25 Қараша, 2016

Тағы бір керуен басында – Кекілбаев

434 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
9 Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында жазушы Әбіш Кекілбаевтың мақалалары жинақталған жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, қаламгерді еске алуға арналған дөңгелек үстел өтті. Алаштың абызы Әбіш Кекілбаев дүние салғалы да жыл болып қалды. Жақсының бары білінбейді, жоғы білінеді. Соңында қалған қалың елі ордадай орнын ойсыратпауға барын салып-ақ жатыр. Байтақ Қазақияның батыс пен шығысы арасын Әбіш әлеміне үңілтіп, Әбіш тереңіне бойлатуға талпынған не бір айтулы шаралар өтуде. Соның бірі бүгін еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеті төрінде болды. Тың бастама. Бұдан былай «Егемен Қазақстан» кітапханасы сериясымен ғасырлық тарихқа ие басылымның бетінде жарияланған тұлғаларымыздың замана лебі, дәуір тынысын дәл басқан, мазмұн-мағынасы уақыттың дауылы мен жауынына шайылып кетпейтін бірегей шығармалары жеке кітап болып жарыққа шығып отырмақ. Бұл бастама Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, кезінде өзі де «Егемен Қазақстан» газетінде басшысы болып қызмет еткен Әбіш Кекілбаевпен басталды. Кенжеғали Сағадиев, Қойшығара Салғара, Қажығали Мұхамбетқали, Төлен Әбдік, Сауытбек Абдрахманов, Несіпбек Айтұлы, Зейнолла Алшынбаев сияқты қабырғалы қаламгерлер және Әбіш ағамыздың жары Клара апамыз қатысқан бұл жиналыс алқа-қотан отырыс, емен-жарқын әңгіме сипатында өрбіді. «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі жиылған қауымға «Дәуір дауысы» деп аталатын жаңа кітап жөнінде сөз бастады. «Біз бұл кітапқа Әбіш ағаның басқа жаққа шықпаған, 1990-2015 жылдар аралығында тек осы «Егеменде» жарық көрген мақалаларын енгізіп отырмыз. Осы басылым беттеріне мемлекеттік үлкен қызметтерді атқара жүріп қолы қалт еткенде жазған 144 мақаласы жарық көрген екен. Олардың жалпы көлемі 1500-ге жуық бетті құрады. Біз солардың арасынан іріктеп, осы жинақты дайындадық» деді Дархан Қыдырәлі. Ары қарай қаламгерлерге сөз берілді. «Кейде бір шығармашылық иесі туралы айтарда «енді мұның несін» айтам деп ойланып қалатын кездер болады, ал, Әбіш туралы кимелеп келген көп ойдың қайсысынан бастарыңды білмей абдырап қаласың» деген жазушы Қажығали Мұхамбетқали жазушының энциклопедиялық кең білімі жайын сөз етті. Кекілбаевтың білімдарлығына кеңірек тоқталған Сауытбек Әбдрахманов әлем әдебиетінен қазақ тіліне аудару жөнінде Әбішпен кеңескені туралы естеліктер айта келіп, «Тіпті, Бунин Қалихан Ысқақтың оң жамбасына келеді деген секілді, қай авторды кімнің аударғаны оңды болатынына дейін тәптіштей айтқанда еріксіз таңғалған едік» деді. Ал жазушы Төлен Әбдік болса Кекілбаевтың көркем шығармадағы өзгеше орны жайында сөз қозғады. «Кейде тіпті тарихи тақырыптар кедергі болғандай көрінеді. Онда көркем шығармадағыдай еркіндік жоқ қой, тарихтың сорабымен жүресің. Дегенмен оны да Әбіш өзгеше алып шықты» дей келе, «Әбішті әулие дедік қой, ол шын әулие. Оның әулиелігі тазалығында, кісілігінде» деп оны әдемі естеліктермен көмкерді. Қойшығара Салғара Ақселеу Сейдімбек екеуінің «Қазаққа осы кезде танымдық дүние керек» деп көркем әдебиетті қоя тұрып тарихи, танымдық дүниелеге қалам тербегені, сол орайда өзіне Әбіштің жол ашқаны туралы естелік айтты. «Әбіш «малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін дегдар халықтың қалай қарақан басының қамынан аспайтын құл-құтанға айналғанын іштен көрді, іштен білді. Оның халықтық қасиетіне қайтуына бүкіл күш-жігерін арнады» деп түйді. Несіпбек Айтұлы ағамыз Әбішке арнап қысқа ғана өлең оқыды. Қасында отырған Төлен ағамыз «Серік Тұрғынбек үш шумақ өлең оқырдың алдында жарты сағат сөйлеп алушы еді, сен жақсы жігіт екенсің» деп әзілдеп жұртты ду күлдіріп алды. Иә, бәрінің де қазақтың Әбішіне айтары таусылар емес. Ағылып айтып жатыр. Кенжеғали Сағадиев пен Клара апамыз кітаптың тұсаукесер ырымын жасады. Осы орайда газет басшысы «Егемен Қазақстан» газетінің Әбіш Кекілбаев атындағы шәкіртақы тағайындағанын жеткізді. Клара апамыз «Әбіш дүниеден өткенмен ел-жұрты, азаматтар осындай іс-шара атқарып жатқанда жалғызсырамайды екенсің» деген жүрекжарды сөзін айтты. Отырыс соңында қонақтар «Егемен Қазақстанның» жаңа кітапханасында классик жазушының мұрасына арналған мүйісті тамашалап тарқасты. Ұларбек Нұрғалымұлы, «Егемен Қазақстан»  1 4-1 2 5 11 13 15