28 Қараша, 2016

«Астана» велокомандасы Фрумға қарсы Фульсангты дайындауда

173 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Астана» велокомандасының сапында өнер көрсетіп жүрген даниялық Якоб Фульсанг Тур де Франста өзін команда капитаны ретінде сынап көруі әбден мүмкін. Бұл туралы спортшы La Gazzetta dello Sport басылымына берген сұхбатында жария етті. Көптеген велоспорт мамандарының пайымдауынша 31 жасар Якобтың соңғы жылдардағы жинаған тәжірибесі өте мол, ол гранд турлардың бірінде «Астана» лидері ретінде шығуға толықтай дайын. Якобтың өзі бұл туралы былай дейді. «Мен бұрын өзімнің күшіме сене алмайтын едім. Бірақ Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанғаннан кейін, барлығы өзгерді. Бұл нәтиже мен үшін өте маңызды. Осындай көрсеткіштер менің үлкен жеңістерге лайықты екендігімді дәлелдейді. Әрине, келесі жылы басты ойым Тур де Франс. Мен 2013 жылы сол сайысты жалпы есепте жетінші орынмен аяқтаған едім. Қазір өзім де, тәжірибем де өсті. Сондықтан бұдан да жақсы нәтиже көрсете аламын деп ойлаймын. Және де команданың маған деген сенімін ақтау қажет» деді даниялық велошабандоз. Сонымен қатар, Винченцо Нибалидің келесі маусымда болмайтыны командаға оң әсерін тигізеді деген ойын жеткізді. Якобтың айтуы бойынша, Нибалидің кетуі «Astana Pro team» сапындағы басқа велоспортшыларға өз шеберліктерін толықтай ашуға мүмкіндік береді. Осыған дейін «Astana Pro team» командасының басшылығы Джиро де Италия мен Испания Вуельтасында Фабио Ару, ал Тур де Франста Якоб Фульсанг пен колумбиялық Мигель Анхел Лопес команда капитандары болатындығын мәлімдеген. Би-болат Сейтақ