24 Қараша, 2016

Қазақстанның даму жолы – өзгелерге үлгі

1112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Париждегі штаб-пәтерінде осы ұйым Бас хатшысының төрағалығымен Еуразия апталығы басталды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Жыл сайын өтетін аталған шараның мақсаты – әлемдік қоғамдастықтың назарын Еуразия құрлығының жаһандық маңызына аударып, Еуразия елдерінің ЭЫДҰ мемлекеттерімен нәтижелі ынтымақтастығы үшін жағдайлар жасау. Аталған алаң жыл сайын бір үстел басына осы үнқатысуға тартылған елдердің жоғары шенді лауазым иелерін жинап келеді. Мәселен, осы жылы Еуразия апталығына Польша Премьер-мин­истрі­нің орынбасары – Мә­дениет және ұлттық мұра министрі П.Глинский, Қыр­ғызстан ви­це-премьері О.Пан­кра­тов, Ук­раина, Чехия, Моң­ғолия және басқа ел­дер­дің ми­нистрлері қатысуда. Қазақстан Еуразия ап­талығына 2012 жылдан бас­тап белсенді қатысып келеді. Үстіміздегі жылы Қазақстан делегациясын Парижге елі­міздің Сыртқы істер ми­нистрі Ерлан Ыдырысов бастап барды. Делегация құрамында Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму, Энергетика, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің, «Бәй­терек» холдингінің, «Ас­­тана ЭКСПО-2017» ұлт­тық компаниясының, Аста­на халықаралық қаржы орта­лы­ғының және қа­зақ­стандық даму институт­тарының өкіл­дері бар. Еуразия апталығы ашы­луы салтанатындағы негізгі сәт Қазақстан Премьер-Ми­нистрі Бақытжан Сағын­таев­тың шараға қатысу­шы­ларға бейнеүндеуі болды. Үкімет басшысы еліміз Пре­зидентінің Еуразия құрлығын дамытудың бағыттарын қалай болжайтыны туралы көзқарасымен бөлісті. Бұл жерде ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимылды өрістете түсу­дің маңызды екені атап көрсе­тілді. Қазақстанның осы бедел­ді ұйым стандарттарына негіз­делген реформаларға жақын екендігіне баса назар аударылды. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов министрлік сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Өзінің сөзінде ол Еуразия кеңістігіндегі негізгі ойыншылардың бірі рет­інде Қазақстанның даму ба­ғыттары туралы егжей-тег­жейлі әңгімелеп берді. Сырт­қы саясат ведомствосының басшысы аудиторияға «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде жүзеге асырылып жатқан Бес институттық реформаның мақсаттары туралы түсіндірді. Бұл арада Ұлт жоспарының ЭЫДҰ-ға мүше елдердің озық тәжі­рибелеріне негізделгені де назардан тыс қалған жоқ. Пікірталас барысында еліміздің инвестициялар тар­ту мен экономиканы әрта­рап­тандыру салаларын­дағы тәжірибесі үлкен қызы­ғушылық туғызды. Шараға қатысушылар Қазақстанның инвесторлар тарту және іскерлік байланыстар орнату үшін оңтайлы жағдайлар қалыптастырылған ел екенін бірауыздан мақұлдап жатты. Қазақстан делегациясы басшысының бағдарламасы аса тығыздығымен ерек­ше­ленеді. Мәселен, Е.Ыды­рысов ЭЫДҰ Бас хатшысы Ан­хель Гурриямен және осы ұйымның Жаһан­дық байланыстар жөніндегі хат­шы­лығының басшылығымен кездесулер өткізді. Сұхбаттастар Қазақстанның ЭЫДҰ-мен аса тығыз ынтымақтастық орнатып отырғанын ерекше атады. Олардың пікірінше, Қазақстан аса дамыған мемлекеттер клубы бағытына қарай сенімді қадамдармен адымдап барады. Бас хатшы атап өткен­дей, қол жеткізілген тамаша та­быстар әрі қарайғы бірлескен жұмыстарға берік негіз қа­лайды. Еуразия апталығының ашылу салтанатында сөз сөй­ле­ген ЭЫДҰ басшысы ауди­торияның назарын Қазақ­станның Тәуелсіздік алған аз ғана уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жеткеніне ау­дар­ды. Оның пікірінше, бас­қа елдер осы тәжірибені жан-жақты оқып-үйренулері тиіс. ЭЫДҰ-ның Еуразия апта­лығы жұмысын бүгін аяқ­тайды. Қазақстан делега­ция­сының мүшелері бизнес-форум мен түрлі тақырыптық сессияларға қатысады. Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің тұсаукесеріне ерекше назар аударылады деп күтіліп отыр.