30 Қараша, 2016

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы – шежірелі Шалқарда

108 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
shalkar-1Үстіміздегі жылғы 1 қараша күні Астана қаласынан шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Шалқар қаласына табан тіреген еді. Қазақстан халқы Ассамблеясының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған республикалық акциясының аясында жолға шыққан пойызды шалқарлықтар зор қошеметпен қарсы алды. Темір жол вокзалында ертемен тынық ауаны тілгілеген әуезді әуен мен күмбірлеген күй меймандарды қарсы алу рәсіміне жиылған қауымның қарасын көбейте түсті. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Елемес Шотанов егемендіктің мерейлі мерейтойы қарсаңында Шалқарға табан тіреген қонақтар қадамына сәттілік тіледі. Еңбек ардагері, Шалқар ауданының құрметті азаматы Оразбай Әділбаев қонақтарға ақсақалдық батасын беріп, шежірелі Шалқардың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін мазмұнды әңгімелер тиегін ағытты. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов бұл сапардың мақсат-міндетіне тоқталды. Топ жетекшісінің айтуынша, бұл құрамда жеті министрліктен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «ҚазАгро» ұлттық холдингі, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамынан барлығы 271 адам бар, оның 72-сі медицина қызметкері. – Басты мақсат – елдегі әлеуметтік ахуалға көңіл бөліп, Елбасы ұстанған саясаттың жетістіктерін халыққа жеткізу, бұқара мен билік арасындағы байланысты одан әрі нығайту. Күн тәртібіндегі мәселелерге орай біз аялдаған жерлерде жүйелі жұмыстар жүрді, нәтиже бар. Осы сөзіміз бен ісіміздегі үйлесімділік Шалқарда да жалғасын табады деп сеніммен айта аламын, – деді Ә.Әлпейісов. Пойыз құрамындағы мамандар «Нұр Отан» партиясы Шал­қар аудандық филиалы ғима­ратында, аудандық Мәдениет үйінде, аудандық орталық ем­ханада тұрғындарға қоғамдық қа­был­даулар жүргізді. Қабылдауға келген тұрғындар сауалының дені – жұмыссыздық жайы болды. Ал «мектептегі балама биыл оқулық жетіспеді», деп шағымданған Баян Сахиеваның мәселесі бірден шешілді. Баласы сал ауруына тап болған Әдемі Піралықызы есімді ананың тілегі де таяуда орындалатын болды. Науқас баласын Астана қаласындағы ірі де беделді медициналық орталықтарда ем­де­луге квота алып беру қолға алынды. Бұдан да өзге мұң-мұқтажын айтып келген тұр­ғын­дардың мәселесі жауапсыз қалмайтын болды. Мүмкіндігі шектеулі бала­ларға ар­нал­ған Шалқар ауданын­дағы пе­дагоги- ­калық-психология­лық түзеу кабине­тінде «Қайырым­дылық керуені» атты шара өтті. Онда «Тәуелсіз Қазақстан» пойызындағылар түзеу кабинетінің тәрбиеленушілеріне сый­лықтар табыстап, өнерлерін тамашалады. Аудандық орталық кітапханада кітап­ха­нашы­лармен жүздесіп, кітапханаға Елбасының өмір жолы, Тәуелсіздікті толғайтын құнды кітап­тарды табыстады. Бұдан соң Мәдениет үйінде «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы жолау­шы­ларының құрметіне орай концерттік бағдарлама ұсынылды. Жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының аудан орталығына аялдаған бір күнінде оның қоғамдық қабылдауына 120 адам жазылып, медициналық кеңес­ке 406 адам жүгінген. «Тәуел­сіз Қа­зақ­стан» пойызы одан әрі  Қы­­зыл­орда облысына бағыт түзеді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан», Мұхтар МЫРЗАЛИН, журналист Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы