Орталық коммуникациялар қызметінде Іскер әйелдер қауымдастығының «Қазақстандағы гендерлік саясат: «Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын» іске асыру нәтижелерін бағалау» жобасының қорытындысына арналған брифинг өтті.
Оған Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Раушан Сәрсембаева, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының жоба үйлестірушісі Гүлзат Темірбаева, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес АҚ төрағасы Нұрлан Өтешев пен Астана қаласы тәжірибелік психология мен психотерапия жөніндегі Еуразия институты өкілдігінің директоры Людмила Куликова қатысты.
Бұл жобаның жұмысымен Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мемлекеттік гранты аясында айналысуда. Ол «Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясының» қорытындысын бағалау, зорлық-зомбылықсыз отбасы мен елімізде әйелдерді саяси жағынан қолдау мақсатында іске асырылуда.
Баспасөз мәслихатында Раушан Сәрсембаева қазіргі кезде елімізде әйелдердің құқын қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен қауымдастықтың алдағы жоспарлары туралы ойларымен бөлісті. Ол соңғы 10 жылда нәзік жандылардың тұрмыстық жағдайы жақсарғанын, олардың құқықтарын сақтау үшін тиісті жұмыстардың жасалғанын атап өтті. Дегенмен, ол қоғамда әйелді әлеуметтік қорғау мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын, былтыр тіркелген қылмыстардың саны 65 325-ке жеткенін айтып, отбасында әйелдерді қорлауға қатысты қылмыстар тіркелетін болса, оларға заң жүзінде көмек берілу керектігін айтты.
«Іскер әйелдер қауымдастығы осы бағытта жұмыс істеуде. Сонымен бірге, біздің ұйым алимент төлемейтін ер адамдарды жауапқа тарту мәселесімен айналысып жатыр», – деді ол.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»