17 Қыркүйек, 2011

Жауынгер рухы туған жеріне оралды

614 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Миллиондаған адамның өмірі мен тағдырын жалмаған сұрапыл со­ғысқа Қайнар ауылынан аттанып, ту­ған еліне оралмаған Нұрқайымбай Дә­р­кен­баев туралы інісі Ілияс Қын­дыбайдың әңгімесі еріксіз қолға қа­лам алдырды. Ілияс бауырымыздың қолында құн­­­ды құжаттар сақталған. Онда Отан солдаты Нұрқайымбай соғыс кезінде қасын­дағы бес жауынгермен жау ты­лы­на өтіп, қару-жарақ тиеген колон­на­ны отқа орап, көзін жойып, ерен ерлік көрсетеді. Сонымен бірге, неміс гене­ралын қолға түсіріп, «тірі тілді» өз шебіне жеткізген Н.Дәркенбаев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Бұл жөнінде Рай­ымбек ауданынан Нұрқайымбаймен бірге болған Қызыл шекара ауылындағы Бейсен Сәркеев күні кешеге дейін көрген-білген шын­дық­ты жерлестеріне айтып келген. Кеңес Одағы­ның Батыры ата­ғына ұсынылғаны жайлы аудан­дық партия коми­тетінің сол кездегі хатшысына әс­кери бөлім командирінен де хат келіпті. Қаһар­ман қазақ кейін оққа ұшып, құжатты ешкім іздестірмеген. «Өлі риза болмай, тірі байымайды», деген. Ілияс Қын­дыбай ағасының жоғын жоқтап, ізіне түскен­дік­тен жау­ынгер жерленген Украи­на­ның Харьков облысы, Изюм ауданы, Сухая Каменка селосын­дағы бау­ыр­ластар зиратына ар­найы ба­рып, мар­құмның рухына тағзым етіп, қайтады. – Отан үшін, ел үшін отқа түскен жауын­гер­лердің қай-қайсысы да батыр ғой. Қыршын кеткен бауырымды көп жыл іздестірдім. Тым болмаса жер­ленген жеріне туған жердің топырағын жеткізсем, рухына тағзым етсем деп армандадым. Сол арманым орындалды. Қайнар ауылынан бір уыс топырақ апарып, бауырластар зиратындағы марқұмның қабіріне, зираттан топы­рақ әкеліп, ауылдағы ата-анасының мәңгі ұйқыдағы бейіті үстіне септім, – дейді әңгіме иесі. Украиндықтар Ресей Федера­ция­сы Қорғаныс министрлігінің Орта­лық мұражайынан алған құжаттар­ды, басқа да мәліметтерді қосып, сон­дағы өлкелік мұражайға тапсы­рып­ты. Бауырластар зиратындағы қа­зақстандық батыр жауынгер ру­хы­на тағзым етіп, сондағы Кеңес Ода­ғы­ның жеті батырының жанындағы қазақ жігітінің басына да белгі қой­ыпты. Харьков облыстық газеті мен телевидениесінде бұл жайлы жан-жақты жазылып, айтылыпты да. Ерлік – елге мұра, ер есімі – ел есінде мәңгі сақталады. Осының дәлеліндей жақында Ілияс Қын­дыбай Астанадағы арнайы орындардан рұқ­сат алып, республикамыздың қиыр шетіндегі Рай­ымбек ауданының Қайнар  ауылындағы Мәдениет үйінің алдына ескерткіш тұғыр орнатыпты. Ескерткіштің салтанатты ашылуына аудан әкі­мі­нің орынбасары Мәдени Нұрдәулетов қаты­сып, еңбек ардагерлері Сатыбай Құныпияев, Нұрмұхан Диқанбаев, Қайнар ауылының әкімі Оспан Иманбеков және басқалары  сөз сөйлеп, кескілескен ұрыста батырлықтың, ерліктің ерен үлгісін көр­сет­кен жерлестеріне деген жүрекжарды лебіздерін ортаға салды. Сол күні Қындыбаевтар әулеті  баба­сы­на арнап ас берді. Осылайша батыр рухы жерлестерімен қауышып, еліне тастұғыр болып орал­ды. Енді қайнарлықтар батыр бабаларының өне­ге­сін өмірлеріне үлгі ететін болады. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы, Райымбек ауданы.