Қазақстан Қарулы Күштері Аэроұтқыр әскерлерінің өкілдері бірлескен стратегиялық «Орталық – 2011» жаттығуына қатысу үшін Ресей Федерациясының Астрахань облысындағы Ашулук полигонына аттанды. Әскери көлік ұшақтары десантты-шабуылдаушы рота орналасқан Талдықорғаннан ұшып шығып, Астана, Атырау арқылы Ашулукқа келіп қонды. Қазақстан десантшылар тобын Аэроұтқыр әскерлерінің әуе-десантын дайындау жөніндегі орынбасары полковник Виктор Житник бастап барды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
«Орталық – 2011» жаттығуының Ресей Федерациясында өтетін кезеңіне Қазақстаннан барлығы 100-ге жуық адам қатыспақ. Олар әскери басқару органдарының офицерлері мен Аэроұтқыр әскерлерінің өкілдері. Ал Қазақстан десантшыларының алдына қойылған міндет – межеленген жерді «басып алып, ұстап тұру». Бұл операцияны қазақстандық жауынгерлер жаттығуға қатысушы басқа да елдердің бөлімшелерімен бірге жүзеге асыратын болады. Қазақстан жағынан әуеде өз шеберліктерін Ми-17 тік ұшақтары мен майдандық авиацияның Су-27 ұшақтарының экипаждары көрсетпек.
Жаттығу төрт елдің аумағында өтеді: Ашулук пен Оймаша полигондарынан басқа оқу-жаттығу қимылдары Қырғызстанның Подгорное және Тәжікстанның Ляур полигонында жалғасын табады. Қазақстан Қарулы Күштері жаттығулардың барлық кезеңіне атсалысып өз үлестерін қосады. Жаттығуға сондай-ақ, Белоруссия мен Украинаның да әскери бөлімшелері тартылған. Белсенді қимылдар, әсіресе, Каспий теңізі су айлағындағы қазақстандық сектор мен Оймаша полигонында да жалғасады. Бұл аймақ құрлықтағы, теңіздегі және әуедегі әскери іс-қимылдардың нағыз ошағына айналмақ.
«Егемен-ақпарат».