Қытай соты Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының төрт тұрғынын жаппай берекесіздік ұйымдастырғандары үшін өлім жазасына кесті. Сондай-ақ тағы екі адамды 19 жылға соттады.
«Нью-Йорк Таймс» басылымының жазуынша, өлім жазасына кесілгендер мен ұзақ мерзімге сотталған азаматтар – осы елдегі ұйғыр этносының өкілдері. Олар террорлық топтарға жетекшілік етті, адам өлтірді, заңсыз жарылғыш заттар жасады деген баптар бойынша істі болған көрінеді. Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің бас хатшысы Долкун Иса Қытай сотының үкімін «бұл қылмыстық жаза емес, саяси жаза» деп мәлімдеген.
ЕЛ ТАРИХЫНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ...
Данияда 15 қыркүйекте өткен парламенттік сайлауда солшыл «Қызылдар блогы» мен солшыл күштер жеңіске жетті. DR телерадио компаниясының хабарлауынша, солшылдар сайлаушылардың 50,2 пайыз дауысына ие болып, ел парламентінен 89 орын алған.
Елдегі аса ірі партиялардың бірі – «Қызылдар блогын» социал-демократтардың жетекшісі Хелле Торнинг-Шмидт ханым басқарады. Х.Т.Шмидт Дания тарихында үкімет басқаратын тұңғыш әйел болмақ. Ал соңғы он жыл бойы билік басында болған либерал-консерваторлар сайлауда 49,7 пайыз дауыс алған.
АРДАГЕРГЕ 15 МИЛЛИОН ДОЛЛАР СЫЙАҚЫ
Вьетнам соғысының ардагері, 63 жастағы Ричард Уэст ірі медициналық компаниядағы алаяқтықты ашқаны үшін 15 миллион доллар алды. «Нью-Йорк пост» газетінің ақпаратына қарағанда, дәрі-дәрмекті жиі пайдаланатын ол медицина қызметкерлерінің қылмысын бірнеше жыл тексерген.
Тексеру барысында мүгедектер мен материалдық жағынан аз қамтылған отбасылар үшін дәрі-дәрмек сатып алуға бөлінген қаржыға дәрі-дәрмек алынбайтынын анықтаған. Адвокат жалдай отырып, компанияны сотқа беріп, АҚШ билігінің назарын аудартыпты. Нәтижесінде елдің 40 штатында 300 офисі бар Маxim медициналық компаниясы заңсыз жолмен 61 миллион доллар тапқанын мойындаған. Осы алаяқтық әрекеттерді ашқаны үшін соғыс ардагеріне 15 миллион доллар сыйақы беріліпті.
ҰЙЫМДАҒЫ ӨКІЛЕТТІГІН КЕҢЕЙТУДІ ҰСЫНАДЫ
«Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Еуропа Одағы Палестина ұлттық әкімшілігінің басшыларын өз тәуелсіздігін жариялаудан бас тартуға көндіргісі келеді. Оған балама ретінде Еуропа Одағы Палестина әкімшілігіне БҰҰ-дағы өкілеттігін кеңейтуді ұсынады.
Әзірленген бұл ұсыныспен Еуропа Одағының шет ел істері жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон айналысып жатқан көрінеді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Палестина автономиясының БҰҰ-ға толыққанды мүше болуы жайында сөз болып жатқан жоқ. Қазіргі әңгіме тек Палестинаның БҰҰ-дағы мәртебесін көтеру туралы ғана сыңайлы.
ҮШ ҚЫРҒЫЗСТАНДЫҚ ДУШАНБЕДЕ ҰСТАЛДЫ
Душанбеде Қырғызстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Медет Садырқұловтың өліміне қатысы бар деген күдікпен Қырғызстанның бірнеше азаматы ұсталды. Бұл туралы «Азия-плюс» ақпарат агенттігі хабарлады.
Агенттіктің таратқан ақпараттарына қарағанда, үш адам – Кодирбек Досонов, Шыңғыс Жұмағұлов және Марлан Шакулиев ұсталған. Қырғызстан ішкі істер министрінің орынбасары М.Тұрғанбаевтың мәлімдеуінше, жоғарыда аталғандардың бірі – К.Досонов Ош облысындағы ықпалды қылмыстық топтың басшысы болған көрінеді. Қырғызстан тарабы Тәжікстан ішкі істер министрлігіне ұсталған азаматтарды Қырғызстанға экстрадициялау жөнінде өтініш жасады.
МЕШІТТІҢ ИМАМЫН АТЫП КЕТТІ
Дағыстанның Буйнак ауданы Чанкурбе селосындағы мешіттің имамы өз үйінде атып өлтіріліпті. «Новости» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қылмыс 15 қыркүйек күні түнде жасалған.
Автономия құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша, имамға автоматтан оқ атылған. Имамның аты-жөні Зайнудин Дайзиев, 1984 жылы туған. Имам өлімінің астарында діни қызмет жатқан секілді. Жергілікті ақпарат көздерінің таратқан деректеріне қарағанда, З.Дайзиев біраз жылдан бері Кармахи және Чабанмахи селоларындағы вахабшыл қауымның діни әрекеттеріне қарсы белсенді қимыл танытып келе жатқан көрінеді.
Қысқа қайырып айтқанда:
«Евросеттің» бұрынғы вице-президенті Борис Левин өзін негізсіз қылмыстық қудалағаны үшін мемлекеттен 20 миллион рубль алатын болды. Мұндай шешімді Мәскеу қалалық соты шығарды.
Түркия президенті Абдулла Гүл Германияның виза саясатына байланысты сын айтты. Мұның екі ел арасындағы тығыз қатынасқа салқынын тигізуі ықтимал.
Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев коммунистердің партиялық сайтында жарияланған екі жарияланымдағы ақпараттарды сотқа беріп, моральдық шығын үшін 720 мың рубль алатын болды.
АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Сириядағы өз азаматтарын шұғыл түрде елден кетуге шақырды. Оған Сириядағы тұрақсыздық себеп болып отыр.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.