29 Қараша, 2016

«25 жылда ел жаңа...»

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік – егемен ел болумен қатар, уақыт көшінің түрлі шайқалысында ұлтымыздың түйілген жүгінен сусып түсіп, әр өткелде шашылып қалған құнды дүние, асыл қазыналарымызды қайта теріп, болашаққа аманаттауға берілген мүмкіндік. Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­даго­гикалық университеті Тарих және құқық институты­ның Тәуелсіз Қазақстан­ның 25 жылдығына орай өткізген «Тәуелсіз Қазақстан және әлем­дік қоғамдастық» атты ха­лық­аралық ғылыми-практикалық кон­ференциясы еліміз тәуел­сіздік алған кездегі тарихи мүмкіндікті қалт жібермей, ұлт құн­­дылықтарын түгендеуге кіріс­кен тарихшылар ең­бе­гіне арналды. «Әлемдік қоғамдастықта өзіндік орынға ие болған Қазақстан әлемдік саясаттың бір мүшесі ғана емес, бір субъектісі де болып үлгерді. Ішкі саясат жетістіктерінен сыртқы саясат жетістіктері әлдеқайда қомақты десем, артық айтпас едім. Бізге қазір сыртқы саясат үлкен пайда әкеліп отыр. Ресей, Қытай, АҚШ сияқты ірі державалармен ғана емес, Орталық Азия елдерімен де, Еуропамен де қарым-қатынасты жолға қоя білу кез келген мемлекет басшысының қолынан келе бермейтін іс», деген профессор Сайын Борбасов Қазақ­станның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарына тоқталып өтті. Тарих және құқық институты­ның ди­ректоры, профессор Болат Жұма­ғұ­лов, академик Қайрат Иса­ға­лиев, тарих ғылымдарының док­торы Әзімбай Ғали, осы оқу орнының магистранттары мен оқы­тушылары, сту­денттері, ғы­лы­ми ин­с­титуттардың, қо­ғам­­дық ұйым­дар­дың басшылары қатысқан ха­­лық­аралық конференция қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүр­гізілді. «Қазақта «Елу жылда ел жа­ңа»­­ деген сөз бар. Біз «25 жылда ел жаңа» десек, артық айтпаспыз. Оған 90-шы жылдардан бері елі­міз­дің қаншалықты өзгергені дә­лел. Елі­­міздің әрбір азаматы қа­сиет­ті тәуелсіздіктің қадірін білуге тиіс», деп түйіндеді конференция жұ­мы­сын ҚазҰПУ проректоры Ғабит Кенжебаев. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ