Арқадағы Ақтоғай Тоқырауын өзенінің екі қабағына егін салып, даласын малға толтырып, көштен қала қоймаған аудан болатын. Тарих қойнауына кеткен ақ бидайдың отаны да осы Ақтоғай. Академик Ә.Марғұланның «Қола дәуірі, Орталық Қазақстан, Бегазы-Дәндібай мәдениеті» деп жазған кітабына арқау болған Бегазы тауы да осында. Бұл жердегі археологиялық ескерткіштер «Мәдени мұра» бағдарламасының еншісі. Тоқырауын бойындағы тоғандардың ізі кешегі ақ бидай өсірген әулие қарттардың әжіміндей бүгінгі бізге жетті.
Бостандықтың, тәуелсіздіктің әліпбиін хатқа түсіріп, жолына жанын құрбан еткен, Алаш партиясының көсемі, экономист-ғалым Ә.Бөкейхановтың кіндік қаны тамған жер осы – Ақтоғай. Биыл туғанына 145 жыл. Петерборда Абайдың кітабын тұңғыш шығарған, өлгенде жаназа жазған осы Ә.Бөкейханов екенін біреу білсе, біреу білмейді. Мен жобасын жазып жүрген Алаш агроқалашығы осы Әлекеңе баға жетпес ескерткіш болар еді. Ақтоғайдың тасы өрге домалап, азаматы да, аты да, әні де бәйгеден келіп, сәні мен салтанаты қатар қонған кездері болған.
Қош, сөз етпегіміз бүгінгі Ақтоғай. Жекешелендіруден кейінгі жағдайы – 700-ге жуық майда шаруа қожалықтары. Дені зейнет жасындағылар, қора-қопсы баяғы, қыстақтарда электр жоқ, трактор тозған, қоңыр тіршілік. Шамасы келгендер қалаға қоныс аударуда. Кешегі совхоз орталықтарының басы тулақ сүйреткендей, жер де тозған.
Мен көптен осында агроқалашық ұйымдастырылса деген жобамен шұғылданып жүрмін. Билік басындағылар Беларусь моделін көлденең тартады. Бірден айту керек, бізге бұл жарамсыз, бізге керегі қазақстандық модель. Ауылды сақтап, жаңа технологиялар орталығы бола алатын, мал тұқымын асылдандырып, бордақылап, азық-түлік молшылығын, әсіресе, ет өндіруді индустрияландыру рельсіне қоятын алаң осы агроқалашық болмақ. Елбасының, Үкіметтің ауыл шаруашылығын индустрияландыру, “Еңбекпен қамту- 2020”, “Нұрлы көш” бағдарламалары шеңберінде, Ақтоғай жағдайын облыс қолға алса мәселе орнынан қозғалады. Өткен жылдың соңында менің мұрындық болуыммен Алматыдағы ауылшаруашылық кешені экономика институтының ғалымдары келді, Абай селолық округінде болды. Өкінішке орай, әңгімеге не аудан әкімі, не ауыл шаруашылығы басқармасынан ешкім қатыспады. Осының өзі көп нәрседен хабар берсе керек.
Ауылды тығырықтан шығаратын жол агроқалашық, оған барлық селолық округтердің географиялық орталығы бұрынғы Абай совхозы қолайлы. Өндірістік ғимараттар сақталған. Оның үстіне бос тұрған 25 екі пәтерлі үй ағымдағы жөндеуге көнеді. Алдымен, сот арқылы иесіз екенін заңдастырып, бұл үйлерді коммуналдық меншікке алса болады. Дипломмен ауылға келгендерге бере ме, жоқ, келешегі жоқ ауылдардан қоныс аударғандарға бере ме, тарихи Отанына көшіп келген оралмандарға бере ме – ол жергілікті әкімнің құзырындағы шаруа. Агроқалашықта шағын сүт зауытын, мал сою пунктін тоңазытқышымен, лабораториясымен салуға болар еді. Шикізат жеткілікті, бұл бері салғанда 23 жұмыс орны. Дәл осы екі объектіге инвестицияны өнімді негізгі тұтынушылар ретінде Балқаштан да тартуға болар.
Шаруа қожалықтарына ең жақын шенеунік ауыл әкімі. Агрожаршысы да сол, инновация хақында ақпарат айтушы, ақыл кеңес беруші де сол. Сол әкім агромаркетингтен, инновациядан хабарсыз болса, шаруашылықтарды банкпен жалғай білмесе, міне, сор осы. Демек, ауылда, ауданда алдымен әкімдердің психологиясын өзгерту керек. Жекешелендіру аяқталғалы жиырма жылдың жүзі болды, фермер айдалада өзімен-өзі, өркениеттен бейхабар, ірілендіру, асылдандыру, инновация, индустрияландыру, қаржыландыру, сыбаға деген сөздерді естиді, бірақ не нәрсе екенін болжай алмайды. Демек, осы ұғымдарға ауыл әкімінің рейтингін тәуелді жасау керек. Ал аудан әкімі, ауылшаруашылық бөлімі қызметтерінің басты бағытын фермерлерге қызмет көрсетуге бұру керек. Әйтпесе, баяғы жартас сол жартас болып қала береді.
Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы әр ауылға (округке) толық аудит жүргізіп, ресурстарын қағазға түсіріп, картасын жасаса артық емес. Әсіресе, жерді пайдалану жағын назарда ұстаса болады. Аудандарды мамандандыру, малды асылдандыру, мал азығы балансы, электрлендіру, суландыру, келешегі бар, келешегі жоқ ауыл-селоларды анықтап стратегиясын қағазға түсірсе оң болар еді.
Мал шаруашылығымен шұғылданатын Ақтоғай ауданында агроқалашық ашуға Абай селолық округі қолайлы деп мамандар айтып та, баспасөз бетінде көтеріп те жүр. Өкінішке орай, ақтоғайлық әкімдер бұған қызығушылық танытпай отыр. Қалай дегенмен де, агроқалашық Ақтоғайдың келешегі үшін керек. Ауылды әрі қарай жүдете беру, урбанизацияны тоқтатпау, жұмыс орындарын ашуды кейінге қалдыра беру азық-түлік қауіпсіздігіне қатер.
Ата кәсібімізді түрлендіретін, Үкімет беріп жатқан қаржыларды ауылға жетелейтін, алу жолын үйрететін уақыт туды. Қазақстан халқының 47 пайызы ауылда тұрады, ірі қараның 82 пайызы жеке шаруалардың қолында, демек, 60 мың тонна ет экспортына қатысуға ауыл құқылы һәм мүдделі. Аудандарда “ҚазАгроМаркетинг” АҚ-тың жалғыз маманы ештеңе тындыра алмайды. Оны ірілендіріп, ауыл шаруашылығы мамандарымен толықтырса да артық емес.
Таяуда “ҚазАгроМаркетинг” АҚ мал шаруашылығы орталығы “50 басқа арналған еттік бағыттағы фермерлік шаруашылықтың типтік моделін” ұсынды. Жап-жақсы ұсыныс. Орысшасы олқы қыр қазақтарына керегі қазақшасы. Фермерге керек ауылшаруашылық техникаларын, мүліктерін толық жазып, бағаларын көрсетсе бизнес-жоспар жасарда қолданар еді. Мал өсірген қазақ алдымен малдың жағдайын, жем-шөбін ойластырған. Аталмыш ұсыныста шөлге, далалық аймаққа бейімделген, құрғақшылыққа шыдамды екпе шөптердің агротехникасын көрсете кетсе фермердің сауаты көбейер еді. Қалай болғанда да, алыстағы фермер ақпаратқа зәру, инновациядан қашық, ұсыныстар оларға жете бермейді.
Шаруа қожалықтарына бүгінгі талап – мал тұқымын асылдандыру. Алатын, әкелетін, жерсінетін тұқым қазақтың ақбас сиырлары мен бұқалары. Неше жылдан бері азып, ұсақталып кеткен сиырларды сіңіре будандастыру. Төртінші ұрпағы тұқымның қасиеттерін иемденеді. Тағы бір жолы – қолдан ұрықтандыру. Бұқаларды жеке бағып, зауыттық кондицияда ұстап, жалға беруді де мамандар жоққа шығармайды.
Фермерлерді агробизнеске оқыту жүзеге асса деп ойлаймын. Ол үшін “ҚазАгроИнновация” АҚ-тың Балқаштағы агроөнеркәсіп кешенінде білім тарату орталығын Абай селолық округіне әкелсе, бұдан екі жақ та ұтады. Рас, бұл орталықты құруға кезінде қатысқанмын. Әзірше бұл орталық балықтың, көлдің проблемасынан әрі бармай қалды. Дұрысы балықты, көлді Балқаштағы Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарына қалдырған абзал. Ал агроөнеркәсіп кешенінің Балқаш білім тарату орталығын “ҚазАгроИнновация” АҚ-тың, агроқалашыққа инновация апаратын ғылыми-өндірістік тәжірибе алаңына айналдырған ұтымды болар еді. Ғылым өндіріске тақаса ауылдың ауған жүгі тез түзеледі.
Агроқалашықтағы жұмыс техникаға, мал азығы өндірісінде жаңа технологияға сүйенбесе іс тағы да оңға баспайды. Алғашқыда фермерлер техникаларын біріктіріп, мал азығын дайындауға тракторларымен өздері қатысқаны дұрыс. Шабындықтың жетілу, шабу картасын ауылшаруашылық тауар өндірушілер кооперативі басшысы фермерлермен келісе отырып жасайды. Әрі қарай фермерлер жер жырту, шөп егу, ору, тасу, қамбаға құю жұмыстарын бірлесіп атқарады. Бұл шетелдік, отандық тәжірибеде бар нәрсе, келешекте осылай болмақ. Бір ай көде шауып, содан соң тракторды қаңтарып қою тиімді емес екенін фермерлер біледі.
Мәселенің тағы бір жағы, ол – тракторлар жекешеленгелі 15-20 жыл, ескірді. Айтпағымыз, кешегі машина-трактор стансаларының жұмыс тәжірибесін жаңашалап, нарыққа лайықтап ұйымдастырсақ. Базалық шаруашылық Абай селолық округінде осыған лайық ғимараттар сақталғанын жоғарыда айттық. Семейден “ҚазАгроФинанс” АҚ-тың қаржысы арқылы лизингке 10 трактор алуға жол ашылса. Агроқалашықтың қазақстандық моделін қанатқақты жоба ретінде жүзеге асырып, Үкімет оған жеңілдік ойластырса деген де ұсыныс бар. Істі селолық округтерде ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің кооперативтерін ұйымдастырып, ірілендіруден бастаған дұрыс. Кооператив заңды тұлға болады, сондықтан онымен банк те, мұнай сататын операторлар да, «ҚазАгроның» қаржы институттары да, құрылыс салатын, электр тартатын мекемелер, асыл тұқымды зауыттар да келісімге жылдам келеді. Шаруа қожалықтарына кооператив пайдалы, салықтан жеңілдіктер қаралған. Штаты бас-аяғы 2-3 адам ғана, оның өзін, жалақысын өздері, жалпы, жиналысында дауыс беру арқылы шешіп алады. Жұмысты 2-3 шаруа қожалығынан құрылған ынталы топ бастап, жарғысын жасап, әділет басқармасында да тіркеледі. Шаруа қожалықтарының қаупі біреу-ақ, ол – ертең малым, үйім, қорам, тракторым не болады деген ой. Түк те болмайды, бәрі өзінде қалады, меншік құқың, есеп-шотың сақталады. Кооперативке жарнасын төлейсің, жиналысына қатысу арқылы ревизордың есебін үнемі тыңдап, басқаруға өзің де қатысып отырасың. Оның үстіне Қазақстанның арнайы заңдары фермерлердің құқын қорғайды.
Ауыл мектептерінде 70-ке толар-толмас бала қалды. Тарауға жататын ауылдардан агроқалашыққа мұғалімдер ауысып, мектеп 12 жылдыққа айналуы мүмкін. Ол үшін «100 мектеп» бағдарламасына сүйену керек болар.
Агроқалашық үшін кадр мәселесі өзекті. Ауылда өскен, даланы, малды көрген, атқа міне алатын қыр баласын 7-9 сыныптардан бастап кәсіпкерлікке оқыту керек. Ол үшін облыстық білім басқармасы, ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып 7-9 сыныптарда агробизнес оқуын енгізуі қажет. Егер мемлекеттік стандарт келеді, Білім және ғылым министрлігі жасап шығарады деп отыра берсек, бұл процесс ұзаққа кетеді. Мектептің жері, тәжірибе алаңы, біраз ауылшаруашылық техникалары, шеберханалары, станоктары, малы, қорасы болғаны теріс емес. АҚШ-та бір фермер 17-18 түрлі мамандық иесі. Агробизнес мектебінің 9-сыныбын бітіруші түлек ең болмаса осының жартысын меңгеріп шықса болар еді. Дәл осы агроқалашықта Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінің филиалын ашу өзі-ақ сұранып тұр.
Мал басы өседі, асылдандыру жүреді, бордақылау алаңдары, қасапханалар, шағын сүт цехтары істейді, мал азығын дайындау технологиясы өзгереді. Зоотехникалық, малдәрігерлік, агроном, инженер, гидротехник, электрик т.б. мамандықтарға сұраныс пайда болады. Өнім рынокқа, келешекте экспортқа шығатын уақыт туады, ауылшаруашылық маман-технологтарының күні алыс емес.
Таяуда Елбасы қол қойған “Қазақстан Республикасында Мемлекеттік басқаруды одан әрі жетілдіру туралы” туралы Жарлық та осы агроқалашыққа баратын жолды айқындай түсетін сияқты. Оның үстіне өміршең идеяны, жаңалықты, өзгерісті қоғам сұрап отыр. Жар салып, бәйге тігіп сырт қалма, болашақтың іргесін бірге қалайық, идеяң болса ұсын деп отыр. Сол идея осы – агроқалашық. Іске асса Алаштың Әлиханы да риза, Ақтоғайдың халқы да риза. Ең бастысы, ауылды сақтап, әлеуметтік жағдайын түзеп, ет өндіру ісіне тартар едік.
Амантай ҚАЛЫМБЕРГЕНОВ, агроном-экономист.
Балқаш.