05 Желтоқсан, 2016

Заңсыз діни насихат әшкереленеді

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кейбір оқу, тілдерді үйрету курстарының, медициналық, қайырымдылық және басқа да құрылымдардың қызметі аясында дінді үгіттеуге талпыну фактілері тіркелген. Мұндай жағдайларда дін істері басқармалары және құқық қорғау органдары оларды жауапкершілікке тарта алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын мәлімдеді. Ол «Діни қызмет және бірлестіктер туралы» заңның толыққанды орындалуын қамтамасыз ету еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығын сақтаудың кепілі болатынын, деструктивті діни ағығмдардың жат идеяларының таралуына тосқауыл қоюға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Бүгінгі таңда бұл Заң дін саласындағы қатынастар мен діни қызметтің құқықтық негізін қалыптастырады. Оған сәйкес мемлекетімізде діни қызметпен айналысуға тек ресми тіркелген діни бірлестіктерге ғана рұқсат берілген. Заңсыз діни насихат әрекеттері құқыққа қайшы келеді және ондай насихаттаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді Б.Арын. Мысал ретінде ол кейбір оқу, тілдерді үйрету курстарының, медициналық, қайырымдылық және басқа да құрылымдардың қызметі аясында дінді үгіттеуге талпыну фактілері тіркелгенін айтты. Мұндай құқыққа қайшы келетін жағдайда дін істері басқармалары және құқық қорғау органдары оларды жауапкершілікке тарта алатынын жеткізді. «Құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және діни жиындар секілді діни іс-шаралар заңмен белгіленген орындарда еш кедергісіз өткізіледі. Бұдан басқа діни іс-шаралар әкімдіктермен келісілген жеке ғимараттарда жүргізіле алады. Барлық мешіттерде және өзге діндердің ғимараттарында өздерінің ішкі ережелері бар. Олар діннің және діни қағидалардың ерекшеліктерін ескере отырып жасалған», – деп атап өтті вице-министр. Айдар Өрісбаев, «Егемен Қазақстан».