Алматыда 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша дирекциясы халықаралық INVITRO медициналық компаниясымен ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге келді. Соның негізінде INVITRO компаниясы халықаралық жарыстардың ресми медициналық серіктесі атанды. Келісім негізінде медициналық компания жарысқа қатысушыларды лабораториялық диагностикамен толық қамтамасыз ететін болады.
Осы мақсатта медициналық компанияда 13 басты анализді құрайтын арнайы «INVITRO дені сау командасы» профилі жасалды. Оларды ОАК, АЛТ, АСТ, жалпы белок, билирубиндер, креатинин, глюкоза, холестерин, К/NA/CA2, тестостерон, кортизол және СК-креатинкиназа құрайды. Бір айта кетерлігі, Универсиада кезінде INVITRO компаниясы қатысушыларға кез келген лабораториялық зерттеуден өтуіне мүмкіндік береді. Бірақ ол үшін дәрігердің рұқсаты қажет.
– 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиада мен INVITRO компаниясының арасындағы серіктестік – ұйымдастырушылар тарапынан қатысушылардың сапалы лабораториялық диагностикадан өткенін қалайтынын білдіреді, – дейді INVITRO компаниясының бас директоры Александра Тимофеева. Оның айтуынша, осы тұрғыда компанияда барлық мүмкіндіктер бар. Бұған озық заманауи жабдықтар, жоғары дәрежелі мамандар көмекке келеді.
Өз кезегінде қысқы Универсиаданы өткізу және ұйымдастыру дирекциясы директорының орынбасары Кәмила Лұқпанова аталған серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.
– Универсиаданың ұйымдастыру комитеті спортшыларға бейжай қарай алмайды, сондықтан олардың сапалы диагностикадан өткенін қалаймыз. Сондай-ақ, анализдер профилі Универсиаданың басты әрі маңызды медициналық қамтамасыз етуі болып табылады. Осы орайда, INVITRO біздің ресми серіктесіміз атанғанына өте қуаныштымыз. Бұдан бөлек, ойындар кезінде Алматы қаласының 8 стационары медициналық көмек көрсетіп, 30 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылатын болады, – деді ол.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»