30 Қараша, 2016

Павлодарда шахматтан халықаралық турнир өтті

137 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Павлодарда шахматтан өткен халықаралық турнирдің жеңімпаздары анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша бельгиялық гроссмейстер Вадим Малахатько топ жарды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Павлодар қаласында осымен 11-ші мәрте жалауын желбіреткен жарысқа әлемнің тоғыз елінен 100-ге жуық спортшы қатысты. Жарыста Қазақстанның түкпір-түкпірінен сонымен қатар, Украина, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Әзірбайжан, Бельгия, Түркия, Моңғолия және Сербия елдерінің кіл мықтылары бақ сынады. Осы жылдың басты ерекшелігі - турнирде 13 гроссмейстердің өнер көрсетуінде. Турнир қорытындысы бойынша Беларусь елінен келген шахматшы Кирилл Ступак күміс медальға қол жеткізсе, Ресейдің Алтай өлкесінен келген Виталий Бояринцев турнирдің қола жүлдегері атанды. Оралдық 18 жастағы ойыншы Жанат Саин аз ғана ұпай айырмасымен үздік үштіктің қатарына кіре алмады. Бұған дейін халықаралық дәрежедегі спорт шебері және мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионы белестерін бағындырған ол осы турнирде төртінші орынды қанағат тұтты. « Турнирдің тағы бір ерекше тұсы  қатысушылардың халықаралық спорт дәрежелеріне қол жеткізуінде болды. Мәселен, былтыр қазақстандық Мәдина Дәулетова әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер атағын алған болатын. Биыл павлодарлық Әлішер Сүлейменов халықаралық спорт шебері үміткерлігінің ұпайын жинады. Шахмат турниріне Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт комитеті және Қазақстан Республикасының Шахмат федерациясы қаржылай қолдау көрсетті», - дейді «Шахмат үйінің» директоры Шәріп Қашкенов.