29 Қараша, 2016

Тұғырлы елдің жетістіктер көрмесі

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
era_5076Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Тұңғыш Президент күніне және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрмелердің ашылу рәсімі өтті.  Оған Мемлекеттік хатшы  Гүлшара Әбдіқалықова,  Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков,  Парламент депутаттары, саяси және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың  өкілдері қатысты. Жиында сөз алған Мемле­кеттік хатшы Г.Әбдіқалықова: «Тә­уел­сіздік жолының ширек ғасырлық белесінде елі­міз әлемдік қоғамдастықта эко­но­ми­касы дамыған, қазіргі заман­ғы өркениетті мемлекет ретін­де қалыптасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген «Қа­зақстан жолын» бірлік пен тұрақтылықтың айшықты үлгісі ретінде төрткүл дүние мойындады. Көпэтносты халқымыздың бірлігі мен ынтымағы арқасында елдің тәуелсіздік тұғыры бекіді. Бүгін­де терезесі тең, керегесі кең тәуел­сіз Қазақстанның толайым та­быс­тары мен жетістіктері бір-бірі­мен тамырласып жатыр»,– деді. Гүлшара Наушақызы, сонымен қатар, мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күні биылғы мерейлі жылы айрықша мәнге ие болып отырғанын, ал аталған көрме Қазақстан қоғамы мен халықаралық қоғамдастық үшін елеулі тарихи-мәдени іс-шара екенін айтты. Бұл күні шара қонақтарының назарына 8 көрме ұсынылды.  Мәселен, «Елбасы жолы» деп аталған көрмеге 50-ден астам мұрағат құжаты қойылған. Олар Пре­зиденттің батыл бастамаларынан және тәуелсіз елдің да­му тарихынан сыр шертеді. «Тәуелсіз Қазақстан – тұғырлы ел» көрмесі елдің ширек ғасыр ішін­де әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарыштап дамуының, әлем таныған мемлекет ретінде қалыптасуының, еңселі елорданы гүлдендірудің кезеңдерімен таныстырады. Мұндағы экспо­зицияға 50-ге жуық фотоқұжат қойылыпты. Сондай-ақ, шара­ға қаты­сушылар Елбасы кітапхана­сындағы аса құнды 550 жинақ­пен 3 кітап көрмесі арқылы танысты.  Ол кітап көрме­лері «Н. Ә. Назарбаев – Тәуел­сіз Қа­зақ­станның негізін қа­лаушы», «Елбасына естелікке қол­таңба», «Егемен елдің тәуел­сіз­дік шежі­ресі» деп аталған екен. Ал «Әлем қадірлеген Елба­сы» көрмесінен  Қазақстан Пре­зидентіне шет мемлекеттердің берген жо­ғары наградаларын көре аласыз. Мәселен, коллекцияда Ұлы­британия, Жапония, Ресей, Вати­кан, Франция, Ауғанстан, Қытай се­кілді елдердің тарапынан ұсы­нылған 41 награда бар. «Ұлы Дала елі» деп аталған көрме де жұртшылықтың қызы­ғу­­шы­лығын туғызды. Онда Қа­зақ­стан Суретшілер одағының мүшесі Нұржан Қарымсақовтың елдің 25 жылдағы табыстары мен же­тістіктерін қылқаламмен сөй­леткен 36 туындысы қойылған. Бұл күні, сондай-ақ, «Көш­бас­­шылық факторы», «Парламен­таризм эволюциясы», «Бітім­гер­шілік әре­кет­тердің жол картасы» се­кілді фильм­дердің көрсетілімі өтті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»