16 Қыркүйек, 2011

Өңірді өркендететін жобалар

298 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Облыстың 2010-2014 жылдарға белгіленген үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық даму бағдарлама­лары­на байланысты аймақ­та белсенді жұмыстар жал­ғасуда. Қазақ­стан­ның ин­дустрияландыру картасына облыстан 514,1 млрд. теңге құрайтын 58 жоба енді. Үс­тіміздегі жылы 2254 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 28 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде 10 нысан іске қосылып, 885 жаңа жұмыс орны ашылды. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстар­ды әлде де ширата түсудің мүмкін­діктері барынша тиімді пайда­ланылып отырған жоқ. Облыстық әкімдік тарапынан барынша қол­дау-көмек жасалғанымен кейбір жоба­ларды жүзеге асыруда ортақ ойласып шешетін мә­се­лелер де жоқ емес. Міне, сондықтан да об­лысты индус­трия­лық-инновациялық дамыту жө­нін­дегі аймақтық үйлестіру кеңесі бұл мә­селені ұдайы назарда ұстап келеді. Үйлес­тіру кеңесінің облыс әкімі Архимед Мұхам­бетовтің төрағалық етуімен өткен кезекті мәжілісіне мемлекеттік органдардың басшы­лары, кә­сіпорындардың, екінші деңгейдегі банк­тер филиалдарының басшылары қатыс­ты. Онда индустрияландыру картасына ұсы­нылатын жобалар қа­ра­лып, талқыланды, сон­дай-ақ екінші деңгейдегі банктердің «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдарлама­сына қолдау көрсетуі әңгіме өзегіне айнал­ды. Мәжілісте еліміздің индустрияландыру картасына енуден үміткер, жалпы көлемі 114,8 млрд. теңге құрайтын 11 инвести­ция­лық жоба тағдыры таразыға салынды. Олар негізінен экономи­каның өңдеу секторында, металлургия, мұ­най-газ, химия өнеркәсібі, медицина сала­сында жүзеге асырылмақшы. «SBS STEEL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Марс Өтегенов жылына 500 мың тонна түйіршіктелген шойын шығаратын металлургиялық зауыт құрылысының жобасын ұсынды. Маманның айтуына қарағанда, мұндай жаңа техноло­гия­мен жұмыс істейтін құрылыс кешені әлемде осымен екеу ғана болмақ. Бұған дейін мұн­дай зауыт АҚШ-та салынған. Жо-баны «Қа­зақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамы қаржыландыратын болады. Қазір банктің ескертпелерін орындау бағытында жұмыстар жүргізілде. Өңір басшысы тарапынан бұл жобаға байланысты елеулі сын айтылды. Ол жобаның артықшылығын, құндылығын жоқ­қа шығаруға болмайтынын, ел үшін керек өндіріс екеніне тоқтала келіп, бұл жобаның 2007 жылдан әңгіме болып келе жатқанын қадап айтты. Жобаны жүзеге асырушылар­дың әлі күнге іске кіріспегенін, банкпен арада түсініксіз жағдайлардың көп­тігіне реніш білдірді. Сондықтан облыс басшысы осы мәсе­лелерді таяу арада шешуді тапсырды. «НарГазИнжиниринг» ЖШС бас дирек­торы Болат Сақтағановтың мәлімдеуінше, мұ­найға ілеспе газды өңдейтін қондырғы жо­басының тағдырын 15 қыркүйекте Қазақ­станның Даму банкі шешеді деп күтілуде. Жылына 350 мың текше метр газ өңдейтін жобаның құны 9,6 миллиард теңге тұрады. Газ өңдейтін кешен Әлібекмола кенішінде орнатылатын болады. «Ақтөбе мұнай өңдеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнай өңдейтін зауыт құрылысының жобасын ұсынды. Жоба іске қосылғанда жылына 300 мың тонна дизель отыны, мазут, бензин сияқты мұнай өнімде­рін шығарады. Жобаның құны – 3,381 млрд. теңге. Осы жылдың мамыр айында алғашқы кезегі іске қосылды. Ол ай сайын 12,5 мың тонна мұнай өңдеп, жылына 150 мың тонна өнім береді. 2012 жылдың аяғына дейін құрылыстың 2-кезегін іске қосу жоспарлануда. Зауыттың қуатын жылына 300 мың тонна мұнай өңдеуге жеткізу көзделуде. Серіктестік директоры Дастан Қадыровтың айтуын­ша, кәсіпорын қазірдің өзінде мұнай өнім­дерін өндіру мен сатуды жүзеге асырып отыр. Дизель отынын Ақтөбе, Батыс Қазақ­стан облыстарына өткізеді. Ұлыбританияға мазут экспорттайды. «Бекарыс фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Абдул-Әшім Оқапұлы кварцтан жасанды тас жасау жобасы жайында баяндады. Бұл жобаны іске қосу үшін серіктестік бірсыпыра алғышарт­тар жасаған. Серіктестік «Даму» қорымен, облыстық кәсіпкерлік басқарма­сымен, бірқа­тар банктермен жұмыс жасауда. Басқосуда бұ­дан басқа «Себек Агро» ЖШС-нің тұқымсепкіштер мен астық кешендерін құрастыру өндірісі, «Көктас-Ақтөбе» ЖШС қолға алған бұйымдарды орауға пайдаланылатын өнімдер шығаратын қағаз фабрикасы, Қандыағаш қаласында салына­тын газ-турбиналы электр стансасы, «Фарм­Ақтөбе» ТК жүзеге асырып жатқан дәрілік шырындар мен медициналық бетперделер өндіретін цехы, «Ақтөбе нан өнімдері комбинаты» ЖШС-нің Хромтау ауданында макарон фабрикасы, «Актобежилкомплект» серіктестігінің ет өнімдерін өңдеу цехы және «Ауыл шаруа­шылығын қаржылық қолдау қоры» акционерлік қоғамының шағын жылыжайлар кешені сияқ­ты жобалардың жүзеге асырылу жайы сөз болды. Ұсынылған индустриялық-инновациялық жобаларды, «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дарламасының орындалуына байланысты жұмыстарды қоры­тындылай келіп, өңір басшысы таяу уақыттағы алда тұрған міндеттерді нақтылады, тиісті орын­дардың талқыланған жоба­лар­дың жүзеге асыры­луына ыкпал етуді міндеттеді. Қаралған жо­балардың 80 пайызы жүзеге асыруға лайық деп бағаланды. «Бизнестің жол қартасы-2020» бағдар­ламасын жүзеге асыруға республикалық бюд­жеттен 1 520,9 млн. теңге бөлінген. Жыл басынан бері аталған бағдарлама бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінен 60 тапсы­рыс қаралып, қолдау тапқан. Оның 53-і Экономикалық даму және сауда министрлігімен келісілген. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруда облыс жетекші орында. Екінші деңгейдегі банктерге қатысты мәселе бойынша Архимед Мұхамбетов өз ойын ашық айтты. Бұған бұл бағыттағы жұмыстардың тым сылбырлығы да түрткі болды. Ол кәсіпкерлік жобаларды қаржы­лан­­дыруға екінші деңгейдегі банктердің бәрі бірдей қолдау көрсете алмай отырға­нын, тіпті кейбіреулерінің құлықсыздығын сынға алды. Әсіресе, әлі күнге бірде-бір жобаға қаржылай қолдау көрсетпеген «Казкоммерцбанк» «Нұрбанк», «Альянсбанк», «Еуразия­лық банк», «Темірбанк» облыстық филиал­дары басшыларының кеңеске қатысушылар алдында қызаруына тура келді. Өңір бас­шысы олардан бизнес саласы бойынша Ел­басы қойып отырған талапқа сай жұмыста­рын жандандыруды талап етті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.