29 Қараша, 2016

Жаңа мамандықтарға үйрету жұмыс орнында жүргізіледі

87 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Жұмыспен нәтижелі қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жобасын таныстырды. «Жол картасы 2020» жұмыспен қамту бағдарламасынан айырмашылығы, жаңа бағдарламада оқу уақытының 40-60%-ы жұмыс орнында өткізіледі. Сонымен қатар, елді мекендер жедел оқытушы топтарымен қамтылып, 1-6 айға дейінгі аралықта модульді оқыту курстары өтеді. «Бағдарламаның басым бағытының аясында азаматтардың өз бетінше жұмысқа орналасу және өз ісін ашу мүмкіндіктерін кеңейту үшін жаппай қажет мамандықтарға оқыту ұйымдастырылады», – деді министр. Қазақстандықтар колледждердің базасында тегін кәсіби білім ала алады. Бірінші кезекте, бұл шаралар жастарды қамтуға тиіс. Сондай-ақ ел азаматтары тегін қысқа мерзімді дуалды білім беру курстарынан өтіп, қосымша мамандық иелене алады. Оларды оқыту колледждердің базасында, «Атамекен» ҰКП оқыту орталықтарында, жұмыс берушілердің оқыту орталықтарында жүргізіледі. Контингентті жинау және оқыту аймақтардың экономикалық қажеттіліктері мен жұмыс берушілердің сұранысына орай жүргізіледі. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»