«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі осылай деді
Астана қаласынан бастау алған, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Оңтүстіктің шығыс қақпасы саналатын Түлкібас ауданында тізгінін тартты. Құрамында министрліктердің жетекші мамандары, сарапшылар, заңгерлер, медицина қызметкерлері бар пойызды аудан халқы көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды.
Түлкібас теміржол стансасы – алаштың қайраткер ұлы, қазақ даласына алғаш рет Түрксіб темір жолының тартылуына ұйытқы болған Тұрар Рысқұлов ашқан бекеттің бірі әрі бірегейі. Былай айтқанда, сол дәуірден қалған көзі тірі жәдігер.
Станса алаңында пойыз делегаттарына облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын жеткізіп, 25 жыл аралығында Оңтүстік жеткен жетістіктерді қысқаша түйіндеді.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі Әміржан Әлпейісов өз сөзінде бұл шараның халық пен билік арасындағы алтын көпір екендігін, ширек ғасырда Қазақстан жүріп өткен жолдардың жетістіктерін насихаттаудан бөлек, арнаулы мамандардың халықтың әлеуметтік, құқықтық мәселелерін шешуге септесетіндігін айтты. Делегаттар құрамында жеті министрлік пен үш ұлттық компанияның жауапты қызметкерлері осы мақсатқа жұмыс жасайды, деді.
Айтқандай, шағын концерттік бағдарламадан кейін олар өз жұмысына шұғыл кірісіп кетті. Әлеуметтік, құқықтық және медициналық, ауыл шаруашылығы, білім саласы сияқты өзекті мәселелер бойынша мамандар жергілікті қызметкерлермен бірлесе қоғамдық қабылдау өткізді.
Бұл пойызды күтіп жүрген халық көп екен. Аудандық аурухананың іші мен сырты толып-ақ қалыпты. Жергілікті медицина шеше алмайтын мәселе көп. Өзін Бескемпір Балғабаев деп таныстырған ақсақалдың екі азамат ұлын 2011 жылы көшеде автокөлік қағып, қашып кеткен. Бүгінде кешегі атпалдай екі азамат І топ мүгедегі. Дәретке өздігінен отыра алмайды. Екі келін төркініне кетіп қалған. Ақсақал ұлдарының дертіне шипа болар ма деген үмітпен келген.
Пойыз құрамындағылар аянып жатқан жоқ. Жергілікті жерде емдеу мүмкін еместерге республикалық клиникаларға квота мәселесін шешіп беруде.
Қоғамдық келісім кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында болдық. Мұнда да өзекті мәселелер алға тартылуда. Мәселен, «Келтемашат» ауылының тұрғыны Әбіл Керімқұлов ақсақалдың арыз айтып, қақпаған қақпасы, ашпаған есігі қалмағанға ұқсайды. Жеке басының емес, ауылдың мәселесі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі 27 отбасы тұратын ауылдың жанынан өткенде, көлік кіріп-шығатын жол тастамай кеткен. Ауыл сыртында көпір асты мал өтетін өткел бар, адам жолы ұмыт қалған. Соның салдарынан Кершетастағы қашықтығы 3,5 шақырым мектепке оқушылар мен ата-аналары жанын шүберекке түйіп барып жүр. Жеке көліктері жоқтар такси тоқтатып амалдайды.
Пойыздағылардың қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 жылдың белестері» атты дәріс-таныстыру, «Тәуелсіздік тарихы – ұлт рухының өлшемі» тақырыбында зиялы қауым және ардагерлермен кездесу өткізілді. «Бейбітшілік және келісім» үлгісі Қазақстан бренді, «Қазақстандық біртектілік – қазақстандықтардың жеке жауапкершілік факторы» тақырыбында этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен кездесулер өткізіліп, тәуелсіздік жетістіктері айтылды.
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі Ә.Әлпейісов, Астана қаласының қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, профессор, ҚХА мүшесі Қ.Қазкенов, Парламент Мәжілісінің V шақырылым депутаты, ҚХА мүшесі Е.Каппель сияқты Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері тұрғындарды қабылдады.
Акцияның мақсаты бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен өткізілген брифингте делегаттар журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі бүгінгі қабылдау бойынша бірде-бір мәселенің жерде қалмайтындығына сендірді. Оның айтуынша, жергілікті жерде шешілуі қиын мәселелер хатталып, Қазақстан Президенті Әкімшілігіне жолданады. Әрқайсының орындалу мерзімі белгіленгендіктен, өтініш, арыз иелеріне екі жақтан да жауап қайтарылады. Салалық министрліктер мен ұлттық компаниялар көмектеседі. Ал тұрғын үй кезегін себепсіз алға жылжыту, кезектен тыс демалыс үйіне жолдама әперу сияқты өтініштер қабылданбайды. Сол сияқты, сот шешетін мәселелер де делегаттардың құзырында емес.
Аудан бойынша осы уақыттарда 1,5 мыңнан аса адам қабылдауда болып, көпшілігі қанағаттанарлық көңіл күймен шықты.
Кешқұрым ауыл жастары орталық алаңда «Менің елім – Қазақстан» тақырыбында флэшмоб өткізіп, соңы аудандық мәдениет сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған концертке ұласты.
Кеш түнге ауысқан тұста «Тәуелсіздік пойызы» Түлкібас темір жолынан киелі қала Түркістанға аттанып кетті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы