Орталық коммуникациялар қызметінде «Халық маркасы» қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Римма Тәжібаеваның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Ол өз сөзінде отандық өнімнің қазіргі уақытта қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
«Астанада жақында ашылған «Халық маркасы» сауда орталығы қазақстандық тауармен толығуда. Бір жерге ұлттық брендтік өнімдер мен тауарлар топтастырылуда. Оларды тұтынушылардың қатары күн санап артып келеді. Ашылғанына бірер ай ғана болған бұл сауда алаңындағы тауарлардың барлығы отандық өндірушілердің қолынан шыққан. Мұндағы тауарлар шетелдік өнімдермен тең түспесе, кем түспейді. Тауарлар сапалы әрі қолжетімді. «Made in KZ» белгісі бар ұлттық бренд бүгінде сауда нарығында өз орнын ойып тұрып алуда», деді Р.Тәжібаева.
Оның айтуынша, кеше ғана жастанатын жастықтан, жайғасқан жиһазға дейін шекараның ар жағынан жеткізілетін еді. Бүгінгі жағдай бөлек. Қазақстандық кәсіпкерлер сұранысты саралап, ұсынысты қабылдап, тұтынушыға сапасы жоғары, әрі қолжетімді бағамен өз өнімін беруге әзір екенін дәлелдеп отыр.
Отандық өнімнің басын қосқан алаңның артықшылығы – сатушылар орынды жалға алу үшін ақы төлемейді. Тауарын тегін қояды. Қазіргі таңда мұндағы тауар айналымының көлемі 30 миллион теңгеден асты. Бүгінге дейін бұл павильонда 100 шақты компания өз орнын алып, оны 10 мыңнан астам отандық тауармен толтырды. Жоспар – отандық брендті тауар түрін 500-ге жеткізу. Сонда павильон 100 мыңнан астам отандық тауарға толығатын болады.
«Қазір біз ЭКСПО-2017 қарсаңында қаланың туристік картасына ендік, өйткені, келуші қонақтардың бәрі, соның ішінде шетелдік азаматтар қазақстандық өнімдерді іздейтін болады. Атлмыш картаға тек отандық өнімдер сататын сауда орындары енеді. Оған дейін 7 Duty Free маркеті ашылады», деді Римма Данабайқызы.
Р.Тәжібаеваның айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесіне орай, «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендтерді басқару агенттігінің «Халық маркасы» 100 брендін жасау бойынша жобасы іске асады. Оған атақты әртістер, спортшылар және депутаттар қатысады деп жоспарлануда. Жаңа 100 қазақстандық бренд азық-түлік, жиһаз, үйге арналған жабдықтар, аяқ-киім, киім-кешек және тағы басқа тауарлар топтамасы бойынша ашылады.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында Маңғыстау облысының қолдауымен, Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтің құрметіне балалардың «ZIBROO FOR АDOKA» спорттық киімдерінің тұсаукесер-таныстыру рәсімі өтті.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»