28 Қараша, 2016

Футбол маусымы аяқталды. Қорытынды қандай?

323 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
football Еуропа құрлығында футбол маусымының қарқыны күшейе бастаған сәтте, еліміздегі футбол маусымы мәресіне жетті. «Қайрат» биыл да чемпион бола алмады. Кубоктен де айырылды. Екі марапатты да «Астана» иеленді. Аяқталған маусымның өзге қорытындылары туралы не айтуға болады? Және ең басты сұрақ: қазақ футболының деңгейі өсті ме?

«Астананың» дублі

 «Астана» мен «Қайрат» осы маусымның үздіктері екені белгілі. Футбол маусымының бірінші және соңғы матчы дәл осы екі клуб арасында өтті. Қазақстан суперкубогын сарапқа салған екі ұжымның арасында өткен матч маусымның ашылуы болған еді. Ол кезде алматылықтар жеңіске жеткен-ді. Алайда, «Астана» барынша тиімді және нәтижелі ойындардың арқасында чемпионаттың ортасына дейін өз қарсыластарынан ұпай санымен әлдеқайда басым тұрды. Чемпионат бел ортасына жеткен кезде, «Қайрат», «Ордабасы», «Ертіс» үшеуінің арасында белгілі бір бәсекелестік пайда болды. Олар «Астананың» ұпай санына қарамастан, елордалық ұжымды қуып жетуге тырысты. Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан, «Зенитпен» УЕФА кубогында жеңіске жеткен Андрей Аршавин, «Бавариямен» УЕФА Чемпиондар лигасында топ жарған Анатолий Тимощук сияқты тамаша футболшылары бар «Қайрат» қана «Астанаға» чемпиондық бәсекеде лайықты қарсылас бола алды. Тіпті «Астана Аренада» 1:4 есебімен елордалық команданы жерге қаратып кеткен еді. Бірақ «Қайрат» қанша тырысса да, Станимир Стойлов шәкірттері чемпиондықты бермеді. Осылайша, «Астана» чемпион, «Қайрат» екінші орынға ие болса, үшінші орын үшін таласта «Ертіс» «Ордабасыдан» бір ұпайға басым түсті. Ел кубогында да чемпионаттың үздік екі клубы қарсылас командалардан басым болып, финалда кездескен еді. Алматының қар басқан стадионында Джуниор Кабананга соққан доп астаналық клубқа жеңіс әперді.

Негізгі көрсеткіштер

«Қайрат» чемпионат бойы қарсыластар қақпасына 75 гол соқты. Сонымен қатар, чемпионат ойындарында өз алаңында жеңілмеген де сол команда. Бұл үздік көрсеткіш. Алматылық клуб сапында өнер көрсететін Жерар Гоу 22 гол соғып, қайтадан маусымның сұрмергені атанды. Ал  чемпион «Астана» 47 голмен ел біріншілігін аяқтады. Алайда, астаналықтардың чемпион атануы бір есептен заңдылық та. Себебі «Астана» чемпионатта ең аз гол жіберген команда болып шықты. 32 ойында 21 гол жіберген. Ал ең көп гол жіберген команда «Жетісу» болып отыр. Қарсылас командалардың ойыншылары «жетісулықтар» қақпасынан 53 рет саңылау тапқан екен. Бұдан бөлек, Қазақстан премьер-лигасында ең көп матч өткізгендер тізімін «Тобыл» клубының капитаны Нұрбол Жұмасқалиев бастап тұр. Ол жалпы Қазақстан біріншілігінде 496 ойын өткізген  екен. Бұл абсолюттік рекорд болып саналады. Самат Смақов, Давид Лория, Ринат Абдулин, Фархадбек Ырысметов, Мақсат Байжанов, Андрей Финонченко сынды футболшылар да спорттық карьерасын жалғастырып, жастарға үлгі болуда. Аға буынның ізін басып келе жатқан тәжірибелі футболшылар да емес. Бауыржан Исламхан, Елдос Ахметов, Серікжан Мұжықов, Исламбек Қуат, Роман Муртазаев, Асхат Тағыберген, Дидар Жалмұқан, Еркебұлан Тұңғышбаев сияқты талантты футболшыларымыз ел құрамасында да, өз клубтарының сапында да жоғары деңгейде ойнап жүр. «Тобыл» шабуылшысы Сергей Хижниченконың голдары да қостанайлық жанкүйерге ерекше қуаныш сыйлады. Лукаш Фабианскиге екі гол соққан Сергей талантты шабуылшы екенін дәлелдейді. Сонымен қатар Қазақстан чемпионатындағы үздік легионерлерді атап өтпесе болмайды. Патрик Твумаси, Жерар Гоу, Джорджио Деспотович, Джуниор Кабананга сияқты жігіттердің Қазақстандағы карьерасы сәтті болып шықты. Олар бүгінде Қазақстан чемпионатының үздік ойыншылары. «Астана» сапындағы легионерлер шетелдік клубтармен өткен ойындарда жақсы өнер көрсетті. Әсіресе, Патрик Твумасидің жылдамдығын ерекше айтуға тұрарлық. Қазақстандық клубтарда ойнайтын футболшылар арасында ең жылдамы да Патрик деуге болады. Өткен жылы Жерар Гоудың қасында шабуылшы болған Деспотович «Астанаға» ауысып, чемпионат басынан гол соға бастады. Ал ресейлік Андрей Аршавин чемпионат басында аздап кібіртіктесе де, біртіндеп «Қайрат» қарқыны күшейген соң, ол да жанкүйерін тамаша голдармен қуанта бастады.  

Ел чемпионы УЕФА-ның аутсайдері ме?

Әрине, «Астана» үшін Еуропа аясында өтетін сайыстарға сақадай сай болу бапкер тарапынан міндеттелгені анық. Өткен жылғы ойындардан сабақ алған «Астана» осы маусымда өздерінің кездесулер күнтізбесінің ауыр болатынын ескерген. Сондықтан да «Астананың» тиімді есепке қол жеткізіп, содан кейін қорғаныста ойнайтыны байқалды. Яғни, бұл әдіс Еуропаның көптеген белді ұжымдарының тактикасына айналған. Дәл осындай тактиканы Алекс Фергюсон «Манчестер Юнайтедте» ұстанған еді. Себебі ағылшын футболында Еуро кубоктардан бөлек өзара чемпионаты да тартысты және кубок ойындары да көбірек екендігі белгілі. Сол себепті Фергюсон өзінің шәкірттерін барынша тиімді және артық күш жұмсамай ойнау қажеттігін талап етті. Өйткені футболшылар маусым бойында біраз шаршайды және оның үстіне жарақат та алып жатады. Бұл туралы Сэр Алекс өзінің автобиографиясында толық айтқан. Осы ретте, Станимир Стойлов та дәл осы ұтымды тактиканы «Астана» футболшыларына сіңіре алған. Дүйім жұртқа бұл оңай көрінгенмен, үлкен тәуекелді қажет ететін ұстаным. Өйткені, бір гол айырмасымен жеңісті ұстап тұру қиынның қиыны. Бір сәтте команданың бар еңбегі ұпай жоғалтумен ұласып кетуі әбден мүмкін. Бірақ «Астананың» бұл ұстанымы толықтай сенімді ақтап шықты десек, қателеспейміз. Чемпионатта жеңіске жетті, Қазақстан кубогын елордаға алып келді, тіпті Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарын да тамаша өткізген еді ғой. «Селтикпен» өткен қарымта матчта төреші Ненад Эричтің қақпасына екі бірдей 11 метрлік айып добын белгілеп, «Астананы» Чемпиондар лигасынан шығып қалуына «жағдай жасап» бергенін білеміз. Осылайша, УЕФА-ның екінші деңгейлі сайысында қазақстандық клуб сынға түсіп жатыр. Кезінде Таңат Нөсербаевтың өнерін сынап көруге шақырған «Янг Бойз», Грекия чемпионы «Олимпиакос», кипрлік «Апоэл» «Астананың» топтық кезеңдегі қарсыласы атанған кезде, Еуропа лигасында топтан ары қарай өтуге мүмкіндік бар сияқты көрінген еді. Алайда, қазіргі уақытта өз тобында екі рет тең ойнап, екі рет ұтылған «Астананың» плей-офф кезеңіне өтуі мүмкін емес. Десек те, «Астана» футбол клубы осы маусымды тамаша өткізді. Шетелдік аренада кей жерде сәттілік, кей жерде тәжірибе жетпей қалды. Бірақ, соңғы екі жылда «Астана» өз жанкүйерлеріне қайталанбас керемет қуанышты сәттер сыйлағандығын айта кеткен жөн. Команда өзінің жан салып ойнай алатындығын көпшілікке дәлелдей алды. Астаналық ұжым плей-оффқа өте алмаса да, «Апоэлмен» тамаша ойын өткізді. Жеңіліп тұрып, жеңіске жетуі еліміздің футбол жанкүйері үшін биылғы маусымдағы ең керемет сәттердің бірі болды.

Келесі маусымнан не күтеміз?

Биылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасы әжептәуір өскенін көрдік. Командалар арасындағы бәсеке де жоғарылады. Келесі жылы жоғары лигада топ жарған қызылордалық «Қайсар» мен өтпелі матчта «Таразды» 3:0 есебімен жеңген Семейдің «Алтай» клубы елдің басты біріншілігінде бақ сынасатын болады. Жаңа маусымға деген дайындық жұмыстары қазірдің өзінде қызу жүруде. «Қайсар» болгар маманы Стойчо Младеновті бас бапкер тағайындады. «Қайрат» орталық шептің негізгі ойыншыларының бірі Анатолий Тимощукпен қоштасты. «Астана» болса, «Ертіс» сапында осы жылы 18 гол соққан Роман Муртазаевты алды. Қазақстан чемпионатының клубтарға қояр талабы жылдан жылға өсуде. Енді командалар жас футболшыларды тәрбиелеу, трансферлік жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізу, клуб қаражатын тиімді пайдалана білу, бапкерлер мен басқа да қызметкерлердің жұмысын жақсарту сияқты талаптар ендігі ретте басты назарда болуы шарт. Себебі еліміздегі футболдың деңгейінің өсуімен қатар, Қазақстан чемпионатына деген қызуғышылықтың да артатыны сөзсіз. Кезінде атағы жер жарған Паоло Мальдинидің Алматыға келіп, «Қайраттың» футбол тарихымен танысуы да осының дәлелі. Бұл дегеніміз енді келетін легионерлерден де үлкен шеберлікті талап ету мүмкіндігі туады. Чемпионаттағы командалар деңгейі осындай қарқынды толқынмен дами түссе, келесі маусымда «Астана» мен «Қайрат» қақпаларының кілтін табар футболшылар аз болмайды. Осылайша 2016 жылғы футболдан өткен Қазақстан Премьер-лигасы жанкүйерлердің толықтай көңілінен шықты деп айта аламыз. Келер маусымды бүгіннен асыға күтушілер, әлден талқыға салатындар көбейіп келеді. 2017 жылғы футбол маусымы жанкүйерлеріне көптеген қайталанбас сәттер мен керемет голдар әкеледі деген сенеміз. Би-Болат Сейтақ