Айтып та айтпай не керек-ай, осы қазағыңыздың ой-санасы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін мұқым-мүлде өзгеріп кеткентұғын. Шынтуайтына келгенде, кейіннен небір-небір білімпаздарыңыз бен ғылымпаздарыңыз қисындап бергендей-ақ, желтоқсандағы қарусыз көтеріліске жас қазақты жалындатып алып шыққан ғажайыптардың бірі қазақ тілі болатын-ды. Желтоқсан дүмпуінің күллі психологиялық және философиялық табиғатына үңілсеңіз, бұған сөзсіз көз жеткізесіз. Әрине, елім мен жерім деген шырылдар Желтоқсанның басты-басты арқау-арналары еді. Алайда, тіл тағдыры турасындағы шырқыраудың жөні бөлек, жосығы ерек-ті.
Сол сексен алтыншы жылдан кейінгі «колбиндік кезеңде» қазақстандық кеңістікте тарихи құбылыстар айқасы, кереғар көзқарастар шайқасы жүріп жатты. Озбыр да оспадарсыз орталықтың әмірімен небір зұлымдықтарды ойластырып отыратын зымиян тұлға Геннадий Колбин бәрінен бұрын тіл турасындағы тірліктерді жымысқылықпен болса-дағы қамдастырмақ қамымен қарбаласты. Қазақ тілі дегенде қызарақтай қылғынғанын, қарауыта қабарғанын, қазақты мазақ етіп: «Қысқа уақытта қазақ тілінде сөйлей бастаймын», – дегенін Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда, «тәржіман боп қалуларың мүмкін» деп, қасына қатар тұрғызып қойғанда естігенбіз. Көргенбіз.
Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жылдарда, сол «колбиндік кезеңде» түрлі-түрлі, түрпідей жанға тиер, жүректі қан жылатар жағдайлар да ұлттың рухын жасытып жатты. Сонда-дағы, қайран қазақтың көзі қарақтылары тілдің, ана тілінің, ұлт уызының тағдыры апат нүктесіне тіреліп тұрғанын тереңнен тебіреніп түйсінген.
Мінекиіңіз, осындай алмағайып шақта қазақ қауымы академик Әбдуәлі Қайдармен қатар Өмірзақ Айтбайұлының аты-жөніне де жан-жақты қаныға бастаған. Туған тілінің тағдыр-талайына немқұрайды қарай алмайтын алаш жұртының аңсары арда тұлғаларға ауып, үкілі үміт артқан. Бүкіл қоғамымыз рухани жаңаруды бастан кеше бастаған, әлеуметтік әділеттілік жолында жанкештілік танытпаққа құлшынған жылдар сияқтытұғын сол кездер. Қайткенде де қазекем өз тілінің, тарихының, мәдениетінің, оның ішінде ұлттық салт-дәстүрлерінің бұрынғыдан да бетер алақұйын, азапты аласапыранға душар болмағы әбден мүмкін екенін аңдаған. Сезінген. Ұғынған. Өкінішке қарай, осы аңдаудың, сезінудің, ұғынудың өзі әлі де ала-құла, марғау, баяу болатын. Көп-көп реттерде мәңгүрттік басым түсе беретін.
Өмірзақ Айтбайұлы өз өрелестерімен қайыспас қатар түзіп, сапалы сап түзеп, соныларға ұмтылған. Әсіреқызыл әулекілікке, әсіреңкі белсенділікке, ұрынды ұраншылдыққа бармай-ақ, айқай-сүреңге салмай-ақ, ұлағатты ұстазы Әбдуәлі Қайдармен және тіл майданының өзге де сардарларымен бірге парасатты күрес кеңістігіне шыққан. Колбиннің өзіне және оның жандайшаптарына қаймықпай қарсы қарап, қазақ тілінің қасиетті биіктерінен иық теңестіре жондарын күдірейткен. Кез келген ұлттық тілдің толыққанды, қалыпты қолданылуы үшін қажетті елу әлеуметтік функцияны атқармағы керектігін, ал қазақ тілі іс жүзінде онға да жетпейтін функцияны ғана іске асыруға дейінгі деңгейге құлдырап кеткенін дәйектеген. Дәлелдеген. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қабылдануына өзге де ерен өрендермен бірге Өмірзақ мырза да елеулі үлес қосқан. 1989 жылғы 22 қыркүйекте тіл туралы заң қабылданған. Осы тұңғыш заңда тұңғыш рет туған тіліңізге мемлекеттік мәртебе берілген. «Қазақ тілі» қоғамы құрылған. Бұл қоғамыңыз байтағыңыздың барлық облыстары мен қалаларында, аудандары мен ауылдарында құрыла бастаған. Әрине, мұның бәрі де тек жол басы ғана саналатынын, алдағы шаруа-шаралардың шаш-етектен екендігін, жауапкершілігі ауыр, зіл-батпан жұмыстардың шашын тұтас ағартарын Айтбайұлы анық білген. Өзінің де, өз майдандастарының да иықтарына қандай жүк артыларын сезген.
Сол кездердегі астанамыз Алматыда ғана емес, жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып, қоғамымызды да ұйқыдан оятып жатқан шақ тұғын. Оңтүстік Қазақстанда «Қазақ тілі» қоғамдары айрықша тірліктерді алдыңғылар қатарында қолға алуға парыздар, Оңтүстіктің орны бөлек деп білек сыбанып, белсеніп жүретінбіз. «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының жарғысына және жұмыс жоспарына дейін өз қолымызбен жасап, жасақтап тастағанбыз. Күндердің күнінде облыстық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы өтетін уақыт белгіленді. Республикалық қоғамның бірінші вице-президенті, ғұлама ғалым, әу баста «Социалистік Қазақстан» газетінде бірнеше жылдай жұмыс істеп, журналистігін де танытқан, негізінен қазақ терминологиясы мен тіл мәдениеті жөніндегі майталман маман Өмірзақ Айтбайұлын алғаш рет сол құрылтайда көрген ек.
Әрине, біз оны «Қазақ тілі» қоғамының бірінші вице-президенті болмай тұрып-ақ сырттай білетінбіз. Жауhар жазушы Асқар Сүлейменов арқылы. Кербез де көркем, мұхтартанушы Керімбек Сыздықов арқылы. Алайда, өзін жүзбе-жүз көрмегенбіз, бетпе-бет кездеспегенбіз. Еңбектерін оқитынбыз. Жазғандарын жадымызға тоқитынбыз. Ғылымпаздығынан hәм білімпаздығынан жан-жақты хабардармыз. Сол кездің өзінде Өмекең ғибратнамасы ғинаяттаған салалар тіл мәдениеті мен терминология тіршілігі екендігі айқын мойындалатын. Ғұрыпшылдығы мен әншілігі әңгімеленетін. «Балғын шағында, жастық дәуренінде тілге жүйрік емес-ті, үндемес-ті, бертінде ашылды», – десетін-ді. «Тілінен бал таматын шешенге айналды», – дейтін еді. Достары. Жолдастары. Өрелес-өрістестері.
Сонда ғой, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында Өмірзақ Айтбайұлы негізгі сөзді салиқалы сөйлеген. «Сөйлегенде бүй деген», – демей-ақ қоялық. Есімізде қалғаны – алты жүз қырық адамдық залдың тыншып-тынышталғаны. Абайдан өреге тоқыр, өнеге тұтар қағида келтіргені. Тіл тағдырына қысқа да нұсқа шолу жасағаны. «Қазақ тілі» қоғамының өзге қырғын қоғамдардан даралығын саралағаны. Айтматовтың көкейтесті пікірімен қорытындылағаны. Осылардың бәрі осы күнге дейін жадымызда жаңғырады.
Адамзаттың Айтматовы айтқан ғой. «Әрбір ұлт, мейлі ол үлкен болсын, кіші болсын, мәңгілік болуды қалайды және бұл оның табиғи құқы. Ал бұл үшін сол халықтың тілі өз топырағында тамыр байлап, толыққанды өмір сүруге тиіс, ал оның қасында өзге тілдер де онымен қатар көркейіп гүлдене беруі керек. Қандай да бір тілдің өзінен басқаның бәрін жалмап жұтып, әлемде жападан-жалғыз қалуын маңдайға жаза көрмегей». Міне, осылай мәністеген шоң Шыңғыстайын шың-шынар ағамыздың пікірінде шырқыраған шындық бар. Астар бар. Айтбайұлы осы ойды әдейілеп, әдемілеп келтірді сонда. Жалпы, Өмекеңнің өзінің де күллі іс-әрекеттерінде, айтқандары мен жазғандарында шынайылық тұнып, астарлар астасып жатады.
Астарлай айту, аз сөзге көп мағына үстеу, сөз иесіне бас иіп, қастерлей қасиеттеу қазаққа, оның ішінде Отырар оазисінде кіндік кескен, туып-өскен өнегелі оғландарға ерекше етенелеу ғой. Әбу Насыр Әл-Фарабидейін данышпанның бесігі тербетілген топырақтың түлегі Өмірзақ Айтбайұлының тілдарын боп қалыптасуы, тілдарын тұлға ретінде ұлтына ерен еңбек сіңіруі, бір жағынан байыптасаңыз, заңды құбылыс секілді сезіледі. Екінші жағынан, әрине, еңбегіне сенгені, еңбегімен өнгені, өнікті де өнімді жемістері мен жеңістері арқылы ұлттық тіл, ұлттық намыс, ұлттық рух туларын биіктеткені тәнті етеді.
Тіл білімі, тіл ғылымы жолына біржолата бой ұрғаннан кейінгі әуелгі, ізгі ізденісі көркем аудармаға қарата ауған. Ол кездері бұл тақырып тың еді, тосынтұғын. Көркем тәржіманы түптей, түбірлей тексеріске түсірді. Онда да жалпы аударма емес, тұрақты тіркестер тұрғысындағы тәржіма сынды күрделі тақырыпты тұңғыш игерді. Сөйтіп, сонау 1971 жылы ұлы жазушы Максим Горький фразеологизмдерінің қазақ тіліне аударылуы хақында диссертация қорғады. Осы орайда бірнеше кітабы жарық көрді. Тосын да тың тақырыбының терминология дейтұғын әлеммен астасып жататындығын жан-тәнімен беріле ұғатын Өмекең осы салаға бойлай түскен. Ұлттық Ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында «Терминология және аударма теориясы» атты бөлімді басқара жүріп, қаншама қыруар қырмандарға (тіл қырмандары ғой) олжа салды. Қаншама маңызды, мәнін ешқашан жоймас жинақтар шығарылды. 1992 жылы «Қоғамдық ғылымдар терминологиялық лексикасының қалыптасуы мен дамуы» деген монографиясы үшін филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді.
Тіл мәдениеті, тіл әдебі. Осынау ұғымдардың мазмұнына ой жібергенде ше, біз біраз-біраз саңлақ сардарларымызды көз алдымызға елестетіп, көңіл көкжиегіне келтіреміз. Сол саңлақ сардарлардың сапында инабатты, иманжүзді, шынайы болмысты Айтбайұлы алғы қатардан көрінер. Өмекең өнегесімен өрнектеліп, Өмекең өрелеуімен өрмек құрып шыққан «Тіл мәдениеті және баспасөз», «Өрелі өнер», «Сөз өрнегі» атты жинақтар көп нәрсені аңғартар. Әлбетте, қалың қазақ, тіл жанашырлары, бүгінгі Ұлттық ғылым академиясының академигі, ғұлама ғалым Өмірзақ Айтбайұлын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бірінші вице-президенті, кейіннен президенті ретінде көбірек біледі. Бағалайды. Қазақстан Президенттігіне үміткерлерден емтихан қабылдайтын Лингвистикалық комиссияның тұрақты төрағасы ретінде таниды.
Ойхой, ол кездер алмағайып еді ғой. Баяғы «Қазақ тілі» қоғамының құрылар тұстарын айтамыз да. Тіл басына бұлт төнгенде, тіл тағдырына күн туғанда ұлт көкейіндегі сөзді академик Әбдуәлі Қайдар ағамыз Колбиннің өзінен тайсалмай тіке айтқан. Сонда осы Өмірзақ Айтбайұлы сияқты сардарларыңыз сенімді сүйеу болған. Қазіргі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ғұламаларды батыл қуаттап, байыпты қолдаған. Ешкімге де оңай болмаған.
Академик Қайдар кейініректе, Айтбайұлының алпыс жылдығында бүй деген: «Өмірзақ өзін сол бір жылдары «Тілім!» деп басталып, әлі толастай қоймаған қалың бұқаралық шерудің алдыңғы шебіндегі сардары, ұйымдастырушы қоғам қайраткері ретінде таныта білді. Қоғамдық ой-санамызды оята, дүркірете іс бастаған «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы сәтті қадамы оның «Ана тілім» атты әнұранының жедел дүниеге келіп, ел арасына кең тарап, халық жүрегіне жол таба білуіне де байланысты болды. Оның өткір сөзін жазған, әсем де әсерлі әнін шығарған, асқақтата шырқаған авторы Айтбайұлы Өмірзақ мырза болатын. Бұл ән Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталып, тіл мейрамдарында орындалып тұрады. Оның тағы бір сыналған сәтін айта кетейін. Адам құқын қорғау жөніндегі мемкомиссияның алғашқы мәжілісінде тіл туралы өз пікірін Өмірзақ мырза қазақша айта бастағанда, сол комиссияның төрағасы Е.М.Асанбаев мырза оған «Қазақша емес, орысша сөйлеңіз!» деп тыйым салды. Басшының бұл өрескел қылығын Айтбайұлы кешіре алмады, тіпті ашынғаны соншалықты, миллиондаған тіл жанашырларының алдында әшкерелеп, газетке жазғанын жұртшылық жақсы біледі. Мұны біз нағыз азаматтық өр мінез деп таныдық».
Мінекейіңіз, академик Әбекең осылай дейді. Ал академик, алаштың аяулы қызы, қазақ тілінің Томирисіндей текті тұлғамыз Рәбиға Сыздықова біз кейіпкер етіп отырған Өмірзақ көкеміздің балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келгенін тәптіштеп алып: «Бірақ ақылды әкенің, ауылдағы инабатты, білімді қарттардың, қазақы тәрбиенің арқасында Өмірзақ айналасына деген пейілі тарылмай, ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп ер жетеді. Егер қазір біз Өмірзақтың отбасынан бастап жан жолдастарына дейін – баршасын әз тұтып құрметтеп тұратын, тілеулес боп қызмет етуге дайын тұратын, ешкімге ауыр сөз айтпайтын, ешкіммен ашу-араздыққа бармайтын, біреудің алдын кесіп, ала жібін аттамайтын азаматты көріп жүрсек, ол осы ана сүтімен, әке тәрбиесімен дарыған, туа біткен адамдық қасиетінен болар...» – дейді. Академик апамыз мақаласының бастапқы тұсында осылай тебіренсе, соңына таман былайша байыптайды: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандастарының бәрі виноват» деп ұлы Абай айтса, мұның екінші қосары боп «Кімде-кім жақсы атанса, мұнда оның достарының үлесі бар» деген қағида қоғамда тағы да айтылар еді. Біз бүгін Өмірзақты жақсылар қатарынан танып, қошеметтеп отырсақ, бұл жақсылыққа оның жас жігіт кезінен бастап өмірдің шадыман шақтарында қуанышын бөлісіп, ауыр кезеңдерінде қайғысына ортақтасып бірге келе жатқан Ілия Жақанов, Сейіт Қасқабасов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Керімбек Сыздықов, кешегі Асқар Сүлейменов сияқты дос-жарандарының, Әбдуәлі Қайдаров, Шора Сарыбаев сияқты ағаларының үлесін көреміз».
Достарының бірегейі академик Сейіт Қасқабасов біздің тілдарын ағамыздың, Өмекеңдейін өзгешеміздің ақындығы мен сазгерлігіне, әншілігі мен күйшілігіне таңғалады. Лириктігін дәлелдейді. «Дөңгелек дүние», «Күншілдік», «Асықтырма, тағдырым», «Құдайдың маған берген олжасындай», «Домбыра» сияқты талай-талай өлеңдеріне тамсанады. Сейіт ағатайымыз да Өмекеңнің достарына алғыс жаудырады. Айтбайұлының ақжарылқап жолдас-жоралары тізіміне Шәмші Қалдаяқовты, Сабырхан Асановты, Сейдахмет Айтжановты, Еркінбай Әкімқұловты, Тұрсынхан Іргебаевты, Әтен Егізовті, Мыңбай Ілесовті қосады. Өзінің Өмекеңмен танысып, табысуын, достасу хикаясын жүрек үнімен жауһарлай баян етеді.
Біздің Өмекеңді жақынырақ таныңқырап, сырласыңқыраған сәттеріміз 2000 жылдың сәуірі еді. Сапарымыз Сайрамнан сызашықтанған. «Егемен Қазақстан» газетінің «Ұлылыққа тағзым» атты имандылық акциясы аясында алдымен Аллаға тағзым, сонсоң Түркістанға тағзым, Құл Қожа Ахмет бабаға тағзым, дінімізге, ділімізге, тілімізге, дәстүрімізге тағзым ретінде «Сайрам – Түркістан» жолымен жеті күндік сапарға шыққанбыз. Абай атамыздың жиені, шалдықпас шаруаторы, қажымас қазақы қазанаттайын Балтабек Ерсәлімұлы, көкшулан бөрідейін желе-жортып, жорығымызды бастаған сыншымыз Зейнолла Серікқалиұлы, желтоқсанда жапа шеккен жайдарман, маң-маң басқан Мамадияр Жақып, осы Өмірзақ Айтбайұлы, тағы басқа талай кісілер болған. Сол жеті күн мен жеті түндегі Өмекеңнің әдебі, әдемі әзілі, шаршағанды сап басатын сәуір сәулелі күлкісі, Арыстың бойы, арықтың жағасындағы сазгер Әлдібектің қараша үйінде қоңырлата әуелеткен әні әлі күнге дейін құлақта тұрады-ай, жүректе жүреді-ей!
Алла кешірсін, адам болған соң, бәріміз де пендеміз. Адам дегеніңіздің бұ жалған дүниедегі өмірі өңшең өршіл қуаныштан, ыңғай шат-шадыман шаттықтан, ылғи қыздырма қызықтан тұрмайтыны әмбеге аян. Ерен перзентінен айырылған Ерден хан туралы ертегіні ел біледі. Төле би мен Қазыбек би де, адамзаттың данышпаны Абай да сондай сұрапыл қайғы кешіп, қан жұтып, қапаланған. Алладан ғана медет тілеп, сабырға келген, шүкіршілікке тоқтаған. Ұл-қыздарынан қапыда көз жазып қалғандар хақында ата-бабалар, бұрынғы асылдар қалдырған аңыз-әңгімелер, әфсаналар аз емес. Айналайын ардақтыларымыз кейінгі ұрпақтарға сабақ болғай, сабырсөз болғай, басалқы-басу болғай, жұбатар жыр болғай деп те қалдырған шығар, сірә. Асқан ауыртпалыққа, бала қазасына душар болғандар тым мұқалып, тым мүжіліп, біржолата боркеміктеніп кетпесін, рухтары жығылмасын деп жұбаныш жырлар жаратқан-ау, әл-қуат дарытар әндер әдіптеген-ау, сірә. Ажал алдында адам әлсіз де дәрменсіз... Өмекең ағамыз ертеректе бір ұлынан айырылды. Қайғырды. Қапаланды. Алладан медет тіледі. Еңбектен, бейнеттен, туған тілінің тағдырына алаңдаудан, ана тілінің айбарын асырмақ мақсаттан таяныш тапты. «Қайғыны да, қасіретті де, азапты да тек еңбек жеңеді», – деген данышпандар аз емес.
Қайбір жылы Шымкентте бір іс-шара өтпек болып, ғажайып композиторымыз, жауһар жазбагеріміз Ілия Жақанов, осы Өмірзақ Айтбайұлы келген. «Кербез де көркем Керекем» атанып кеткен достары Керімбек Сыздықов үшеуі әлденені әңгімелеп, рахаттана күліп отырды. Кенет үшеуі де және бір жағдаяттар туралы айтыңқырап, табан астынан тұнжырасып, мұңайысып қалған. Ілия аға да, Өмірзақ пен Керімбек көкелер де ұлдарынан, сүйікті перзенттерінен айырылған ғой. Абай: «Көп жасамай көк орман; Жарасы үлкен жас өлім. Күн шалған жерді тез орған; Күншіл дүние қас өлім. Артына белгі қалдырмай, Бауыры қатты тас өлім. Жыламайын десе де; Шыдарлық па, осы өлім?!» – деген. Үш досты, бірер сәт сүлесоқтана мұңайған үш ағаны сырттарынан байқап отырып, көз жасымызға ерік бергеніміз-ай сондағы... Біз-дағы перзенттен айырылған бейбақ пендеміз ғой. Басына түспеген адам түсіне бермес, әрине. Ешкімнің басына түспей-ақ қойсын деп тілейсің.
Ал, Айтбайұлы Өмірзақ перзент қазасын, бауыр еті бала қайғысын тағы да кешті. Амал қанша, сабыр сақтай білмекке тырысты. Тырмысты. Елі мен тілі өзіне үміт артатынын, сүйеніш болатынын түйсінді. Жүктің ауырын нарша көтерді. Тілдің тағдыры сұйылтқан, селдіреткен, қыраулата желбіреткен қалың шашын қайғы одан сайын ағартты. Алайда, Аллатағаланың бір аты Сабыр екенін естен шығармады. Ұлы туралы да Абайша айналып-толғанып: «Жасқа жас, ойға кәрі едің; Атаңның атын жоймаған. Замана неткен тар едің; Сол қалқамды қоймаған?!» – деп күңіренсе де, артынша: «Тірлік арты өлмек-ті; Оны да алды бұл өлім; Сабырлық қылсаң керек-ті», – деп тағы да Абайға жүгінді.
Өмекеңді біз жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы өткізген «Кәнеки, тілім, сөйлеші!» деген байқау кезінде көргенбіз. Шымкентте екі-үш жылдан бері ұйымдастырылып жүрген дәстүрлі республикалық байқауда академик ағамыз қазылар алқасының төрағасы болды. Жас өскін шешендердің шеберлігіне шаттанып, тіліміздің құнар-қуатына мақтанып, мерейлене нұрланып отырды. Байқау қорытындысында облыстық опера және балет театрының сахнасына шығып, тебірене тұрып, тербеле толғанып, сөз сөйледі. Мағжанша мақамдап, «Мен де жастарға сенемін!» – деді.
Мархабат БАЙҒҰТ.
________________
Суреттерде: жас кездегі достар; отбасымен бірге.