Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда күн тәртібіне сәйкес жеті мәселе қаралды.
Соның ішінде «Қарсы барлау қызметі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы туралы баяндама жасаған Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаевтың айтуына қарағанда ол Елбасы Н.Назарбаевтың үстіміздегі жылғы маусымда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасының негізінде әзірленген екен. Жаңа қатерлерден елдің тыныштығын сақтау мақсаты – қауіпсіздік шараларын үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Бүгінгі күні алыс және жақын шет елдердегі жағымсыз фактілерден туатын қауіптер арта түсуде.
Одан әрі М.Қалқабаев қарсы барлау қызметі сыртқы түрі танылмаған, белгісіз, жасырын ұйымдарға қарсы әрекет ететіндіктен олардың жұмысы әрі ауыр, әрі қиын екенін атап өтті. Осындай жағдайда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ұсынылып отырған заң жобасын әзірледік, деді ол. Сонымен қатар, шешен заң жобасында қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар қызметкерлерінің жауапкершілігі, ведомстволық бақылау мен прокурорлық қадағалаудың тәртібі айқындалғанын жеткізді.
Баяндама аяқталған соң баяндамашыға бірнеше депутат сұрақтар қойды. Соның ішінде депутат Бейбіт Мамраев заң жобасындағы қарсы барлау қызметі ғылыми-техникалық немесе өзге де арнайы білімі бар лауазымды тұлғалар мен мамандардың көмегін пайдалануға құқылы деген бабына сүйеніп, аталған адамдар құпия көмекшілерге жата ма деп сұрады. Оған «жоқ» деген жалғыз сөзбен жауап берілді.
Ирина Аронова «қарсы барлау қызметкерлері жеке адамдардың ар-намысына тиетін қылықтар жасаса, қылмыстық жолмен қудаланады» деген бапқа сілтеме жасап, прокуратура органдары осындай кезде барлаушылардың қызметін тоқтатып, жауапкершілікке тарта ала ма деп сұрады. Оған прокуратура органдарының мұндай жағдайда барлау қызметін тоқтатып, күдіктіге қарсы қылмыстық іс қозғауға құқы бар екені айтылды. Заң жобасы туралы қосымша баяндаманы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Жанат Жарасов жасады. Қорытындысында заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сонымен бірге, осы заңға ілеспе заң жобасы да қаралып, талқыланып, мақұлданды.
Жалпы отырыста Мәжіліс «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2015 жылдың 2 қарашасында қабылданған Заңның жекелеген нормаларын қолданысқа енгізуді тоқтата тұру туралы» 2016 жылдың 30 маусымындағы Заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралып, мақұлданды. Бұл заң жобасының мақсаты – 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңның қолданысқа енгізілуін және Жер кодексінің жекелеген нормаларының, атап айтқанда, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің үлесі 50 пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің пайдалану құқығын беруге, сондай-ақ, жеке және заңды тұлғаларға мемлекет меншігіндегі ауылшаруашылығы жерлерінің жекеменшік құқығын беру нормаларының қолданысын 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту болып табылады.
Күн тәртібіне сәйкес Мәжілістің жалпы отырысы осы күні Қазақстан мен Иран Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін белгіледі. Сондай-ақ, 2017-2019 жылдарға арналған бюджет заңнамаларындағы Сенат енгізген түзетулермен келісіп, қаулы қабылдады. Ең соңғы болып кейбір заңнамалық актілерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы екінші оқылымда қаралып, мақұлданды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»