30 Қараша, 2016

Президенттің ұстазы: Назарбаев өнерлі оқушы болды

523 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Тарихтан ұққанымыздай, ұлы адамдардың, атақты тұлғалардың, кемеңгер ойшылдардың негізі, зерделік санасы, сана құдіреті сонау балалық кезден қалыптасып, байқалатын көрінеді. Осы реттен келгенде, егемендіктің қиын кезеңдерінде сабырлы да салиқалы саясатымен, жанкешті еңбегімен туған халқының аяғын үзеңгіге салып, атқа қондырған, бүгінде тұлпардың шабысындай қарыштап алға басқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та шыбық мініп, ойын қуған, оқушы болып партада отырған, мұғалімнің алдын көрген кешегі шәкіртердің бірі. Олай болса, Президентіміздің ұстазы кім болған, ол қандай оқушы болған деген сауал бәрімізді қызықтырары заңдылық сияқты. «Егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттері мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол – кемел ұстаз» деген екен ұлы ағартушы К.Д.Ушинский. Ендеше, Елбасына дәріс берген сондай кемел ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, соғыс және еңбек ардагері, бүгінде жүз жасты алқымдап отырған абыз ақсақалымыз – Сейітхан ИСАЕВТЫҢ кешегі шәкірті жайлы әңгімесін тыңдап көрелік... – Адам өміріндегі ең бір сәулелі, шуақты, жаныңа соншалықты ыстық, қимас сезімдегі періште кездер – балалық бал дәурен мен мектеп қабырғасындағы тезірек ержетуге асыққан шақтар екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Бағамдап қарасаңыз, осы бір алаңсыз бақытты балалық шақ – бүкіл адамзатқа ортақтығымен де қымбат. Сейітхан ата, бәріміз де бір-бір ұс­таз­­дың шәкіртіміз. Бірақ, Нұрағаңдай шә­кі­рт әр ұстаздың пешенесіне жазыла бер­мей­тін Алланың сыйы, бағы болар. Қан­шама уақыттың жүзі өтіпті десек те, сонау жылдарғы оқушы Нұрсұлтанды бір сәт көз алдыңызға әкеліп көріңізші… – Нұрсұлтанның балалық шағы, жас­өспірім болып бой түзей бастаған кезі әлі көз алдымда. Сұңғақ бойлы, аққұба, сабырлы, сөзін ойлап, салмақтап жеткізетін және оны асырып, әсірелеп сөйлемейтін бала жадымда жақсы сақталған. Әсіресе, Нұрсұлтанды басқа мұғалімдерден гөрі жа­қынырақ білуіме, сол кездегі қызмет жағ­дайым себеп болды. Мен Қаскелеңдегі Абай атындағы мектеп-гимназияда 53 жылдай сабақ берсем, соның 37 жылында мектеп директорының орынбасары қызметін атқардым. Оған қосымша партия ұйымының хатшысы болдым. Міне, осындай жағ­дайда Алла тағала Нұрсұлтан екеуімізді кездестірді. 1957 жылы Ша­мал­ғандағы мектептің 9-шы класын бітір­ген жеті бала келіп, мек­теп­тің жанындағы интернатқа орналас­ты­. Міне, сол балалардың ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы бар еді. Өзімен бірге келген тұрғыластарының ішінде осы аққұба оқушы қай жа­ғынан да ерекшелеу болып көрінді. Ол баланың киген киімінен, жүріс-тұрысынан бірден аңғарылды. Жоғарыда айттым ғой, пар­торг, әрі завуч болғандықтан, мектептің оқу үрдісі, сабақтан, мектептен тыс жұ­мыс­тың барлығы маған жүктелген. Сондықтан мектептегі көмекшілерім пионер, комсомол ұйымдары. Жалғыз өзім үлгер­мейтіндіктен, ұйымдастыруға соларды жұ­мыл­дырамын. Байқаймын, Шамалғаннан келген баланың қоғамдық жұмыстарға ебі бар сияқты. Бала өзім сабақ беретін шәкірттерімнен де, жаңадан келгендерден де өзгеше. Ойластыра келе, бұрынғы комсомол комитеті хатшысының орнына Нұрсұлтанды ұсынуды жөн көрдім. Таңдау Нұрсұлтанға түсті. Бүгінде сол кездегі бала Нұрсұлтанға де­ген сенімім алдамағанын, ал шәкіртімнің соны ақтай білгенін ерекше мақтаныш етемін. – Жаңа сөзіңізде Нұрағаны басқа ба­лаларға қарағанда ерекше оқушы болды де­діңіз. Мектептегі ондай зерек, алғыр шәкірт­ті өзге мұғалімдердің байқамауы, ол туралы сөз етпеуі мүмкін емес. Ойланып көріңізші… – Оның рас, Нұрсұлтанның қоғамдық жұмысқа бейімділігін, өз құрдастары­ның арасындағы беделі мен ықпалын, сөзінің өтімділігін жалғыз мен емес, басқа мұ­ғалімдер де байқаған. Сондайда мұға­лім­дердің: «Анау Шамалғаннан келген аққұба бала ерекше, өзі сыпайы, оқуға зейіні де басқалардан ерек. Оның үстіне сұрақ қоюы қандай!» дейтін әңгімелеріне қанық едім. Ұстаздар арасында жасы алпысқа таянған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаббас Бейсенбетов ағайдың мінезі қаталдау, онша көп ешкімді жақтыра қоймайтын, кеудесі бар адам еді. Бірде Ғабекең: «Ой, ана Нұрсұлтан деген оқушы мені қатты ұялтты. Сендер де сақ болыңдар. Кейде аңғармай аузымызға келген сөзді соғып жібереміз ғой», – деді. Сосын мұғалімдер «не деді, айтыңызшының» астына алды. «Класта жаңа сабақ өтіп, «Сұлушаш» романын талдап тұрғанмын. Бір жерінде қыз бен жігіттің көлеңкеде әңгімелесіп тұрғанда ағаштың бұтағына қонған торғайдың саңғытып жіберетін жері бар. Соған келгенде «саңғытты» деген сөз аузыма түспей, «нетіп кетті» деппін. Және бір рет емес, үш рет қайталасам керек. Со­дан шығарманы талдап біткенде әлгі бала: «Ағай, менің бір сұрағым бар еді», деп қолын көтерді. Ойымда ештеңе жоқ: «Айта ғой» дедім. «Ағай, ол қызды торғай неге «нете» бере­ді дегені. «Өзіңіз бүлдіріпсіз ғой» деп мұғалімдер күліп жатты. Нұрсұлтанға тарих пәнінен сабақ беріп жүргенімде, өзіме де сан рет сұрақ қойғаны бар. Ол кезде Қазақ КСР тарихы жеке пән болып оқытылмайтын. Ал КСРО тарихында Ресейдің мемлекет­тік құрылысы, экономикасы мен мәде­ниетінің дамуы, басқарған патшалары, батырлары түгелімен қамтылады. Бірде Нұрсұлтан: «Ағай, сіз ылғи Ресейдің та­рихын түп-тамырымен айтасыз да, Қазақ­станға келгенде ол жайларға тоқталмай кетесіз? Орыстың патшасын, батырларын айтқанда неге қазақтың хан, би, ба­тыр­ларымен байланыстырмайсыз?» деге­ні. Сасып қалдым. Көрдіңіз бе, оқушы осы нәзік жайды аңғарып қойған. Сосын: «Қазақ КСР-ін өтуге сағат аз бөлінген, кейін көбейген кезде тал­дап оқимыз. Ал егер кейбір түсініктер қажет болса, сабақтан кейін қал, жауап бе­рейін», дедім. Содан артынан оқу бағ­дарламасының жоғары жақтан осылай бекітіліп келетінін айттым да: «Ал мұны қайдан білесің?» деп сұрағанымда: «Ағай, пәлен жазушының кітабында пәлен деген хан, би, пәленбай деген батырды оқығанмын» дей келе, сол замандағы мемлекетті басқару тәртібі, халықтың бірлігі сияқты әңгімені айтып бала сай­рап тұр. Сізге тағы бір қызықты ай­тайын, Нұрсұлтан 10-шы класта оқып жүр­ген­де КазГУ-дің фи­ло­ло­гия факультетінің бір топ сту­дент­тері – Мырзатай Жолдас­бе­ков, Әбіш Ке­кіл­баев, Қадыр Мыр­залиев, Дүкенбай Дос­жа­нов, Мұхтар Мағауин біз­дің мектепте педпрак­ти­кадан өтті. Мырзатай бірге оқи­тын Мәрия келін­мен үйленген екен, екеуі де кел­ді. Мә­рия оныншы класқа сабақ беруге бар­са, Нұрсұлтан сұрақтың астына алатын көрінеді. «Оныншы кластағы Нұрсұлтан деген бала сұрақты көп қояды, баруға жүрексінемін» деген соң, Мырзекең келіншегінің орнына өзі сабақ беріп жүрді. – Шәкіртіңіздің тағы да қандай қасиеттерін бөле-жара айтқан болар едіңіз… – 53 жылда алдымнан талай шәкірт өтті. Көпшілігінде жақсы оқитын, көш­бас­шылық қабілеті бар оқушылар жастық­тың әсері ме, өзін білгіш санап, кеуде көтеріп, яки, білгенін мақтан еткісі келіп тұрады. Ал Нұрсұлтанда ондай мінез жоқ еді. Қарап отырсам, Нұрсұлтанның бо­ла­шақта үлкен ой азаматы болатындығы, келешекке қарай ұмтылу, талаптануға бейім­ділік қасиеті сол жас кезінен қалып­тасқан екен. Аудан орталығындағы орыс және қазақ мек­тептері бір-бірімен ылғи бәсекеде болдық. Қашанда аудандағы мереке, митингіде колонналарды безендіру, парад менің мойнымда. Жалғыз адам не істесін, мұндайда көмекшілерім военрук, комсомол комитетінің жетекшілері. Сонда Нұрсұлтанға тапсырма берсең жауап­кершілікпен қарап, тиянақты істей­ді. Еш жағымпаздық, жалпаңдау жоқ. Мек­теп намысын қорғап тұрғаны бай­қалатын. Кейде тапсырманы алып тұрып: «Ағай, мына жерін былай жасасақ қай­теді?» деп маған ақыл тастағанда оқушыма иланатынмын. Сондайда Нұрсұлтанды сүйікті шәкіртім ғана емес, жас көмекшім санап риза болатынмын. Көрдіңіз бе, сол кезде балада үлкен келе­шек, тұлғалық негіздің ізі болған. Тағы бір қасиеті – реті келгенде әзіл-қалжыңның да түбін түсіретін. Әсіресе, бірге жүрген ұл-қыздарды қайран қалдыратын ақжар­қын, ақтарыла салатын әдемі бір күлкісі болушы еді. Және бір жақсы қасиеті – жас­тайынан спортпен шұғылданып, шы­мыр балаларды ұйымдастырып, өзі төреші болып жүретін. Қыста жоғары класс оқушылары арасынан шаңғышылар тобын құрып, өзі басқарды. Ол кісінің шаңғыға әуестігі сол бала кезден қалыптасқан. Сондай-ақ ол өнерлі оқушы еді. Мектепте өтетін кештерде сырнай тартып, әдемі қоңыр дауысымен ән салатын. Әсіресе, домбы­рамен жүректі қозғайтын әндерін айтсаңшы…  –­ Нұрсұлтан Әбішұлы он жыл бойы оқу озаты болып, алтын медальға ұсыныл­ғанмен, оны алмауының себебін білесіз бе?.. – Ол рас. Директорымыз Ә.Байжанов пен орыс тілі пәнінің мұғалімі Юлия Байер баланың обалына қалмайық деп шырылдап министрлікке дейін бар­ды. Ондағылар: «Бұл мәселені қайте­сің­дер, қойыңдар. Бала орыс тілінен жазған шығармасында бір үтір артық қойған» деп, шығарып салған. Содан директорды қайта-қайта шақыртып жүріп, аяғында бала алтын медаль алмады. Сөйтсек, Нұрсұлтанның медалі бір бастықтың баласына керек болған екен. – Мектеп бітіруші Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның металлург мамандығын қалауына 1958 жылы Қазақстан Магниткасына жас­тар­ды шақырған үндеуді Абай атындағы орта мектеп оқушыларының қолдауы әсер еткен бе? – 1958 жылы елімізде металлургия зауыты салынатын болып, Қазақстан Ком­партиясының нұсқауымен Қазақстан Орталық комсомол комитетінде онын­шы класты бітірген жастарға республика бойынша үндеу тастау жөнінде келісімге келеді. Үндеу тастауға министрлік біздің мектепті ұсы­нып, үндеуді жария­лап жіберді. Міне, осы кезде мек­тептің комсомол ұйымына жетекшілік жа­сайтын Нұрсұлтанның беделі үлкен болды. Енді аудандық емес, облыстық, республикалық комсомол комитеттерімен байланысы күшейді. Содан мемлекеттік емтихан аяқталып, үндеудің шешімін орындайтын уақыт та жетеді. Қысқасы, бастама көтерген мек­теп­тен Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған 7-8 бала ғана Теміртауға аттанды. Украинаның Днепродзержинск металлургия зауытына практикаға жіберілген 200 баланың біразы қиындықтарға шыдамағандықтан біразы орыс тілін білмеген­дік­тен оқуды тастап кеткен. Ал орыс тілін жетік біле­тін, жұмыс істеп шыныққан Нұрсұлтан Теміртаудың алғашқы болатын қорытқан қазақ жігіттерінің бірі болды. – Сейітхан аға, ел басқару айтуға ғана оңай. Қашанда Мемлекет басшысының уақыты шектеулі, есептеулі. Дегенмен, оқу бітіргеннен кейін пешенелі шәкіртіңізбен қанша рет кездесудің сәті түсті?.. – Мектеп бітіргеннен кейінгі ең алғашқы жүздесуіміз Алма­тыдағы Жоғары партия мектебіне оқуға келгенде. Екінші рет Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болғанда қызметімен құттықтап бардым. 1988 жылы Министрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қарасай аудандық партия конференциясына келіп қатысып, сөз сөйледі. Сонда кездескенде екеуіміздің ескерткішке суретке түскеніміз бар. Ал мектептің 55 жылдығына шақыруға барғанда үлкен ықыласпен қарсы алды. Үлкенді сыйлап, ұстазын құрметтеген шәкіртіңе қалай жүрегің елжіре­ме­сін!? Мектептің 55 жылдық тойы­на қатысуға келгенде тағы жүздестік. Одан соң мектеп директоры Мәрия Хамзина екеуіміз Нұрекеңнің қабылдауында болып, мұражай ашу жайлы ойымызды жеткіздік. 2000 жылы бір жолы түскенде Нұрекең мұра­жайға келіп, аралап көріп кетті. 1958 жылғы мектеп бітіру­ші­лердің 50 жылдығына келе алмаса да, облыс әкімі Серік Үмбетов Нұрекеңнің сәлем-сауқатын ала келіп, мектепке автобус және өзімен бірге бітір­ген кластастарына алтын сағаттан сый­лады. Содан бір айдан кейін кіші қызы Әлиямен келіп кетті. Байқадыңыз ба, менің шәкіртіммен кездесуім жиі болып тұрады. Тағы да Астанада бес рет, Тал­ды­қорғанда екі рет жолыққанымыз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы Жеңістің 60 жыл­дығында «Парасат» орденімен марапаттап тұрған сәттегі суретті «Мұғаліміме жібе­рер­сіңдер» деп тапсырыпты. Онысына қатты риза болдым. Әрине, ол мен үшін ең қымбат сурет. – «Ұстаз талантты болса, шәкірт талапты, ұстазы ақылды болса, шәкірті дана болады» деген. Сізбен әңгіме барысында осы тәмсіл еске оралғандай... – Оның рас. Нұрсұлтан Әбішұлы Алланың берген қабілет-қарымын, тала­бын, дарынын аңғара білген, оны қателес­пей бағдарлай, бағамдай, бағалай білумен бірге, өмірлік мұратында дұрыс пайдалана білген, сонымен қатар аңғарымпаздықпен ары қарай дамытуға орасан қызмет жасаған. Мүмкін ол Президент боламын деп те ойламаған шығар, бірақ келешекте осы жолмен жүрсе, адал еңбегімен қызмет етсе, әй­теуір қатарынан кем қалмайтынын білген. Мен мектепте жүргенде Нұрсұлтан үлкен ғалым болады деп ойлайтынмын. Әл-Фараби бабамыз айтқан емес пе, қанша оқып, білгеніңмен, тәрбиең, адамгершілі­гің болмаса, онда өзіңе де, халқыңа да пайдаң шамалы деп. Байқасаңыз, Нұре­кең­нің өсу, даму жолында тәрбие мен ұлағат қатар жүріп отырған. Яғни, адами парасат болмаса мұндайлық биікке шық­пас еді. Ақ тілегін, ақ жүрегін құдайым қолдап, бүгінде халқы, елі, жұрты, көп ұлт­ты Қазақстан, дүние жүзі таныған көшбасшы дәрежесіне жетті. Ал ол лидерлігі қара басы үшін емес, өзі туып өскен елінің атын шығаруға, қаншама кездескен қиындықтарды жеңе білуге, халқының жарқын болашағын, кемел келешегін қамдауға қызмет жасап жатыр. Лайым тіл-көзден аман болсын. – Сейітхан ата, әңгімеңізге рахмет. Шәкіртіңіздің жетістігіне қуанып, жақсылықтарына куә бола беріңіз… Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».