29 Қараша, 2016

Мемлекеттік тіл мерейлене түсті

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанайда «25 жұлдызды күн» акциясы шеңберінде «Мемлекеттік тіл –қоғам бірлігінің және мемлекеттілікті біріктірудің бас­ты факторы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Онда облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов сөйлеп, бір кездері өңірде табалдырықтан қарап қалған ана тіліміздің бүгінде қайта өркендеуі Тәуелсіздіктің арқасы екенін айтты. Ең алдымен қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды. Облыс өңіріндегі аудан, қалалардың барлығында қазақ тілінде білім беретін мектептер жұмыс істейді. Бір Рудныйдың өзінде үш қазақ мектебі бар. Облыста мемлекеттік тіл­дің өріс­теуі үшін тіл үйрену ор­­талықтары ашылған. Ондай ор­талықтардың саны бүгінде 18-ге жеткен. Онда қазақ тілімен қатар ағылшын тілі, ұлттық-мәдени орталықтардың тілегімен неміс, украин, корей, татар, әзербайжан тілдері оқытылады. Облыс өңірінде мемлекеттік тілді үйренуге жастардың ықы­ласы да, белсенділігі де жо­ғары. «Абай оқулары», О.Бөкей атындағы мәнер­леп оқу бай­қауларының облыстық, респуб­ликалық деңгейлеріне облыс­тан қатысып, жүлде алып жүрген өзге ұлт өкілдері көбейіп ке­леді. «Тіл дарын» клубының бел­сенділері де негізінен қазақ тілін үйреніп алған, мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт жастарынан тұрады. – Менің қазақ тілін меңгеруіме ата-анамның еңбегі зор. Елбасы Қазақстанның болашағы қазақ тілін­де екенін айтып келеді. Мені оқуға қазақ мектебіне бер­гені үшін ата-анама алғысым шексіз, – деді таза қазақ тілінде сөйле­ген А.Бай­тұрсынов атындағы универ­ситеттің студенті Ольга Тихова. Бір қызығы, облыстың жергілікті ұлт саны аз Федоров, Жітіқара, Ұзынкөл секілді аудандарында жастардың мемлекеттік тілді үйренуге деген құштарлығы жақсы. Дмитрий Ромашенко өскен Федоров ауданында қазақ­тардың саны 18 пайыз ға­на. Талапты жас қазақ тілін өз бетімен үйреніп, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы мамандығын тәмамдап, қазір өзінің туған жеріндегі қазақ мектебінде ұстаздық етеді. Мұндай мысалдар жеткілікті. Облыста жастардың қазақ тілінде өнер көрсететін КВН коман­дала­рының саны жүзге жетіп жы­ғылады екен. Жастардың тілге деген ықы­ласы мен жұмысынан мем­ле­кеттік тіл мерейлене түскендей және оның жарқын болашағы да көрінгендей болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ