Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Париждегі штаб-пәтерінде осы ұйым Бас хатшысының төрағалығымен Еуразия апталығы басталды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Жыл сайын өтетін аталған шараның мақсаты – әлемдік қоғамдастықтың назарын Еуразия құрлығының жаһандық маңызына аударып, Еуразия елдерінің ЭЫДҰ мемлекеттерімен нәтижелі ынтымақтастығы үшін жағдайлар жасау. Аталған алаң жыл сайын бір үстел басына осы үнқатысуға тартылған елдердің жоғары шенді лауазым иелерін жинап келеді. Мәселен, осы жылы Еуразия апталығына Польша Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ұлттық мұра министрі П.Глинский, Қырғызстан вице-премьері О.Панкратов, Украина, Чехия, Моңғолия және басқа елдердің министрлері қатысуда.
Қазақстан Еуразия апталығына 2012 жылдан бастап белсенді қатысып келеді. Үстіміздегі жылы Қазақстан делегациясын Парижге еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бастап барды. Делегация құрамында Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму, Энергетика, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің, «Бәйтерек» холдингінің, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының, Астана халықаралық қаржы орталығының және қазақстандық даму институттарының өкілдері бар.
Еуразия апталығы ашылуы салтанатындағы негізгі сәт Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың шараға қатысушыларға бейнеүндеуі болды. Үкімет басшысы еліміз Президентінің Еуразия құрлығын дамытудың бағыттарын қалай болжайтыны туралы көзқарасымен бөлісті. Бұл жерде ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимылды өрістете түсудің маңызды екені атап көрсетілді. Қазақстанның осы беделді ұйым стандарттарына негізделген реформаларға жақын екендігіне баса назар аударылды.
Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов министрлік сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Өзінің сөзінде ол Еуразия кеңістігіндегі негізгі ойыншылардың бірі ретінде Қазақстанның даму бағыттары туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы аудиторияға «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде жүзеге асырылып жатқан Бес институттық реформаның мақсаттары туралы түсіндірді. Бұл арада Ұлт жоспарының ЭЫДҰ-ға мүше елдердің озық тәжірибелеріне негізделгені де назардан тыс қалған жоқ.
Пікірталас барысында еліміздің инвестициялар тарту мен экономиканы әртараптандыру салаларындағы тәжірибесі үлкен қызығушылық туғызды. Шараға қатысушылар Қазақстанның инвесторлар тарту және іскерлік байланыстар орнату үшін оңтайлы жағдайлар қалыптастырылған ел екенін бірауыздан мақұлдап жатты.
Қазақстан делегациясы басшысының бағдарламасы аса тығыздығымен ерекшеленеді. Мәселен, Е.Ыдырысов ЭЫДҰ Бас хатшысы Анхель Гурриямен және осы ұйымның Жаһандық байланыстар жөніндегі хатшылығының басшылығымен кездесулер өткізді. Сұхбаттастар Қазақстанның ЭЫДҰ-мен аса тығыз ынтымақтастық орнатып отырғанын ерекше атады. Олардың пікірінше, Қазақстан аса дамыған мемлекеттер клубы бағытына қарай сенімді қадамдармен адымдап барады.
Бас хатшы атап өткендей, қол жеткізілген тамаша табыстар әрі қарайғы бірлескен жұмыстарға берік негіз қалайды. Еуразия апталығының ашылу салтанатында сөз сөйлеген ЭЫДҰ басшысы аудиторияның назарын Қазақстанның Тәуелсіздік алған аз ғана уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жеткеніне аударды. Оның пікірінше, басқа елдер осы тәжірибені жан-жақты оқып-үйренулері тиіс.
ЭЫДҰ-ның Еуразия апталығы жұмысын бүгін аяқтайды. Қазақстан делегациясының мүшелері бизнес-форум мен түрлі тақырыптық сессияларға қатысады. Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің тұсаукесеріне ерекше назар аударылады деп күтіліп отыр.