01 Желтоқсан, 2016

«Тәуелсіз Қазақстан» – Шу өңірінде

310 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
2Пойыздың мақсаты – халықтың әлеуметтік және құқықтық жағдайларына назар аудару Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы құрметіне арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойы­з­ы кеше Шу қаласына келді. Ұзақ сапарын Астана қаласынан бастап, еліміздің бірнеше аймағын аралап, темір жол бойындағы ауыл тұрғындарына түрлі қолдау мен көмек көрсетіп келе жатқан керуенді Шу ауданының тұрғындары ыстық ықыласпен қарсы алды. Бұл көпұлтты аудан тұрғындарының ынтымақ, бірлігін айғақтап тұрғандай әсер берді. – Тәуелсіздік баршаға ортақ, жасампаз мереке, – деді салтанатты қарсы алу шарасында Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулет. – Одан асқан құндылық жоқ. Өңірдегі барлық игілікті істер ең алдымен халықтың бірлігі мен ынтымағы арқасында мүмкін болуда. Бүгінгі пойыз да берекелі бірліктің, елдіктің жарқын көрінісі. Пойыз құрамындағы азаматтар арқылы аудан тұрғындарына әр сала бойынша түрлі кеңестер мен көмектер берілмекші. Сондықтан, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мүшелеріне аудан жұртшылығы өкілдері атынан зор алғысымызды білдіреміз. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов  Шу жері Қазақ хандығының туы тігіліп, талай мемлекет және өнер қайраткерлері дүниеге келген киелі өлке екенін тілге тиек ете келіп, сапар мақсатына тоқталды. «Барлық игілікті істер қашан да ауылдық жерден бастау алып жатады. Сондықтан, біз бұл шараны қаладан емес, аудандар мен ауылдардан бастағанды жөн көрдік. Олар – министрліктердің жетекші мамандары. Біздің пойыздың мақсаты – тек Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына ар­нал­ған мерейтойлық шаралар ғана емес, жұртшылықтың әлеуметтік және құқықтық жағдайларына назар аудару», деді Әміржан Әлпейісов. Сондай-ақ, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мүшесі, генерал-майор, заң ғылымдарының докторы, профессор С.Қойбақов Қазақ­станның 25 жылда жеткен жетіс­тіктері мен артықшылықтарын айта келіп, алдағы уақытта да осын­дай жарқын күндер жалғаса береді деген сенімін білдірді. Ал, Шу ауданының «Навроз» күрді этномәдени бірлес­тігінің мүшесі Д.Мурадов түрлі ұлт өкілдері тұратын әрі ынтымағы жарасқан аудан халқының тіршілігі туралы ағынан жарылды. Бұл күні акцияға қатысушылар аудан тұрғындарымен кездесіп, бизнес, кәсіпкерлік, ауыл шаруа­шылығы, тұтынушылардың құқық­тарын қорғау, білім беру мәсе­лелері бойынша кеңес берді. Сондай кездесудің бірі – №10 Шу колледжінде өтіп, ауданның әр өңірінен жиналған білім саласының қызметкерлері және студент жастары білім саласына толғандырып жүрген сауалдарына жауап алды. Арнайы мамандар білім саласына қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныстарды тыңдап, оны министрліктің назарына ұсынып, тұрғындардың өтініштерін аяқсыз қалдырмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, бұл жиында білім саласын қаржыландыру көлемі, жаңадан салынған білім нысандары, 25 жыл ішінде қол жеткізілген жетістіктер кеңінен айтылды. Яғни, білім саласы несиесіне кепілдік беру және жобаларды дамыту департаментінің менеджері Қуаныш Мәулет білім саласындағы қаржыландыру жүйесі туралы мәлімдеп, жастардың жоғары оқу орнында білім алуы үшін ақша жинауға арналған депозит, студенттерге арналған несиелендіру, оның жүзеге асу жолдары, жеңілдіктері жайлы жан-жақты түсінік берді. Ал Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің сарапшысы Олжас Шохаев еліміз­дегі жоғары оқу орындарының саны, олардың сапалық құрамы, аспирантура, магистратура, докторантура бойынша гранттық негізге мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат көлемі, алдағы тың жоспарлар мен жаңашылдықтарды айтып өтті. Сондай-ақ, бұл күні «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мүшелері жергілікті халыққа, оның ішінде зейнеткерлерге, мүгедектерге, соғыс ардагерлеріне жəне шалғайда ор­наласқан ауыл тұрғындарына өз қызметтерін ұсынып, медициналық, əлеу­меттік, құқықтық көмектер көрсетті. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы