28 Қараша, 2016

Қарағандыда биыл 671 млн теңге айыппұл салынды

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қарағандыда әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу деңгейін көтеруге бағытталған шаралар кешені жүзеге асуда. Жыл басынан бері қалалық ІІБ полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 107 мыңнан астам адамды жауап тартып, 671 миллион теңге айыппұл салған. Оның 286 миллион теңгесі өндіріп алынды, деп хабарлады Қарағанды облысы ІІД баспасөз хатшысы. Мәлім болғандай, өндіріп алу пайызы 42,7% құрайды. ҚР ӘҚБК 895-бабына сәйкес, 261 миллион 466 мың теңгеге  22 902 айыппұл төлеуді мәжбүрлеп орындату қаулысы шығарылды. Оның 74 миллион 882 мың теңгесі 6 023 құқық бұзушылық бойынша өндірілді. Қарағанды ІІБ әкімшілік полиция бөлімі жеке сот орындаушылармен бірігіп, айыппұлдарды өндіру жұмысын ұйымдастыруда. Облыстың әкімшілік полиция қызметкерлері көлік құралдарын тоқтатқанда өндірілмеген айыппұлдар бойынша тексереді және түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Аталған жедел-іздестіру шарасы аясында өндірілмеген айыппұлды еңбекақыдан ұстап қалу үшін құқық бұзушының жұмыс орнына қаулы жіберіледі. Сондай-ақ, ірі автотұрақтар тексеріліп, «Автоураган» ұялы кешені арқылы айыппұлы бар көлік иелеріне хабарлама беру жұмыстары ұйымдастырылады. Қалалық әкімшілік полицияның учаскелік инспекторларына айыппұл төлеуді мәжбүрлеп орындату қаулысы шығарылған тұлғалардың тізімі мекенжайымен қоса беріледі.