Жуырда Ақтөбе облысының Шалқар ауданына қарасты Ащыбұлақ өңірінен Сирия Республикасының азаматы қолға түсті. Полицейлер алдын ала тергеу барысында шетелдік азамат пен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Байсейіт ауылының 21 жастағы тұрғынының заңсыз аңшылық жасап жүргендігі анықталды.
«Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері далалы жерде «Мицубици пейджеро» автокөлігін тоқтатқан. Күдік туғызған жандар Шалқар аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіледі. Тәртіп сақшылары тексеру жұмыстарын жүргізіп, 48 жастағы сириялық азаматтың және алматылық жас жігіттің ешқандай рұқсат қағазсыз құс аулап жүргендігін анықтаған. Сирия азаматы елімізге жұмыс визасымен келіп, емін-еркін саятшылық құрыпты. Заңсыз аң аулап жүрген күдіктілерден полицейлер 12 жабайы көгершін мен 1 қаршығаны тәркіледі. Сонымен қатар, ұсталған сезіктілер көлігінің ішінен 13 құс томағасы мен 190 құс қамайтын тор табылды. Табиғат қорғау және ветеринарлық полиция бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, заңсыз аңшылық салдарынан мемлекетке 1 миллион 150 мың теңге шығын келген. Қазіргі таңда осы факты бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 288-ші «Заңсыз аң аулау» бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Мәди ҚУАНЫШҰЛЫ.
Ақтөбе облысы.