24 Қараша, 2016

Депутаттар Тәуелсіздік декларациясы туралы

263 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Лебіздер легі

era_3240Георгий КИМ, Парламент Сенатының депутаты: – Бүгін аса маңызды тарихи құжат қабылданып отыр. Бұл Декларация еліміздің бүгінге дейінгі жетістіктерін паш етіп қана қоймай, оның алдағы кемел келешегіне тағы бір нық қадамын айқындады. Қазақстан халқы бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ үшін қай уақытта да тұтастық, тұрақтылық, төзімділік көрсетіп келеді. Халқымыз өткен жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында да, оған дейінгілерінде де Елбасын, оның сарабдал саясатын, қазақстандық даму жолын әрқашан қолдайтындығын көрсетіп келеді. Бұл жолы да Декларациядағы ұсыныстарды халқымыз қолдайтынына сенімім зор. Елбасының бастамасымен елорданы Алматыдан астанаға көшіру еліміздің геосаяси, әлеуметтік-эко­номикалық, мәдени және рухани дамуына жаңа бет­бұрыстар әкелгенін білеміз. Осынша аз уақыт ішінде Еу­разия кеңістігінде, Есілдің бойында әсем қала бой кө­терді. Ұлт Көшбасшысы іргетасын қалаған, Астана еліміздің, хал­қымыздың рухын асқақтатты. Ендеше, осындай ас­қақ рухты қаламызды Нұрсұлтан Назарбаевтың есі­мімен атау Ел мен Елбасының ерлігі болады деп білемін. era_3651 Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – «Бақыт бағалағанның басында тұрады» – бір сұх­батында Елбасымыз осылай деген болатын. Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығының Декларациясы – басы­мыздағы бақыттың бағасын біл­гізетін, елдің, Елбасының ерен ең­бегін айшықты ашатын аса құнды, шын мәніндегі тарихи құжат. Онда біздің осы ширек ғасыр ішінде өзгелер ғасырлар бойында жүрген жолдан өткеніміз өрнекті түрде, көрнекті түрде айтылған. Елбасы еңбегін таразылай отырып, еңбегін ел жүрегінде таңбалау туралы кезінде өз мақалаларымда жазғанмын. 2008 жылы жарық көрген «Еңселі елорда» атты кітапта айрықша еңбегі, тарихи үлесі бар ұлы тұлғаларды елдің, жердің атауларында айшықтау дәстүрі баяғыдан бар екеніне нақты мысалдар келтіргенмін. Кейбіреуін ғана еске салайын. Адам атымен аталған тұтас материк бар – Америка Америго Веспуччидің құрметіне аталған. Мемлекеттер бар – Колумбия Христофор Колумбтың, Боливия Симон Боливардың құрметіне аталған. Теңіздер бар – Баренц теңізі, Беринг теңізі, Амундсен теңізі, т.б. Бұғаздар бар – Беринг бұғазы, Магеллан бұғазы, т.б. Аралдар да аз емес. Мүйістер де жеткілікті. Қалалар жөнінде айтып жатудың өзі артық. Астаналардан біреуін ғана атайын. Демократия дәстүрлері дамыған Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтон елдің тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның атымен аталған. Жөпелдемеде ауызға түскен осы мысалдардың өзі әлемде аса ірі тарихи тұлғалардың есімін айрықша ардақтау дәстүрі ежелден орныққанын көрсетеді. era_3213Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Біздің еліміздің биік мақсаттарды бағындыру жолында әрі Мемлекет басшысының Қазақстанның даму тарихындағы айрықша көшбасшылық қасиетін қоғам арасында нығайта түсу мақсатында депутаттарымыз бүгін бірқатар ұсыныстарды талқылау үстінде. Бұл ретте өз әріптестерімнің Астана атауы мен кейбір маңызы зор нысандарымызды Елбасы атына лайық деп танып, талқылап жатуы дұрыс және өте орынды деп ойлаймын. Ал енді ол қалай іске асырылады, оны ел-жұртпен ақылдасып, кеңесе келе тиімді шешім қабылдаймыз деп санаймын. era_1300Бақытбек СМАҒҰЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Түркі дүниесінің ақсақалы Елбасының есімімен елорданы атау – өте орынды бастама. Бүкіл демократиясы әлемге әйгілі АҚШ-та да ең бірінші осы елдің іргесін қалаған Вашингтонның атымен қала аталатыны белгілі. Біз тәуелсіз сана қалыптастыру үшін, еліміздің географиялық тұрған орнымыздың ерекшелігіне, қиындығына байланысты, халықтың азаттыққа деген бабалар арманын, аманатын арқалауы тұрғысында осы мәселе Қазақ елі үшін өте маңызды. Сондықтан да өзінің терін төккен, елдің даңқын әлемдік деңгейге көтерген, елдің ықыласына кенелген, парасатты, Түркі дүниесінің ақсақалы атанған, алысты жақындатып, аразды достастырған Елбасымыздың есімі Қазақстан халқы үшін ерекше. Осы орайда белестен белеске көтерілу үшін «Мәңгілік Ел» жолында Тәуелсіз Қазақстанның елордасы Елбасымыздың атымен аталып жатса, бұл өте лайықты бастама. Елдің арманын аялаған, өзінің еңбегін елінен аямаған Елбасының есімін халық лайықты дәрежеде ұстауы тиіс. era_3232Зағипа Балиева, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Біз кейбір мемлекеттер жүз жылда жеткен жетістіктерге бас-аяғы жиырма бес жылда жеттік. Елімізді осындай белеске шығарған біздің Президентіміздей тұлға кез келген елде кездесе бермейді. Оның үстіне, президенттер есімі берілген астаналар да жоқ емес. Өз басым Астананы Елбасының есімімен атауды құптаймын. Дауысқа салатын болса, қолдаймын. Өйткені, біздің Астанамыз – әлемдегі ең жас астаналардың бірі. Бұл жерде мыңдаған сәби дүние есігін ашып, өсіп-өніп жатыр. Ширек ғасырда халқымыздың туу көрсеткіші 60 пайызға артып, мемлекетіміз гүлдей жайнап көркейіп келеді. Қай жерде сенім мен сүйіспеншілік, мейір-махаббат және тұрақтылыққа бөленген түзу тұрмыстық-әлеуметтік жағдай болса, сол жерде сәбилер көптеп дүниеге келеді. Біздің елордамызда осының бәрі болғандықтан, оған Елбасымыз зор еңбек сіңірді. Сондықтан да Ұлт Көшбасшысы ретінде қандай құрметке болса да лайық. era_3256Павел Казанцев, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымы заманауи демократиялық құндылық­тарға негізделген. Біздің Прези­ден­тіміздің бұл құжатқа вето қойып, кері қайтаруға да құқы бар. Яғни, мұндай бастаманы Парламент қабылдағанымен, оны толықтырып, түзету үшін немесе кері қайтару үшін құжатқа қол қоятын Президент. Бұл демократиялық принциптерге сай келеді және іс қалай жалғасын табатынын уақыт көрсетеді. Ал қазір Парламентіміз өзінің идеологиялық үні мен сая­си көзқарасын қоғамға білдірді. Әрине, жетілдіретін тұстар мен бірқатар ұсыныстар бар. Оны отандастарымыз іс барысында талқылай түсетін болады. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»