29 Қараша, 2016

Алмат Исәділдің шығармашылық кеші өтті

267 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
unnamed-7 ...Бәріне мені үйреткен – Әкемнен қалған жылылық, Шешемнен қалған жылылық. Және де Өлеңнен қалған ұлылық, - деп жырлап, сол өлеңге деген ұлылықтың жетегімен бүгінгі қазақ поэзиясы көшінің алдыңғы қатарына шыққан ақын Алмат Исәділдің «Аспантау», «Бір тамшы» жыр жинақтарының тұсаукесеріне орай, «Елім барда...» атты Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шығармашылық кеші өтті. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының лық толы үлкен залынан орын жетпесе де, кеш соңына дейін тапжылмастан тік тұрып жыр тыңдаған өлеңсүйер қауымға қарап, жұртшылықтың шынайы поэзияға, нағыз ақын жырларына сусаған көңілін көргендей болдық. Қаланың қым-қуыт күйбең тірлігінен бір сәтке қол үзіп, кешқұрым шақта Алмат ақынның кешіне ағылғандар көңіл түкпіріндегі көмескі тартқан әлдебір құнды асылдарын қайта тауып, қоңырсалқын тартқан жүрекке жыр теңізінен өлең-қасықпен ыстық ағыс құйып қайтқандай ғажап әсерге бөленді десек артық айтпаспыз. unnamed-6 Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, аудармашы, журналист, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Қоғаммен байланыс және редакциялық қызмет басқармасының директоры Алмат Мұратұлы Исәділдің бұған дейін де «Жолдар, жолдар...», «Көңілалаң», «Көкжиекке сіңген жол» атты жыр кітаптары мен «Мен – қазақтың баласы» балаларға арналған өлеңдер жинағы шыққан болатын. Осы кеште Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай сияқты айтулы ақындар, Нұртілеу Иманғали сияқты танымал журналистер ақынның «Аспантау» және «Бір тамшы» атты екі бірдей кітабының тұсауын кесті. «Алмат Исәділ – қазіргі қазақ поэзиясының бүгінгі үкілеген үміті, ертеңгі үлкен сенімі» – деп, іні-ақынға өз бағасымен бірге батасын да берді аға-ақын Ұлықбек Есдәулет. «Әрдайым көз тігіп заңғарға, Сүйеніп өстім мен тауларға. Таулардан үйрендім төзуді, Тағдырым тәлкекке салғанда...» – деп, Хантәңірідей аспантаулы өлкесін, Тәуелсіз елінің кешегі мен бүгінгі жетістігін, ертеңгі үмітін, азаматтық пен адамгершілікті сынға салып тұрар қатал өмірдің уытты сәттері мен қымбат та тәтті шақтарын шығармаларына өзек еткен ақын көзі қарақты оқырманға талантты аудармашы ретінде де таныс. Олжас Сүлейменовтей біртуар ақынның біраз өлеңін қазақшаға шебер аударған Алмат Исәділ А.Пушкин, С.Есенин, М.Лермонтов, И.Северянин сияқты орыс ақындарының, бірқатар түрік шайырларының туындыларын қазақ тілінде сөйлетіп қана қоймай, қазақ поэзиясының кейінгі өкілдерінің шығармаларын орыс тіліне де аударумен айналысып жүр. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, бірнеше жыр мүшәйраларының жүлдегері, қазақ әдебиеті және журналистика саласындағы жетістіктері арқылы 2013 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған Алмат Исәділ шығармашылығын бағалай білген жерлестері,  Алматы облысы Райымбек ауданы әкімдігі ақынға «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» деген атақ беріп, кешке арнайы алып келген сый-сияпаттарын табыс етті. Қазақтың қасиетті қара өлеңін жанына серік еткен ақынның бірқатар өлеңдеріне жазылған әндер әдемі кештің, әсерлі кештің шырайын келтіре түсті. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суретті түсірген Мамыржан БОТАБЕКОВ