Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді
Ұлттық Банктегі қызметін абыроймен аяқтаған Бисенғали Шамғалиұлын Мемлекет басшысы «Сені жақсы білетінімді ескеріп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг комитетінің төрағасы лауазымына тағайындаймын», деп жаңа жұмысына сәттілік тілеген болатын. Осылайша, 2014 жылғы қаңтарда лауазымға тағайындалған Бисенғали Тәжіяқов жақында мемлекеттік қызметтегі жұмысын аяқтады. Бұл күндері әйгілі банкир өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ол Мемлекет басшысының көңілінен шыққанын, өмір бойы лайықты жұмыс істегенін және мемлекеттік қызметтегі кәсіби жұмысын абыроймен аяқтағанын мақтан тұтады. Оның 49 жылға тең жоғары біліктілігін көрсеткен кәсіби өмір жолында еліміздің қалыптасуы мен дамуына байланысты көптеген атаулы сәттер болды. Олардың барлығы да есте қалатын әрі мемлекет тарихының өтпелі кезеңдерінде орын алған сәттер. Осындай есте қалған сәттердің бірі – 1991 жылы Президенттің Мемлекеттік қойманы құру және еліміздің алтын қорын қалыптастыру туралы Жарлықты қабылдауы. Алтын мен күмістің алғашқы құймасы республикаға 1992 жылғы 7 қаңтарда жеткізілді. Бұл оқиғаға Мемлекет басшысы қатысып, Үкімет пен Ұлттық Банкке алтын өндіру салаларын дамыту бойынша шаралар қабылдауға тапсырма берді. Алтын мен күміс өнімінің жалғыз сатып алушысы Ұлттық Банк болды. Бұл уақытта Ұлттық Банк басқармасы төрағасының бірінші орынбасары және төрағаның міндеттерін атқарған Бисенғали Шамғалиұлы жұмыстың нәтижелі болуына және жүйелі ұйымдастырылуына бар күш-жігерін жұмсады. Бұл аса күрделі уақыт еді: 1991 жылдың екінші жартысынан бастап республикада қолма-қол ақшаның жетіспеуі орын алды, проблеманы шешу үшін КСРО Мембанкінің басшыларымен кездесуге Мәскеу қаласына баруға тура келді. Сонымен бірге КСРО Мембанкімен өзара есеп айырысу мәселелері қаралды, себебі кейбір республикалар өздерінің квазивалютасын енгізе бастады. КСРО Мембанкі еліміздегі ақша айналысын орталықтандырылған басқару бойынша өкілеттіктерін біртіндеп жоғалта бастады. Президент республиканы қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударып, КСРО басшылығымен кездесу кезінде де бұл мәселе күн тәртібінен түспеді. 1992 жылдың екінші жартысынан бастап ұлттық валютаны енгізу бойынша дайындық жұмыстары басталды. Тиісті заңдар әзірленіп, қабылданды. Қыркүйекте ағылшын фирмаларының бірімен банкноттарды дайындау туралы шартқа қол қойылды. 1993 жылғы 30 наурыз шартты аяқтаудың белгіленген мерзімі еді. Дайындалған банкноттар осы күні Қазақстанға Англиядан толық көлемде жеткізілді. Бұл жөнінде санаулы ғана адам білді. Теңге енгізілгеннен кейін 1993 жылғы 17 желтоқсанда Ұлттық Банкке Президент келіп, Банктің жаңа төрағасы Дәулет Хамитұлы Сембаевты таныстырды. Өз сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлттық Банк басқармасының залында тек Б.Тәжіяқовты ғана танитынын айтты, ол жаңа басшылыққа елдегі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Ұлттық Банктің имиджін көтеруге тапсырма берді. Тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық Банкінің басшылық құрамында Ораз Жандосов, Григорий Марченко, Қадыржан Дамитов бар қаржы саласының талантты жас буынын әкелді. Әріптестері мен басшылық оны барынша кәсіби және адал басшы ретінде сипаттаған Б. Тәжіяқов төрағаның бірінші орынбасары болып қызметін жалғастырды. Д.Сембаевтың Б.Тәжіяқовтың қолы қойылмай бірде-бір құжатқа қол қоймағанын атап өтуге болады. Бисенғали Шамғалиұлы келесі төраға О.Жандосов кезінде де – 1997 жылғы шілденің ортасына дейін Ұлттық Банк төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. Бисенғали Шамғалиұлының өмір жолындағы тағы бір белес – Президенттің оған сенім білдіріп, 1997 жылғы шілдеде Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы болып тағайындалуы болатын. Мерейтой иесінің айтуынша, оны Премьер-Министрдің орынбасары, Қаржы министрі Александр Сергеевич Павлов шақырып алып, Президенттің тапсырмасы бойынша осы лауазымға тағайындайтынын хабарлады. «Бұл мәселе шешілді», деп қорытындылады министр. Бір күннен соң Президентпен кездесуден соң Б.Тәжіяқовты тағайындау туралы өкімге қол қойылды. Бұл комитеттің астанаға алдағы көшу кезеңімен тұспа-тұс келді. Дегенмен, Бисенғали Шамғалиұлына өз ведомствосының көшуін жүйелі түрде ұйымдастырып, оны жаңа жұмыс орнында орналастыру, ал ең бастысы комитеттің жұмысын ілгері дамыту тапсырылды. Тапсырма сәтті орындалды: Салық комитеті Ақмола қаласына 1997 жылғы 7 желтоқсанда көшті. Мен Президенттің көрегендігі мен даналығына тәнтімін, – дейді Бисенғали Шамғалиұлы. – Бір пәтерден екіншісіне көшкен кезде әбігер болады, ал бүкіл астананы көшіру және оны салу қажет болды. Алайда бұл өте қызықты уақыт еді! Салық комитетін Алматыдан Ақмолаға ауыстырған кезде біз уақытпен санаспай, күнбе-күн жұмыс істедік. Ол кезде тұрмыста да талай қиыншылық болды: тамақ ішетін жер жоқ. Кейбіреуі «Турист» деген кеңестік қонақүйде тұрды. Мамандардың көпшілігі жатақханада тұрды. Бүкіл комитетке небәрі екі-ақ телефон берілді. Ақмоланың климаты көп адамға сәйкес келмеді. Алайда, барлық қиындықтарға қарамастан, осы күрделі жолдан өтуге көмектескен энтузиазм болды. Президентіміз астананы құрудың алдағы уақытша қиындықтарын біле отырып, уақыт көрсетіп отырғандай, еліміз үшін осы батыл әрі көреген шешімді қабылдады. Мен әрдайым Мемлекет басшысының осындай бірегей шешімдерді қабылдауы және адамдарды иландыра білу қасиетіне, қиындықтарды еңсеру қабілетіне ризамын. Сондықтан Президенттің маған сенім білдіруі аса маңызды болды, мен әрдайым өзімді Президент командасының мүшесі ретінде есептеймін. Бисенғали Шамғалиұлы ол кезде жақсы көңіл-күймен жұмыс істегенін еске түсіреді. Бұл тұрмыстағы қиындықтарды жедел шешуге, комитеттің жұмысын реттеуге жағдай жасады. Ең қиын – қалыптасу кезеңін комитет Бисенғали Тәжіяқовпен бірге өтті. 90-шы жылдары, жалақы мен зейнетақы уақтылы төленбей, өзара берешектің ауқымды сомасы туындаған кезде комитетке проблемаларға күн сайын мониторинг жасау және Үкіметке есеп дайындау, сол сияқты шешім іздестіру: қалыпты тауар-ақша айналымын бартер ауыстырған кезде ақы төлеу, салық жинау сияқты мәселелерді шешу тапсырылған болатын. Осы мәселе туралы Бисенғали Шамғалиұлы Үкіметке ақпарат берді. Оның орнына келген жаңа төрағаға комитеттің ретке келтірілген құрылымы бар еңбекқор әрі белсенді ұжым қалды. Ал Бисенғали Шамғалиұлының еңбек жолында жаңа кезең басталды. 1998 жылғы қазанда Мемлекеттік кірістер министрлігі құрылып, Президент оны министрдің міндетін атқарушы етіп, ал кейіннен осы ведомствоның вице-министрі етіп тағайындады. Алайда кәсіби банкир ретінде Б.Тәжіяқов банк саласына оралғысы келді және бұл тілегі 1999 жылғы сәуірде іске асты. Ол Ұлттық Банкке төрағаның орынбасары болып оралды, бұл жоғары деңгейдегі кәсіби маман үшін заңды жағдай еді. Бұл лауазымда ол 2014 жылдың басына дейін жұмыс істеді. …Балалық шағында Бисенғали осындай кәсіби мансап туралы армандамаған шығар. Ол соғыстан кейінгі 1946 жылы Түрікменстанда дүниеге келді. Бұл жерге оның ата-анасының отбасы – Ақтөбе облысының тумалары 30-шы жылдардағы аштық кезінде көшіп келді. – Өз атам есімде жоқ, біздің әжеміз болды, – деп әңгімелейді Бисенғали Шамғалиұлы. – Ол екі ұлын жалғыз тәрбиеледі. Олардың екеуі де – менің әкем Шамғали да, оның ағасы Шамсутдин де – Ұлы Отан соғысына қатысушылар. Әкемнің ағасы Сталинградта соғысты, ал менің әкем қоршаудағы Ленинградты қорғады. Екеуі де тірі қалды, менің әкем ауыр жараланғаннан кейін бір аяғынан айырылды. 1959 жылы әкемнің ағасы Қазақстанға, туған ауданына оралды. Ал 1961 жылы біздің отбасымыз Ақтөбеге көшіп барды. Ата-анам білімді адамдар еді, олар бейбіт өмірде, Түрікменстанда да, Қазақстанда да өздеріне лайықты орындарын тапты. Әкемнің ағасы банк бөлімшесін басқарды, ал әкем Түрікменстанда аудандық байланыс бөлімшесі бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. Түрікменстаннан кейін әкем Ақтөбеде 1982 жылдың ортасына дейін облыстық байланыс бөлімінің бастығы болып қызмет етті. Бисенғали Шамғалиұлы әрдайым өз қаласын, мектебін және достарын еске түсіріп отырады. Ерекше жылы сезіммен бір партада отырған досы – Марат Оспановты еске алады. – Марат маған көшеде алма өсіп тұрған қала туралы әңгімелейтін, – деп күлімдеп еске алады өз досын Бисенғали Шамғалиұлы. Сол кезде оны Алматы қаласы қызықтырып, әкесінің мақұлдауымен ол бақ-қалаға оқуға аттанды. 1967 жылы есеп-кредит техникумын аяқтап Ақтөбеге жұмысқа жолдама алды. Бисенғали өзі банктің аудандық бөлімшесіне жас маман болып жұмыс істеуге ниет білдірді, мамандықтың қыр-сырын басынан бастап меңгеруге талпынды. Ол бір жылдан астам уақыт кредит инспекторы болып жұмыс істеді. – Менің жолымда ылғи жақсы, дана адамдар кездесті, – деп жалғастырады сөзін Бисенғали Шамғалиұлы. – Өмірімнің маңызды сәттерінде мен олардан жақсы кеңес немесе бата алдым. Оқуымды бітірген кезде облыстық кеңсенің басқарушысы маған: «Бисенғали, сен мемлекеттік қызметке барасың. Сен жас кредит инспекторы болсаң да, қолыңда шамалы билік бар. Саған адамдар келген кезде өздерінің жеке проблемаларымен емес, ұжымның проблемаларымен келеді, ол проблемаларын шешуге сен көмектесуің керек», – деді. Бұл тілегі менің өмір бойғы кәсіби кредома айналды. Әлі күнге дейін, адамдар маған келіп өтініш айтқан кезде, мен олардың мәселелерін шешуге көмектесуден ешқашан бас тартпаймын. … Аудандағы қызметінен оны облыстық кеңсеге ревизор жұмысына шақырды. Содан соң аға ревизор болып жұмыс істеген кезде әскери борышын өтеуге шақырылып, Оңтүстік Сахалинде әскер қатарында болды. Оның мамандығы бұл жерде де талап етілді: Бисенғалиді полктың қаржы бөлігі бастығының көмекшілігіне жіберді. Ол әскерде қалуына болатын еді, бірақ ол одан бас тартты. Үйіне оралып, отбасын құрды. Қазір өзінің зайыбы Гүлзина Сәрсенбайқызымен 45 жылға жуық бақытты өмір сүруде. Олар да Бисенғали Шамғалиұлымен бірге бір қаладан екіншісіне көшті: Ақтөбе – Атырау (Гурьев) – Қызылорда – Алматы. 28 жасында ол Қазақ КСР Мембанкінің Ақтөбе облыстық кеңсесінің ең жас бөлім бастығы болды. Өзі басқарған Мембанктің Гурьев және Қызылорда облыстық кеңселерін бірнеше жыл ішінде банктердің рейтингінде барынша жоғары орынға көтере білді. Осыдан кейін оны Қазақ КСР Мембанкі басқармасы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына шақырғаны да кездейсоқ жағдай емес. Облыс басшылары болашағы бар банкирдің өңірлерде ұзақ қалмайтынын түсінді. Осылайша, Бисенғали Тәжіяқовты Қызылордадан Алматыға ауыстыратыны белгілі болған кезде облыстық комитеттің сол кездегі бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков: «Біз кадрларды тәрбиелейміз, ал олар астанаға кетіп қалады. Біздің прокурорымыз Бас прокуратураға кетіп қалды, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Орталық Комитетке меңгеруші болып ауысты, енді міне, Бисенғали Шамғалиұлы да ҚР Мембанкіне басшы лауазымға кетіп бара жатыр», – деп мұңдана тілек айтқаны бар. Ал кейіннен жеке кездескенде ол: «Сен бізде үш жылдай жұмыс істедің. Мен сенің жұмысыңа ризамын – сен жоғары лауазымға облыстық комитеттің резервінде тұрдың, астанада жұмыс істеген кезде облыс туралы да ұмытпа», деп айтқан болатын. 1998 жылғы 18 желтоқсанда Б.Тәжіяқовты Мембанктің Қазақ республикалық кеңсесі басқарушысының бірінші орынбасары етіп тағайындау туралы шешімге Мәскеу қаласында қол қойылды. Жұмыс бірден басталды: банк жүйесінде реформа өткізілді, онда Мембанктің және Құрылысбанкінің негізінде мемлекеттің қатысуымен үш мамандандырылған банк қосымша құрылды. Бұл шешімнің ең озық шешім болмағанын өмір көрсетті. Алайда бұл кеңестік кезеңнің тарихы еді... Осыдан соң Б.Тәжіяқовқа әріптестерімен және қаржы саласындағы жас мамандармен бірге Қазақстанның тәуелсіз банк жүйесін құру міндеті қойылды. Ол кезеңде әріптестермен бірге ұлттық валютаның орнықтылығын қамтамасыз етудің күрделі міндеттерін шешуге тура келді, ол кейіннен еліміздің бүкіл қаржы жүйесінің өзекті орталығына айналды. Теңге енгізілгеннен кейін ғана Қазақстан толық тәуелсіздік алып, дербес ақша-кредит және экономикалық саясатын жүргізу мүмкіндігіне ие болды, деп атап өтті банкир. Біздің қаржы жүйеміздің және тұтастай алғанда ел экономикасының әлемнің талай қаржы дағдарысынан, талай сын-қатерден өткені, Үкімет пен Ұлттық Банктің қандай маңызды әрі күрделі шешімдерді қабылдағаны көпшіліктің есінде болар. Бисенғали Шамғалиұлы барлық кезең мен барлық қабылданған шараларды олар кеше ғана орын алғандай есінде сақтап отыр. Ол бүгінде де қандай да болсын қабылданған шешімді егжей-тегжейлі түсіндіре алады. Бұрынғы банкирлер болмайды деген рас сөз екен. Ол тәуекелдерді, қауіп пен сын-қатерді көріп отыр, орталық банктің қазіргі командасы ахуалды сауатты түрде бақылап, басқарып отыр деп есептейді. Ол бүгінгі күні қаржы жүйесін өзінің кәсіби жолын ұлттық қаржының қалыптасуының күрделі кезінде бастаған мамандардың басқарып отырғанын мақтан тұтады. Өзі ол кезде шешімдер қабылдаған және тарихи міндеттерді іске асырған адамдардың қатарында болды. Қазіргі банкирлер едәуір сыннан өтіп, болашаққа шешімдер қабылдауға үйренді – бұған Бисенғали Шамғалиұлы өте қуанышты. – Ұлттық Банк қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтап отыр, – деп қорытындылайды мерейтой иесі әңгімесін. – Мен өзімнің қаржыны басқарудағы біршама тарихи тәжірибемді банкирлердің жаңа буыны қабылдағанын, тарихи эстафетаның дәстүрлі сабақтастық табатынын және отандық экономиканың болашақ өркен- деуіне қызмет ететінін көріп отырмын. Мерейтой қарсаңында Бисенғали Шамғалиұлының сақтандыру компаниясында бас кеңесші болып жұмыс істеп, өзінің еңбек қыз-метін жалғастырып жатқанын атап өткен жөн. Бисенғали Шамғалиұлы тек кәсіби қызметінде ғана өрелі жетістіктерге жетіп қоймай, сол сияқты адал жарымен бірге банкирлер әулетін жалғастырған лайықты балалар тәрбиеледі. Оның отбасының және жақындарының кәсіби банк қызметінің жалпы өтілі бүгінде жүз елу жылға жуық уақытты құрап отыр.Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұжымы,
басшылығы мен ардагерлер кеңесі Бисенғали Шамғалиұлы ТӘЖІЯҚОВТЫ
70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды!
Бисенғали Шамғалиұлы Тәжіяқов саналы ғұмырының 49 жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметтегі жұмысқа, оның ішінде 43 жылдан аса Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жұмыс істеуге арнады. Аса жоғары кәсіби білімінің және қаржы саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесінің арқасында Қазақстан Республикасының тәуелсіз банк жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ еліміздің қаржы жүйесін дамытуға зор үлес қосты. 1993 жылы ол ұлттық валюта – теңгені енгізуге тікелей қатысты. Астана қаласына ат басын бұрған көшелі көшті бастаушылардың қатарында да Бисенғали Шамғалиұлы болды. Өз ісіне деген зор жауапкершілік, адалдық әрі кәсіби біліктілік Бисенғали Шамғалиұлын елдің ыстық ықыласына бөлеп, абырой биігінен көрсетті. Өнегелі өмірі мен мол тәжірибесі әріптестеріне әрқашан үлгі болды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан айтарлықтай үлесі, жемісті еңбегі және белсенді қоғамдық қызметі үшін Бисенғали Шамғалиұлы бірнеше рет мемлекеттік наградаларға ие болды. Үшінші дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендері, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы және 18 мерейтойлық медаль – оның мемлекет алдында сіңірген еңбегінің лайықты нәтижесі. Ол сонымен қатар «КСРО Мембанкінің үздігі» белгісімен марапатталған, ҚР ҰБ еңбек сіңірген қызметкері, Мемлекеттік қызметтің еңбек сіңірген қызметкері және Қаржы министрлігінің еңбек сіңірген ардагері болып табылады. Бисенғали Шамғалиұлына мықты денсаулық, отбасылық береке-бірлік және ұзақ ғұмыр тілейміз!Жаңалықтардан қашанда хабардар болу үшін
Қызықты, ең бастысы, қолайлы әрі пайдалы мобильді қосымша ағымдағы жылғы қарашада отандық мессенджерлер нарығында пайда болды. Қазақстанның қаржы реттеушісі «ҚҰБ Online» сервисін іске қосты, ол пайдаланушыларға шұғыл түрде Ұлттық Банк қызметіне қатысты және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы сұрақтарға жауап алуына мүмкіндік береді. Осы қосымшаның арқасында пайдаланушылар кәдімгі WhatsApp, Viber және Telegram мессенджерлерінің көмегімен Ұлттық Банкке тікелей жүгіне алады. Алайда Ұлттық Банктің «ҚҰБ Online» қосымшасы арқылы алынған жауаптың ақпараттық-түсіндіру сипатында екендігін және реттеушінің ресми жауабы болып табылмайтынын есте сақтау қажет. Айта кетерлігі, қосымшаны пайдаланушылардың сұрақтарына жауаптар жұмыс уақытында пайдалану келісіміне сәйкес берілетін болады. Егер пайдаланушылардың сұрақтары құпия сипатта болып, ресми жауап алуды талап етсе, онда Ұлттық Банкке «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңға сәйкес жүгінуге тиіс. «ҚҰБ Online» қосымшасымен жұмыс істеген қолайлы, интерфейсі түсінікті екенін атап өткен жөн. «ҚҰБ Online»-да жеті бөлім бар: «Банкноттар мен монеталар»; «Ипотекалық кредиттер»; «Айырбастау операциялары»; «Банктерде қызмет көрсету»; «Төлемдер»; «Банкоматтардың жұмысы» және «Басқалары». Осылардың әрқайсысына қысқаша тоқтала кетейік. «Банкноттар мен монеталар». Бұл бөлімде пайдаланушылар тозған банкноттар мен бүлінген монеталарды қай жерде, қалай айырбасталатыны; ескі және айналыстан шығарылған купюралар қандай қағидаларға сәйкес айналыстан алынатындығы; инвестициялық және коллекциялық монеталарды қайдан сатып алуға және олардың тақырыбының толық тізбесін қайдан алуға болатыны туралы сұрақ қояды. Осы жерде оларды қайта сатып алу қағидалары мен талаптары туралы білуге болады. «Ипотекалық кредиттер». Ипотекалық кредиттеу жөніндегі барлық мәселелерді түсіндірудің, қарызды өтеудің немесе қайта қаржыландырудың қағидалары туралы білудің жақсы мүмкіндігі беріліп отыр. Сонымен бірге, банктердің төлем жасауға қабілетсіз ипотекалық қарыз алушылармен жұмысы туралы консультация алуға болады. «Айырбастау операциялары». Бұл жерде бәрі бар – уәкілетті банктердің және уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттерінің қызметі, шетел валютасын республикада айырбастаудың және оның айналымының басқа аспектілері. «Банктерде қызмет көрсету». Егер коммерциялық банкпен қатынаста түсінбеушілік болып, реттеушіге осы тақырыпқа қатысты сұрақ қоятын уақыт жетсе, осы бөлімді қараған жөн. Мұнда, мәселен, банктік салым шарттарын жасасу, банктердің клиенттердің өтініштерін қарауы және т.б. сияқты мәселелер бойынша консультация алуға болады. «Төлемдер». Бұл бөлімде пайдаланушылар банк шотынан; банк шотын ашпай; төлем карточкасын пайдалана отырып, сондай-ақ халықаралық ақша аудару жүйесі арқылы төлемдер жүргізудің және ақша аударудың талаптары мен тәртібін анықтай алады. «Банкоматтардың жұмысы». Осы жерде екінші деңгейдегі банктер банкоматтарының жұмысы туралы, сондай-ақ солар арқылы жүргізілген операциялар туралы пікір білдіруге, шағымдануға болады. «Басқалары». Егер пайдаланушының сұрағы жоғарыда аталған санаттардың біріне сәйкес келмесе, онда оны осы жерге жіберу қажет. Сонымен бірге, «ҚҰБ Online» пайдаланушыларына KASE-тегі сауда-саттық нәтижелері мен валюталар бағамдары туралы өзекті ақпарат, қаржы нарығы бойынша деректер және қаржы реттеушісінің басқа да жаңалықтары алғашқылардың бірі болып қолжетімді болады. Қосымшаға күнделікті жаңартылып отыратын жаңалықтар жолағы енгізілген. Айта кетерлігі, бүгінгі күні «ҚҰБ Online» мобильді қосымшасында 2 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген, олар қаржы реттеушісіне шамамен 400 сұрақ жіберді. «ҚҰБ Online» мобильді қосымшасы мемлекеттік немесе орыс тілдерінде App Store және Play Науket дүкендерінде тегін көшіріп алу үшін қолжетімді екенін атап өтеміз. Бұл қосымшаны көшіруге берілген сілтеме Ұлттық Банктің www.nationalbank.kz Интернет-ресурсында және Ұлттық Банктің әлеуметтік желілердегі ресми парақтарында орналастырылған. Бетті дайындағандар Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан» және Алевтина ДОНСКИХ