Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап халыққа қызмет көрсету орталықтары Байланыс және ақпарат министрлігі құзырына берілді, соған орай мекеме жұмысына жаңашылдық енгізіліп, халық игілігіне жарамды көптеген бастамалар іске асырыла бастады. Оның нақты көрінісіне Алматы қаласы Бостандық ауданының халыққа қызмет көрсету орталығы мысалында көз жеткізуге болады.
Атап айтар болсақ, «Электронды үкімет» бағдарламасын жүзеге асыру және электронды мемлекеттік қызметтерді қолданушылар санын арттыру мақсатында орталықта «Электронды үкімет бұрышы» ашылды. Орталық қызметкерлері қазірдің өзінде әрбір келушілерге электронды сандық кілттерді беру, оны пайдалану, «Электронды үкіметтің» мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуде.
Шілде айынан бастап қайта жаңғырту жұмыстары басталған орталық бүгінгі таңда келушілердің көзін қуантуда. Модернизациялау жоспарына сәйкес, халыққа қызмет ұсыну ісіндегі үздік үлгі болып есептелетін кедергісіз, тосқауылсыз қызмет көрсету қағидаты енгізілді. Жаңа жиһаз бен құрал-жабдықтар орналасқан орталыққа келген әрбір азамат озық қызмет көрсету үлгісін көре алады. Орталықтың барлық қызметкері жаңа бастамаға сай жұмыс істеп, ХҚКО қызметкерлерінің мәдениеті мен этикасы ережесіне сәйкес сыпайылық, әдептілік, жан-жақты көмекке әзірлік ұстанымы бойынша жұмыс жасайды.
Бостандық ауданының халыққа қызмет көрсету орталығында халыққа сапалы әрі уақытылы қызмет көрсету жолындағы бастамалардың бірі – Қазақстан халқына мемлекеттік органдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы мемлекеттік органдарға азаматтардың өтініштерін қабылдау және жолдау тәртібі ұйымдастырылуы. Яғни, әрбір азамат орталық мемлекеттік органға өз өтінішін жолдағысы келсе, электронды сандық қолтаңбасы бар кілтті алып, өтініштерді қабылдайтын қызметкерлерге жолдауына болады.
Қала халқының ыңғайына орай, бизнес құрылымдарының дамуына үлес қосу мақсатында Бостандық ауданының халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Казкоммерцбанк» АҚ арасында келісім бекітіліп, Төле би мен Байзақов көшелері, Әл-Фараби мен Желтоқсан көшелері қиылысында орналасқан банктің бөлімшелерінде «икемді» орталықтар ашылды. Қазіргі уақытта аталған бөлімшелерде отырған орталық қызметкерлері де мемлекеттік қызметтер көрсетуде. «БТА Банк» пен «ЦеснаБанк» АҚ-тар арасындағы келісім негізінде Гагарин көшесі мен Сейфуллин көшесі бойларында орналасқан екінші деңгейлі банктер бөлімшелерінде тағы халық игілігіне жарамды «икемді» орталықтар ашылу жоспарлануда.
Бұл жаһандану үдерісі мен техника және технологиялар қарқынды даму уақытында Қазақ елінің көштен қалмай, дамыған елдермен терезесі тең болу үшін жасалынып жатқан шаралар. Оның үстіне бұл артық қағазбастылық пен әуре-сарсаң, бюрократиялық кедергілер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған ең тиімді жұмыс.
Орталық арқылы қазіргі уақытта 20-дан астам мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі. Ұжым әрдайым халық үшін қызмет көрсетуге әзір.
Әбен ЗҰЛПЫҚАР.