Қазақстан 25 жыл аралығында ғасырға татитын тарихи жолдан өтті. Ел Тәуелсіздігінің арқасында өркениетті мемлекеттермен тереземіз теңесіп, экономикамыз индустриялық-инновациялық бағытта өрістеп, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Әлемдік саяси аренада егемен еліміз өзінің нақты орны мен беделін айқындады. Қысқа мерзімде ішкі-сыртқы саясатта, экономика мен халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше мемлекеттік қайраткерлігі мен дана басшылығының арқасында серпінді қадамдар жасалды. Егемен еліміз жалпы көрсеткіштер бойынша әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына енді. Ендігі міндет – озық дамыған, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан көріну. Тәуелсіз мемлекет құрудың күрделі құрылысын басқарушы Елбасы әлемдік саясатқа «Қазақстандық даму моделі» ұғымын енгізді.
Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында «академиялық автономиялық кепілдік берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс» деп көрсетілген. Зерттеу университеттерін құру қажеттілігі туралы Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен еліміздің «Білім беру туралы» және «Ғылым туралы» заңдарында нақты көрсетілген. Бұл бағдарламалар мен заңдар Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Ұлттық зерттеу университетіне жүйелі түрде трансформациялануына жол ашқан бастама болды.
2001 жылы Елбасы университетімізге Ұлттық мәртебе бергеннен кейін, 2002 жылдан бастап білім, ғылым, агробизнес интеграциясын дамытуды қолға алдық. Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану процесіне кіріспес бұрын – АҚШ, Еуропа, Азия, Тынық мұхиты мемлекеттеріндегі жетекші аграрлық зерттеу университеттері мен ғылыми орталықтарының озық тәжірибелері мен тың ізденістерін зерттеп, негізге алдық.
Ең алдымен, 2010 жылы Халықаралық жобалық менеджерлер одағымен келісімшартқа қол қойдық. Жобалық басқарудың стандарттарын қолдану арқылы Қазақстандағы университеттердің алғашқыларының бірі болып Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жұмыстарын жүйелі түрде бастап кеттік. 13 халықаралық сарапшы анықталып, олармен университетті трансформациялау бойынша 2011-2016 жылдарға келісімшарттар жасалды.
Трансформацияланудың бастапқы кезеңінде университетіміздің негізгі бағыттары бойынша бәсекеге қабілеттілікті дамыту бағыттары анықталды; мемлекет талаптарын негізге ала отырып, университетіміздің 2021 жылға дейінгі даму стратегиясы жасалды; ғылыми жобалар портфелі жасақталды; университет дамуының 5 негізгі басым бағыттары белгіленді; трансформацияланудың нақты қадамдары мен мақсаттары анықталды. Төрт жыл арнайы кесте бойынша шеберлік сабақтары, оқыту семинарлары, конференциялар өткізілді. Осының нәтижесінде 420 профессор-оқытушы құрамы жобаны басқару бойынша білім алып шықты.
Алғашқы жылдары «Агродаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумы, Қазақстан-Жапония инновациялық орталығы, академиялық мобильді модельдік орталығы ашылды. Осы жылдары университеттің 4 кафедрасы қанатқақты статус алды. Білім және ғылым министрлігі тарапынан оқу орнымызға «инновацияға бейімделген университет» статусы берілді. Университеттің «Байсерке-Агро» компаниясымен бірлескен оқу-ғылыми-өндірістік орталығы ашылды. Сонымен қатар, кейінгі жылдары университетте халықаралық стандарттар талаптарына сай кафедрадағы ұстаз-ғалымдардың кәсіби деңгейін анықтайтын рейтингтік бағалау жүйесі енгізілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы 10 ғылыми-зерттеу институтындағы университет кафедраларының филиалдарында магистрлер мен PhD докторлар дайындала бастады. Әрі қарай трансформациялану жұмыстары стратегиялық бағдарлама бойынша жалғастырылды. 2010-2014 жылдар аралығында оқу орнымыздың Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану үрдісін халыққа кеңінен түсіндіру бағытында «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» сынды республикалық беделді басылымдарда, ғылыми журналдарда 40-тан астам мақала мен сұхбат жарық көрді.
2014 жылдың қараша айында Елбасының ресми қабылдауында болғанымда Мемлекет басшысы аграрлық университеттер деңгейін көтерудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, әлемдегі аграрлық білім, ғылым және өндірістің интеграциясын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Мен Елбасына елдегі жоғары оқу орындары арасынан бірінші болып бастаған, жоғары оқу орнын аграрлық зерттеу университетіне трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, бұл жоба стратегиялық жоспарлаудың халықаралық стандарттарына сәйкес және әлемнің беделді аграрлық университеттерінің сарапшыларымен ынтымақтастық негізде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдедім.
Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан ғылым, білім және өндіріс интеграциясының тиімді механизмдері әзірленіп, Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы құрылды. 2015 жылы Үкімет қаулысымен үш жетекші аграрлық университет Білім және ғылым министрлігі қарамағынан Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағына өтті. Сонымен қатар, біздің университет жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы 100 пайыз құрайтын коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылды. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның ерекшелігі – табыс акционерлер арасында бөліске салынбайды, ол тікелей университеттің дамуына бағытталады және оқу орнының жарғысына коммерциялық қызметтің көптеген түрлерін енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, университет автономиясын дамыту, өзін өзі қаржыландыру тетіктерін іске асыру, сондай-ақ, Ұлттық аграрлық зерттеу университетін құру үшін нақты қадам болып табылады.
Құрылымдық сипаты өзгергеннен кейін, биылғы жылдан бастап оқу орнымыз зерттеу университетіне трансформациялаудың жаңа даму жолына шықты. Қазіргі таңда университетте еліміздің агрокәсіптік кешенінің заманауи даму жолына түсуіне ықпал ететін халықаралық инновациялық технологиялар зерттеу институты, ТМД мен Орталық Азияда теңдесі жоқ Агротехнологиялық хаб құрылды.
Агротехнологиялық хаб (АТХ) мемлекет-жекеменшік әріптестігі құралдарын пайдалана отырып, қысқа мерзім аралығында агробизнеске инновациялық идеялар, технологиялар мен жаңа білімдер трансфертін жүзеге асырып, республиканың аграрлық секторының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Агрохаб құрамына Қазақстан-Жапония, Қазақстан-Корей инновациялық орталықтары, Су проблемалары зерттеу инновациялық орталығы, ИИДМБ-2 аясында құрылған зертханалар, 7 ҒЗИ, мамандандырылған кафедралардың жанындағы 31 ғылыми зертхана, Жоғары фермерлер мектебі, Экстеншн орталығы, т.б кіреді. АТХ құрамындағы ұлттық инженерлік бейіндегі зертханасы бүгінде ұлттық аккредиттеуден өтіп, сараптамалық қорытындылар беру мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда барлық зертханалардың ұлттық аккредиттеуден өтуі және ИИДМБ-2 аясында құрылған зертханаларды технологиялық тұрғыдан сертификаттау бойынша дайындық жұмыстары басталды.
Агротехнологиялық хаб оқу орнымыздың ғылыми әлеуетінің өзегі болып табылады. Технологиялардың дайындық деңгейі 9-балдық шкаламен анықталады. Бірден беске дейін – ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында жүзеге асатын технологиялардың дамуын, алтыншы деңгейден жоғары қарай тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың басталуы, нақты әзірленген құралдардың технологиялық тұрғыдан жұмысқа қабілеттілігін көрсетеді.
Бизнес-инкубаторда азық-түлік қауіпсіздігін анықтап, бағалау; жер құнарлылығын қашықтықтан тексеру; «агрофуд»; жедел ветеринарлық көмек; роботты техника; агромаркетинг; қалалық жылыжай; математикалық компьютерлік модельдеу және т.б. бағыттары бойынша стартаптар құрылды. Біздің студенттер, магистранттар мен докторанттар осы бағыттар бойынша өз бизнестерін ашып, әрі қарай дамытуда. Халықаралық стандарттарға сай келетін Агротехнологиялық хаб еліміздің барлық аймақтарындағы агроөндірістік кешеннің дамуы мәселелерін шұғыл шешуге және тауар өндірушілерге жоғары нәтижелерге жетуге мүмкіндік береді.
Зерттеу университетіне трансформациялану жолында Қазақстанның алты облысында, «Оңтүстік» және «Оңтүстік-шығыс» кластері шеңберінде 450 оқу-ғылыми-өндірістік орталығы құрылды. Университет ғалымдары осы орталықтар арқылы ауылшаруашылық кооперативтерін құру бойынша қызметтер көрсетіп, АӨК барлық мәселелері бойынша ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне оқыту семинарларын өткізеді. Сонымен қатар, АТХ құрамында ауылшаруашылық тауар өндірушілердің мәселелерін талдау мақсатында стратегиялық зерттеулер орталығын құру жоспарлануда. Талдау нәтижелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне арналған стратегиялық ұсыныстар әзірленетін болады.
Қазіргі таңдағы мемлекет-жекеменшік әріптестігінің дамуы мемлекеттік бюджетке жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, алдағы үш жылға жоспарланған АТХ шығындарының көлемі 5,0 млрд теңгені құрайды. Олардың 30%-ы мемлекеттік бюджеттен, қалған 70%-ы кәсіпкер-әріптестер және жеке инвесторлар қаражатымен қаржыландырылады.
Бүгінде Корнель, Колумбия, Мичиган университеттері, НАСА (АҚШ), Вагенинген (Нидерланд) трансұлттық компаниялармен (Монсанта, Сингента) және т.б. әріптестерімізбен келісімшарттар жасалды. Бұл жерде айтатын жағдай, оқу ордамыздың зерттеу университетіне трансформациялану тәжірибесіне шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының 13 білікті ғалым оң бағаларын беріп, сарапшылық тұжырымдамаларын ұсынды.
Мемлекет жүктеген міндеттерді орындап, ауқымды жұмыстарды тиімді іске асыру аясында алдағы 9-10 желтоқсан күндері Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Еуразиялық технологиялық университеті мен Green Point Науketing агенттігінің бірлесіп ұйымдастыруымен Алматыда бірінші Орталық Азия агротехнологиялық саммиті өткізілмек. Саммит жұмысына мемлекеттік орган басшылары, шетелдік эксперттер, еліміздегі жетекші агроөндіріс мекемелері мен «ҚазАгро» Ұлттық холдингі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстанның ет өндірушілер одағы, АҚШ-тың Корнель, Мичиган, Колумбия, Швейцарияның Базель, Италияның Флоренция, Эстонияның жаратылыстану университетінің ғалымдары мен ауыл кәсіпкерлері, оқытушы-профессорлар, студенттер қатыспақ. Саммиттің қорытындысы ретінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Қазақстан Республикасы агроөндірістік кешеніне инновациялық технологиялар енгізу трансфертінің өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтеді. Онда экономиканың аграрлық секторындағы әлемдік тенденциялар мен аграрлық бизнестегі стартап жобаларын іске асыру, ауыл шаруашылығына арналған маркетинг, агроөндірістік кешенді мемлекеттік қолдау және аграрлық білім беру мәселелері талқыланбақ.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҰҒА вице-президенті, академик