорт» қағидалары мен таза спортшыларды қорғау және допингті қолдануға «нөлдік төзімділік» саясатын қолдау Қазақстан Ұлттық олимпиялық комитеті қызметінің де басты бағыты болып табылатынын ескерте кетейік. Шынын айтқанда, мұның бәрі біз үшін жаңалық болудан қалды. Себебі, соңғы бір жыл­дан бері допингке қатысты дау-дамай тақы­ры­бы­ның әлемдегі жаңалықтар тасқынының ең ал­дыңғы легінде тұр. Әлбетте, допинг – төзуге ешқандай тиек беруге болмайтын зұлым нәрсе. Ол сайыста біреулерге айтарлықтай артықшылық әперіп, спортты әділ сайыскерлік тұрғысындағы ең басты құндылығынан айырып қана қоймайды, сонымен бірге оны қолданған саңлақтардың денсаулық жағдайына да кері әсер етіп, түбінде зор зардаптарға ұрындыруы да мүмкін. Сондықтан мұндай зұлымдықпен бүкіл әлем болып күрескен ләзім. Ең өкініштісі, қазір халықаралық турнир­лердің спортшылар арасындағы әділдікке құрылған сайыстан гөрі, мемлекеттердің фармакологиялық мүмкіндіктерін жарыстырып қоятын бәсекесіне айналып бара жатқаны оншалықты құпия болмай қалды. Осы тұрғыдан келгенде, аталмыш зұлымдықпен күресуші ұйымдарға барынша жіті көзбен қарайтын да уақыт келді. Олардың мейлінше таза және әділ болуы бірінші кезектегі шарт. Әйтпесе, қандай да бір дұрыс тірліктің өзінің бір-ақ сәтте күлін көкке ұшыру мұндағылар үшін түкке тұрмайтын нәрсе екеніне биылғы жылдың өзінде әлденеше рет көз жеткізіп үлгердік. Қазір допинг мәселесімен Ұлыбритания өкілі басшылық жасайтын Бүкіләлемдік допинг агенттігі (ВАДА) айналысады. Ал кейінгі кездердегі жұмыстарының мазмұнын бір шолып шыққан кез келген адам оның бар­лық назары мен қаһарының негізінен бір ғана елге – Ресейге және онымен достық қарым-қатынастағы бірқатар елдерге ғана түсіп тұрғанын анық байқар еді. Бұлардың қатарында тағы бірқатар елдердің бірлі-жарым өкілдері ғана қамтылып қалады. Сонымен, тамат-тәмам. Мұның есесіне, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Канада секілді «тонның ішкі бауындай» елдердің бірде-бір спортшысы агенттік құрған торға түспей, аман шығып кете береді. Мұны да аз десеңіз, негізінен осы елдердің атынан ірі халықаралық жарыстарға қатысып жүр­ген көптеген спортшылар ВАДА-ның ар­найы рұқсаты бойынша допинг қолданатын бо­лып шықты. Осының өзі аталған зұлымдықпен бітіспес күрес жүргізуге арнайы шығарып қойылған  халықаралық ұйым жоғарыда айтылған елдердің саясат мәселесіндегі құралына айналып, солардың шын мәніндегі қолшоқпары секілденіп бара жатқанына айғақ бола алады. Бір айта кетерлігі, қазір біздің Светлана Подобедованың да, Илья Ильиннің де салмақтары бойынша Олимпиадаларда жүлделі орындардан көрінген спортшылардың бәрі медальдарынан қағылып отыр. Осылардың алды жүлде алғанына 8 жыл болса, кейінгі толқынына 4 жыл өткен. Ендеше, бұл жердегі кінәлі спортшылар емес, осы олқылықты соншама уақыттан бері таппаған Бүкіләлемдік допинг агенттігі мен оның айтқанына бас шұлғи беретін Халықаралық олимпиялық комитеті болуға тиіс. Осы тірлік ХОК-тің принципсіздігін, біліксіздігін және өзіне жақпаған елдер атлеттерін бірден қолдан айыпты етіп шығара салатын әділетсіздігін тайға таңба басқандай көрсетіп беріп отыр. Мұның өзі олимпиялық қозғалыстың басты ұраны – әділеттілік пен тазалық тұнбасына үлкен залал келтіреді. Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдерінде бұл қозғалыс ғұмырының ұзақ болатынына күмән келтірушілер қатары барған сайын көбейіп келеді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»